Профессионалдар: Тергеушінің тегеуріні мықты болуы керек

2 Қаңтар 2021, 10:15
4877
Бөлісу:
Профессионалдар: Тергеушінің тегеуріні мықты болуы керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сырттан тон пішу оңай. Әсіресе, сол мамандық пен қызметтің ерекшелігін білмесең. Жалпының ішінде өз ісін жанындай сүйіп, ар мен адамгершілікті, жауапкершілік пен әділдікті ту еткен қаншама жалқылардың барын ескере бермейміз. Бүгінгі әңгімеміз сондай жандардың бірі туралы болмақ.

Ардың ісі

«Адам жақсы нәрсеге көп елең етпейді, тіпті айта бермейді. Мысалы, 100 шағым түсіп, оның 99-ы қанағаттандырылса, көңілі толмаған бірі ғана «жарлы» екенін айтып жар салады. Көп пікірі үшін осының өзі жеткілікті. Ал қалған 99 адамның нәтижесі үшін төгілген тер де, атқарылған еңбек те еш кетеді. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген осы.

Бұл - соңғы жиырма жылын үйден гөрі қызметте өткізген Өмірбек Бекбердиевтің сөзі.

Оның мамандығы – тергеуші. Міндеті – ақ пен қараның, кінәлі мен жазықсыздың аражігін ажырату.

Оңай емес. Өйткені адамның өміріне жауаптысың. Сенің мүлт кеткен ісің оның тағдырын өзгертеді. Жазықсызға жаза тартқызу, қылмыстыны айыпсыз қалдыру да орын алуы әбден мүмкін. Тергеушіге кәсібиліктен бұрын адамды тани алатын қасиет қажет. Жұмыс барысында көптеген әккі қылмыскермен бетпе-бет келесің. Көбі сыр бермеуге тырысады. Дегенмен өтірік айтып тұрғанын іштей сезетін қасиет қалыптасады екен адамда. Мұны интуиция десе де болады. Бірақ тергеуші, ең алдымен, айғаққа, содан кейін заңға сүйенуі керек. Одан ауытқымау ардың ісі. Содан кейін тергеушінің тегеуріні мықты болуы керек, - деп жалғады әңгімесін ол.

Оның айтуынша, тергеушінің әр күні ғана емес, әр сағатының өзі қым-қуыт оқиғамен өріліп жатады. Небір ауыр картиналардың қуәсі боласың. Ет пен сүйектен жаралған адам болған соң қатыгездікпен жасалған қылмыс, жапа шегушілердің көз жасы әсер етпей қоймайды.

Кейде істі болған адамның туыстары келіп жалынады, жылайды. Бірнеше рет сотталған жігіт болды, істеген ісін мойындап та тұр. Анасы күнде келіп көз жасын төгеді. Баласы үшін көкірегі қарс айырылған ананы көріп, өзіңінің де жүрегің сыздайды. Алайда заң бар. Және жапа шеккен тарап бар, дәлел бар. Біреудің көңіліне қарау тергеуші үшін мүмкін емес әрекет, - дейді кейіпкеріміз.

Детальға мән беру өзектілігін жоғалтқан жоқ

Өзге де салалар сияқты тергеу ісі де заманмен бірге ілгері жылжып келеді. Жаңа технологиялар мен заманауи құрылғыларды пайдалану қылмысты ашу мен айғақ, дәлелдер жинауды біршама жеңілдетті. Дегенмен тергеушінің детальға мән беруі өзектілігін ешқашан жоғалтпайды.

Мынандай бір оқиға болды. Ауылдың бір азаматы кәсіп ашамын деп қаражат жинап жүрген. Қомақты қаржы жиналып қалса да онысын үйде сақтайды екен. Бірде 8 наурызда досы хабарласып, келіншегі екеуін мерекені бірге атап өтуге кафеге шақырады. Отырыстан кейін үйіне келсе іші астаң-кестең. Ұры түскен, жинаған ақшасы жоқ. Полицияға хабарласты, келсек соқталдай азамата еңіреп жылап отыр, - деп кейіпкеріміз оқиға барысын баяндады.

Сол кезде жәбірленушіні «ақша қолдың кірі ғой, өзің аман бол» деп жұбатып жүрген досының әрекеттері күдік тудырмаса да, жүзінен шынайылық байқалмапты.

Іс тергеуге алынды. Сол периметрде болған телефон қоңырауларын тексердік. Күдігіміз расталды. Кафеге шақырып алған досы сол уақытта тағы бірнеше қоңырау жасаған. Сол арқылы қылмыстың ұйымдасқан ұрлық екені анықталды, - дейді ол.

Осылайша ұялы байланыс қоңыруларының арқасында бір қылмыс ашылған. Алайда сол технологияның дамуы қылмыстың түрленіп, күрделеніп бара жатқанана да себеп екен.

