Бас жаңалықтар
Психологиялық тест. Сотталғандар үшін өмірдің мәні не?
03 Маусым 2020, 20:55 117

Психологиялық тест. Сотталғандар үшін өмірдің мәні не?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты КА-168/3 мекемесінің психолог қызметкерлері сотталғандар арасында олардың өмірге көзқарасын анықтауға арналған "Мына дүние қандай тамаша!" тақырыбында сурет байқауын өткізді. 

Карантиндік режимге байланысты, сотталғандар байқау тапсырмаларын арнайы бөлінген орында гигиеналық талаптарды сақтай отырып, жеке-жеке орындады.  

Жазасын өтеушілер арасында сурет салу байқауын ұйымдастырудағы мақсатымыз- олардың өмірге, қоғамға деген көзқарасын анықтап қана қоймай, айналасына сүйіспеншілігін арттыру, сонымен қатар, олардың ішіндегі таланттыларына қолдау білдіру. Әрине, олар аталған байқауға өте жоғары белсенділікпен қатысты. Жалпы, бұндай психологиялық байқаулар мекеменің жұмыс жоспарына сай өткізіліп тұрады, - дейді КА-168/3 мекемесінің психологиялық қамтамасыз ету тобының психологы Сәуле Сайманова.

Сайыс барысында сотталғандар өмірдің мәні – отбасымен бірге болу екендігі және ұрпақтар жалғастығы, ашық аспан мен бейбіт өмір туралы ойларын суретпен бейнелеп берді. Сонымен қатар, жаза өтеу мерзімі кезінде жақын адамдарынан қолдау болған жағдайда ғана, олардың өмір сүруге құлшыныстары артатындығын суретке түсірді.

Байқаудың қорытындылау кезеңінде, оған қатысушы сотталғандардың суреттері арнайы көрмеге қойылды. Мекеме бастығы және орынбасары, сондай-ақ, жасақ кеңесінің құрамынан тұратын комиссия тобы байқаудың шешуші сәтінде сотталғандардың суретті салу кезіндегі ойлау ерекшелігі мен бояу кезіндегі түстерді жарасымды қолдануы, орындау эстетикасына сай баға берді.

Талғамға сай салынған суреті үшін үздік танылған сотталғандар КА-168/3 мекемесінің бастығы, әділет майоры қанат Алпысбаевтың атынан "Алғыс хаттармен" марапатталып, сыйлықтар алды.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...