Профессионалдар. Ұшқыш

28 Қаңтар 2021, 10:30
9902
Бөлісу:
Профессионалдар. Ұшқыш
Сұхбат PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұшқыш – аса жауапкершілікті талап ететін қиын да қызық мамандық. Әуеде өзіңнен әлдеқайда үлкен қанатты темір тұлпарды бағындыру әйел баласына ғана емес, ер азаматтарымыз үшін де оңай іс емес.

Осы мамандықтың қыр-сырымен танысу мақсатында «Air Astana» әуекомпаниясы Embraer ұшағының екінші ұшқышы 27 жастағы Қымбат Артықбаймен әңгімелестік. 

Тілші: Сәлеметсіз бе, Қымбат ханым?! Ең алдымен неліктен бұл мамандықты таңдағаныңыз туралы айтып бересіз бе?

Қымбат Артықбай: Сәлеметсіз бе! Мектепті бітіретін жылдары кез келген түлек өзінің болашақ мамандығы туралы ойлана бастайды. Мен де солардың қатарында болдым. Авиация саласы мен үшін ең қызықты және ерекше болып көрінетін. Қазір де сондай ойдамын. Таңдауымның себебі де осы. Балалық арман емес, еліктеушілік те емес, тек шынайы қызығушылық.

Тілші: Алғашында ата-анаңыздың тарапынан қарсылық болмады ма?

Қымбат Артықбай: Қуанышқа орай, менің ата-анам әр басқан қадамымды тек қолдап келеді. Сондықтан бастапқы кезде де, кейін де қарсы болған емес. Сол үшін ата-анама алғыс білдіремін. Өйткені көбісі ұшқыш мамандығы тек ер жігіттерге арналған деп ойлайды.

Профессионалдар. Ұшқыш

Тілші: Авиация саласында жүргеніңізге көп болды ма? Осы кезге дейін қанша рет ұштыңыз?

Қымбат Артықбай: Ұшқыш болмай тұрып, тек жолаушы ретінде ұшқанмын. Қазіргі кезде ұшқыш ретінде екі жылда әуеде 1200 сағат болдым. Бұған дейін екі жылдай авиадиспетчер қызметін атқардым.

Тілші: Қай жерде білім алдыңыз?

Қымбат Артықбай: Жоғары білімді Алматы қаласындағы Азаматтық Авиация Академиясында авиадиспетчер мамандығы бойынша тәмамдадым. Ал ұшқыш мамандығына Ab-initio бағдарламасы бойынша Испанияда, Flight Training Europe мектебінде оқыдым.

Тілші: Қанша тіл білесіз? Мектепте қай пәндерге көбірек көңіл бөлу керек?

Қымбат Артықбай: Мен өзім үш тілде сөйлеймін, қазақ тілі – ана тілім, қосымша орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлеймін. Тіл білу керек. Міндетті түрде. Өйткені сабақтың бәрі ағылшынша өтеді. Халықаралық тіл болғандықтан жұмыста ағылшын тілін жиі қолданамыз, құжаттар ағылшын тілінде толтырылады. Одан бөлек радиобайланыс та ағылшын тілінде. Белгілі бір уақыт аралығында тіл деңгейін анықтау үшін тест тапсырып отырамыз. Негізі мектеп қабырғасында математика, физика пәндерін тереңірек оқу керек. Ағылшын, математика және физика, осы үш пән – негізгі іргетасы.

Тілші: Авиацияға түсу үшін қандай талаптарды орындау керек?

Қымбат Артықбай: Ұшқыш болам деген адамдар 3 этап бойынша сыналады. Біріншісі – SHL емтиханы, онда болашақ мамандар математика және логикалық тапсырмаларды орындайды. Екінші этапта ойлау қабілетіңіз, психофизикалық қабілеттеріңіз бағаланады. Білім сынағынан өтсеңіздер, сыртқы сарапшылар мен авиокомпания өкілдерімен сұхбаттасу кезеңіне жетесіздер. Жалпы, ұшқыш болғысы келетін жастарға Аb-initio бағдарламасының талаптары туралы Air Astana компаниясының сайтынан танысуға кеңес беремін. Сайтта тек қана ұшқыштар емес, басқа да мамандықтар туралы жазылған. Ізденімпаз болыңыздар.

Тілші: Ал сізге қай этаптан өту қиынырақ болды?

Қымбат Артықбай: Мен үшін ең қиыны соңғы кезең - сұхбаттасу болды. Себебі өткен кезеңдерде сен тек өзіңнің біліміңді сынайсың. Компьютермен бетпе-бет сұрақтарға жауап бересің. Ал сұхбаттасуда сенің білімің емес, қабілеттілігің сыналады. Тосыннан сұрақтар қойылғанда, мүдірмей жауап беру керек.

Тілші: Жұмыс барысында, яғни әуеде болған кезіңізде тосын оқиғалар орын алды ма?

Қымбат Артықбай: Негізі тәжірибем көп емес, бірақ мүлдем аз деп айта алмаймын. Қуанышқа, бәлкім, өкінішке қарай, мұндай оқиғалар болмады. Ал ауа райына байланысты сұрап тұрсаңыз, біз үшін ол ерекше оқиға емес, ол – қалыпты нәрсе. Ауа райы нашарлап кетсе, онда рейс тоқтатылады. Егер сол уақытта әуеде болсақ, шұғыл түрде алдын ала әзірленген қосымша аэродромға қонамыз.

Тілші: Алғаш рет қандай ұшақпен ұшқаныңыз есіңізде ме? Қандай әсер алдыңыз?