Әсіресе интернет алаяқтарына қатысты қылмыс көбейген, технология мүмкіндіктерінің көмегімен олар небір қулықтарға барады. Ең қиыны ол адам алаяқтықты әлемнің кез келген елінде отырып жасай береді. Көзге көрібейтін жаумен күрес жүріп жатыр, - дейді өзі.

Жастар қатыгез, адамдар арызқой болып барады

Кейіпкеріміз жастардың қылмысқа, бұзақылыққа баруына қазір интернет пен желідегі ойындардың әсері бар деген пікірді алға тарты.

Өйткені жастарға қазір пышақ сұға салу түк емес. Басын жара салу сөз емес. Мұның бәрі бала кезден атыс-шабыс ойындарын ойнап, агрессияға толы мультфильм көргеннен ба деймін. Өйткені жақсы отбасында тәрбиеленіп, істі болмағандардың өзі осындай қылмысқа барып жатады. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деуші еді ғой. Ата-аналар балаларының не көріп, желіде нендей іспен шұғылданып жүргеніне мән берсе екен деймін. Ол жерде өзінің құрбанын іздеген педофил де, қылмыскер де толып отыр, -дейді ол.

Өмірбек Бекбердиев жастардың қатыгездігі жанын сыздатқан бір оқиғамен бөлісті. Айтуынша, бұрын-соңды қылыс жасамаған олардың жүзінде өкініш табы байқалмады.

Орта жастағы бір азамат көлік жуу орталығын ашты. Оған жастарды жұмысқа алған. Бірде сол жердегі екі жас клиенттердің бірімен сөзге келіп, ұстасып қалады. Көлік жуушының бірі клиенттің басын бөтелкемен ұрып, ол жігіт көз жұмады. Сол уақытта көлік жуу орталығының иесі келіп қалған. Полицияға хабарласуға дәті жетпей, қайтыс болған жігітті қапқа салып қала сыртына шығарып тастауға көмектескен. Алайда екі күннен кейін болған жайтты айтып, кәнісін мойындап полицияға өзі келеді. Сонда әлгі орта жастағы азаматты мазалаған ар азабы екен. Екі күн ұйқы мен күлкіден айрылған. Жігіттің өліміне себеп болған екі жастың көзінен де, сөзінен де ондай азапты байқай алмай таңғалғаным бар. Тап солай болуы керектей, өзі кәнәлі деп міз бақпады, - дейді ол.

Ол ауылдарда да жақсы дәстүрлердің үзіліп, көңілдің емес, қалтаның қамын күйттеп кеткендердің көбейіп кеткеніне налиды.

Бұрын ауылда жастар шекісіп қалатын. Бірақ пышақ сілтеу, атып кету деген дүние ойларына келмейтін. Қатты кетіп, бас жарылып, көз шықса ақсақалдар екі тарапты мәмілеге шақырып, татуластыратын. Ал қазір денесіне бір сызат түсс де материалдық өтемақы талап ету үшін арыз жазатындар көп. Қалада ғана емес, ауылда да осы жағдай. Көздегені арыз жазу арқылы ақша өндіру. Жақсы дәстүрлерді сақтай алмағанымыз, ұлттық тәрбие тінінің үзіліп бара жатқаны өте өкінішті. Осы мәселеге мән берсек қылмыс та азаяр еді. Кең сахараны мекен еткен бабаларымыз абақты салмағанын, тентектерін тезге өздері салып отырғанын қазір ұмыта да бастадық, - дейді ол.

Менің емес, әкемнің арманы еді

Өмірбек Бекбердиев өзінің осы салаға қалай келгені туралы да әңгімелеп берді. Тергеуші болу өзінің емес, әкесінің арманы екен. Әкесі үнемі балам тергеуші болады деп құлағына құйып келіпті.

Қызық деймін, көбі жалпылап милиция дейді, ол кездегі атауы солай ғой. Ал әкем тергеуші боласың дейтін. Өзінің бұл салаға қатысы да жоқ. Қарапайым шаруа адамы. Құдай ауызана салып тұр ма, әкенің тілегі қабыл болды. 1998 жылы КазНУ-дің заңгерлік факультетін аяқтап, жұмысқа орналаспақ болдым. Бастапқыда мені учаскелік инспектордың көмекшісі етіп алмақ болған. Алайда дәл құжатқа қол қоямын деп тұрғанда «анықтаушының орны босап жатыр, дереу адам керек, бола аласың ба» деген ұсыныс түсті. Осылайша анықтаушыдан тергеушіге дейігі жолды жүріп өттім. Қазір жастарды тәрбелеп жатқан жайымыз бар, - дейді ол.

Бүгінде Өмірбек Бекбердиев Шымкент қалалық Полиция департаментінің Тергеу басқармасы басшысының орынбасары, полиция полковнигі.

Ішкі істер саласындағы қызметі оның өмірлік ұстанымдарына да әсер етпей қоймаған.

Баларымды әрқашан сақ болуға тәрбиелеймін. Тәртіпке бағынуды дәріптеймін. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзді жиі айтамын, - деп аяқтады әңгімесін ол.


Өзгелердің жаңалығы