Психолог: Кибербуллинг – қазіргі қоғамдағы қауіпті құбылыс

17 Қазан 2020, 14:20
5308
Бөлісу:
Психолог: Кибербуллинг – қазіргі қоғамдағы қауіпті құбылыс
Сұхбат

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қиын өмірлік жағдайға тап болған балаға кім көмектеседі? Бала тәрбиесінде тепе-теңдікті қалай сақтауға болады? Осы және өзге де сұрақтарға кәмелетке толмағандарды әлеуметтік-құқықтық, психологиялық қолдау орталығының психологі Жанна Анапина жауап берді.

Тілші: Орталықтың негізгі жұмысына тоқталып өтсеңіз...

Психолог: Қоғамдық қор 2005 жылы кәмелетке толмағандарға, деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен жастарға әлеуметтік, психологиялық, құқықтық көмек көрсету, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау мақсатында құрылды. Қор сондай-ақ есірткіге тәуелді адамдарды жұмысқа орналастыру, білім беру, ақпараттық-құқықтық көмек көрсетуді жүзеге асырады. Бізде заңгер, психолог, әлеуметтік қызметкер, тәрбиеші, медицина қызметкері сияқты мамандар жұмыс істейді. Орталық тек Көкшетау тұрғындарына ғана емес, облыс бойынша көмек, кеңес және қолдау көрсетеді. Мектептер мен колледждер үшін семинарлар, тренингтер, дөңгелек үстелдер өткізіледі. Осы жылы орталықта 38 адам тұрды, оның 27-і кәмелетке толмағандар, 12-і – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары, 3-і – адам саудасы, 19-ы – қиын жағдайға тап болған жасөспірімдер, біреуі - әкімшілік құқық бұзушылық, 3-і террористік белсенділік аймағынан. Мамандар ажырасуды ресімдеу, алименттерді өндіріп алу, патронаттық тәрбие, баланың тұрғылықты жерін анықтау, көп балалы отбасылар, халықтың әлеуметтік осал топтары, мигранттар мәселесі бойынша 240 кеңес берді.

Тілші: Психолог мамандығын таңдауға не түрткі болды?

Психолог: Психолог болуға деген ұмтылыс 10-сыныпта оқып жүргенде пайда болды. Адамдарға көмектесуге және үнемі өзімді дамытуға деген ұмтылыс өмірлік қағидама айналды. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін қалалық емханада психолог ретінде тәжірибеден өттім. Жастар ресурстық орталығында жұмыс істедім. Менің ойымша, психолог мамандығы көмекке мұқтаж адамдарға ғана емес, сарапшының өзіне де көмектеседі. Әр әңгімелесуден сіз өзіңізге сабақ пен өмірлік тәжірибе аласыз. Біз кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия отырыстарына үнемі қатысамыз. Психолог ретінде полиция басқармасында кәмелетке толмағандардан жауап аламын. Онда балалар жәбірленуші, күдікті және куәгер бола алады. Жауап алынғаннан кейін профилактикалық психологиялық жұмыс жүргізіледі. Сондай-ақ, біз жасөспірімдер қатысатын сот процестеріне қатысамыз. Балаларды бақылай отырып, психолог одан әрі шешім қабылдау үшін тиісті органдарға қорытынды мен сипаттама береді. Біздің мамандар кеңес пен көмек көрсетілетін акт жасай отырып, халықтың әлеуметтік осал топтарының мекенжайлары бойынша тұрмыстық жағдайларын тексереді. Орталықта кәмелетке толмағандарға бейімделуге көмектесетін тәрбиеші жұмыс істейді. Балалар қоғамдық пайдалы қызметке белсенді тартылады. Қызметкерлер мен қамқоршылар үшін серуендеу, пикниктер және табиғат аясында сабақтар ұйымдастырылады.

Тілші: Психолог мамандар Сириядан оралған әйелдер мен балаларды өмірге қалай бейімдейді?

Психолог: Террористік белсенділік аймағындағы адамдармен ұзақ мерзімді психологиялық жұмыс жүргізіледі. Оларға біздің орталықта заңнамалық көмек көрсетіледі. 2018 жылдан бастап экстремизмге және терроризмге қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға сәйкес әлеуметтік, экономикалық, психологиялық, білім беру аспектілерін ескере отырып, жауынгерлік іс-қимыл аймақтарынан әйелдер мен балаларды реинтеграциялау және оңалту процесі жүзеге асырылды. Қордың тәжірибесі оралмандарды оңалту бойынша халықаралық озық тәжірибеге енгізілді. Біздің орталықта тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері кезінде әйелдер құқын қорғау, алимент өндіру, мүлікті бөлу, балалардың тұрғылықты жерін айқындау мәселелері бойынша психологтар мен заңгерлерден тегін кеңес алуға болатынын атап өткім келеді.