Қымбат Артықбай: Алғаш ұшқан ұшағым бір моторлы Piper Warrior болды. Кішкентай ұшақпен ұшқанда өзгеше әсер аласың. Алғаш рет инструкторсыз жалғыз ұшқанда, қуаныш, қорқыныш, ләззат пен толқу сияқты аралас сезімде болдым.

Профессионалдар. Ұшқыш

Тілші: Барлық салада білікті қыздар қауымы жұмыс істейді. Осы салада қыз баласы ретінде қиындықтар немесе артықшылықтар кездесті ме?

Қымбат Артықбай: Осы салада көпшілігі жігіттер болғанымен, жұмысқа деген көзқарас бір. Барлығымыз бірдей жұмыс істейміз. Қыздарға деген артықшылықтарды немесе карьерада қиындықтарды байқамадым. Менің әйел әріптестерім аз. Бұл тек бізде ғана емес, бүкіл әлемде солай секілді. Жұмыстағы қиындық емес, бұл жерде ұшқыш мамандығы ер жігіттерге арналған деген түсінік көп рөл ойнап тұр деп ойлаймын. Негізі шын ниетімен қалаған адам мақсатына қол жеткізеді және оған қазір мүмкіндіктер де жетерлік.

Тілші: Ұшақта отырып не ойлайсыз? Әдетте жолда адам көп нәрсені ойлайды емес пе?!

Қымбат Артықбай: Ұшар алдында ұшақты дайындаумен айналысамыз. Сондықтан көп ой келе бермейді. Бар назарым жолда болады.

Тілші: Болашақ ұшқыштың бойында болу керек қасиеттер...

Қымбат Артықбай: Жауапкершілік пен зеректік деп айтар едім. Сырттан әдемі картина сияқты болып көрінгенімен, ұшқыш болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ұшаққа кірген сәттен бастап жүздеген жолаушының өмірі біздің қолымызда екенін естен шығармау керек. Кез келген мәселені шешуде ақыл ғана емес, жолын, ыңғайын таба білу маңызды. Адамдар әртүрлі болғандықтан ұшақта түрлі оқиғалар орын алуы мүмкін, оны болжап, біле алмайсың. Аспанда әр секундтың мәні зор. Берілген ақпаратты тез ұғып, жылдам әрі дұрыс шешім қабылдауда зеректік керек деп ойлаймын.

Тілші: Ұшқыш мамандығының біз білмейтін беймәлім тұстары бар ма?

Қымбат Артықбай: Адамдардың басым көпшілігі біле бермейтін ақпараттармен бөлісейін. Мысалы бір типті ұшаққа отырған ұшқыш басқа ұшақпен ұшпайды. Біздің әуекомпаниямызда ұшақтың үш түрі бар: Airbus, Boeing және Embrarer. Яғни, ұшқыш оқу барысында үйренген ұшақ типін ғана басқара алады.

Өздеріңіз білесіздер, авиацияда жұмыс істейтін адамдардың денсаулығы қатаң қадағаланады. Белгілі бір уақытқа дейін әр рейстің алдында бүкіл экипаждың пульс, қан қысымын қарап, денсаулығына тексеріс өткізетін. Қазір кез келген уақытта рейске дейін де, рейстен кейін де алкоголь және есірткі бойынша аяқ астынан тест жүргізіле салады. Егер бұрыс нәтиже көрсетсе, жұмыстан шығарып жіберуі әбден мүмкін. Алайда жұмыс барысында ондай оқиғалардың орын алғанын өз басым естімедім.

Сонымен қатар ұшқыштарға бір айда және бір жыл ішінде ұшу сағаты бойынша шектеулер бар. Бұны жоспарлау бойынша бөлім реттейді. Орташа есеппен айына 80-90 сағаттай әуеде боламыз. Әрине күніне ұшу уақытын да тексеріп отырады. Мысалы Мальдив аралдарына ұшу Алматы мен астананың арасына қарағанда едәуір ұзақ. Әуекомпания экипаж қызметкерлерінің жолға жақсы демалып шығуын қамтамасыз етеді.

Профессионалдар. Ұшқыш

Тілші: Сізде қандай қорқыныш бар?

Қымбат Артықбай: Жұмысым жайлы қорқыныш туралы айтып жатсаңыз, ондай жоқ. Себебі ұшақ - ең қауіпсіз транспорт түрі, мұнда төтенше жағдайлар аз болады.

Тілші: Соңыңыздан ерген ұшқыш болғысы келетін ізбасарларға қандай кеңес бересіз?

Қымбат Артықбай: Шынайы ынтасы бар қыз-жігіттерге айтарым, қорықпаңыздар, өз күштеріңізді сынап көріңіздер. Мақсаттарыңызға адал болып, оқып-үйренуден жалықпаңыздар.

Тілші: Әлемдегі COVID-19 індеті жұмысыңызға қалай әсер етті?

Қымбат Артықбай: Бұл жағдай тек авиация саласы үшін ғана емес, барлық дүниежүзі халқына оңайға соқпады. Пандемия басталғалы ұшақтың ұшуы бірнеше есеге азайды. Көп компания бұл жағдайға төтеп бере алмады. Авиация саласының қалпына келуі үшін көп уақыт кетуі мүмкін. Соған қарамастан, біз қазір ақырындап бұрынғы жұмыс қарқынына қайта оралудамыз.

Тілші: Әртістер Оскар алғысы келеді, ал сіз үшін ең биік белес қандай?

Қымбат Артықбай: Келесі жетістігім - ол әуе кемесінің командирі болу.

Тілші: Мақсатыңызға жетуіңізге тілектеспіз, сұхбатыңызға рақмет!
Раушан Арманқызы

Өзгелердің жаңалығы