Тілші: Қазір кибербуллинг сияқты құбылыс балаларға қауіп төндіруде. Жас ұрпақты бұдан қалай қорғауға болады?

Психолог: Шын мәнінде, кибербуллинг - қазіргі қоғамдағы қауіпті құбылыс. Балалар арасында қорлау мен қорқыту бұрыннан болған. Интернеттің пайда болуымен адами қарым-қатынастың бұл түрі виртуалды ортаға көшті. «Кибербуллинг» термині пайда болды. Кибербуллинг – бұл интернетте әлеуметтік желілер, ойын платформалары немесе мессенджерлер арқылы қорқыту. Егер тиісті бағдарламаларды орнатсаңыз, тыйым салынған сайттарға кіруді шектеу арқылы ғана балаларды қорғауға болады. Ересектер балалардың мүдделері туралы білуі керек. Олармен бұл туралы көбірек сөйлескен жөн. Егер бала қиындығымен бөліссе, дұрыс тыңдап, айыптаусыз және қысымсыз көмектесу керек. Сонда балалар құпияларын ашық айтып, сенеді, эмоционалды тәжірибелерімен бөліседі. Сіз олардың өмірінде не болып жатқанын білесіз, осылайша қауіпті әрекеттерден қорғауға болады.

Тілші: Қазір ата-ана мейіріміне зәру балалар көп болғанымен, ересектер бұған назар аудара бермейтін сияқты...

Психолог: 10 баланың 7-і назар жетіспеушілік синдромымен ауырады. Көп ата-ана уақыттарының көбін жұмыста өткізеді. Балаларға заманауи гаджеттерді сатып алу немесе даму орталықтарына жіберумен тәрбие мәселесі шешілмейді. Бұдан бала зардап шегеді, агрессияға, өрескел әрекеттерге барады. Мұның бәрі назар жетіспеушілігін білдіреді. Шын мәнінде жұмысты тәрбиемен біріктіріп, балаға жақын болуға тырысуға болады. Қатал тәрбие мен еркелетудің арасындағы тепе-теңдікті сақтау керек. Балалар әртүрлі, сондықтан ең тиімді әдіс – баламен дос болу. Ынталандырып, олардың хоббиіне шынайы қызығушылық таныту қажет.

Тілші: Кореяда заңнамалық деңгейде жасөспірімдер арасындағы интимдік байланысқа тыйым салынды. Кәмелетке толмағандардың ерте жыныстық қатынасқа түсуі және ерте жүктілік мәселесіне көзқарасыңыз?

Психолог: Бұл мәселе біздің еліміз үшін де өзекті. Жасөспірімдер жыныстық тәрбиеде сауатсыз. Бұл денсаулыққа зиян келтіріп, баланың болашағына балта шабады. Біздің менталитетіміз, өкінішке қарай, балалармен осындай тақырыптарда ашық сөйлесуге мүмкіндік бермейді немесе ата-аналар ерте жүктіліктің алдын алуды түсіндіре алмайды. Жасөспірімдермен жиі сөйлесу керек, жағымсыз жағдайларды болдырмас үшін бәрін түсіндіріп, өмірде не болуы мүмкін екенін ашық айту керек. Сондай-ақ, өскелең ұрпақ заңды бұзбауы үшін қылмыстық, әкімшілік, құқықтық жауапкершілік туралы білулері тиіс.

Тілші: Қашықтықтан білім беруге көзқарасыңыз?

Психолог: Онлайн режимінде оқыту сапалы және оқудың дәстүрлі түрі сияқты тиімді деп санамаймын. Бұл баланы эмоционалды қарым-қатынастан айырады. Онлайн форматта өзімізге жеткізгіміз келетін дүниені мұқият түсіне алмаймыз. Біз бір-бірімізді естіп, көргенде үйренеміз және өзімізді дамытамыз. Сабаққа дайындық кезінде дербестік қажет. Материалды терең зерттеп, қосымша ақпарат көздерін табу керек. Әр балаға жеке көзқарас қажет. Ең бастысы - оны тұқырту емес, дамыту. Қазіргі балаларда ерте жастан психологиялық соққы, қорқыныш, уайым анықталады. Көп ата-ана балаларды ұрып-соғу арқылы «тәрбиелейді», содан жасөспірім үйден қашады, мазасызданады немесе ойымен бөліспейді. Ата-аналар баласын құрметтеуге үйренуі керек.

Өзгелердің жаңалығы