COVID-19. Қашықтан оқытудың тиімділігі 100% деп айтуға келмейді – сарапшы

14 Мамыр 2020, 12:25
2177
Бөлісу:
COVID-19. Қашықтан оқытудың тиімділігі 100% деп айтуға келмейді – сарапшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. COVID-19 індетінің білім саласына тигізген әсері туралы Орталық Азия бойынша Дүниежүзілік банктің адами капитал жөніндегі бағдарламалар басшысы Сусанна Айрапетян онлайн брифинг барысында айтып берді.

Сусанна Айрапетянның айтуынша, індет денсаулық пен білім беру саласына кері әсерін тигізіп жатыр.

Кез келген елде экономикалық өсімнің екі кепілдігі бар. Оның алғашқысы бәсекелестік орта болса, екіншісі өнімді жұмыс күші. Соңғысы денсаулық пен білім деңгейімен сипатталады. Осы екі салаға коронавирус теріс ықпал етіп жатыр. Әлем бойынша вирус жұқтырғандар мен ауырғандар саны артуда. Әлемдік денсаулық сақтау ұйымы бұған, яғни ауқымды көлемдегі пациенттер санына, асқынған жағдайларға дайын болған жоқ. Ауруханалар, реанимациялық бөлімшелер, медициналық құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілуі тұрғысынан, сондай-ақ арнайы оқытылған медициналық персоналдар бойынша да дайын болмады, - дейді ол.

Оның айтуынша, індетке қарсы тұруға кедей де бай мемлекет те дайын болмады.

Бұл індетке табыс деңгейі төмен және орта мемлекеттер ғана емес, сондай-ақ табысы жоғары деңгейдегі мемлекеттер да дайын болмады. Індет эпидемиологиялық бақылау және жедел әрекет ету жүйесінде олқылықтардың бар екенін көрсетті. Мемлекеттерде ауруларды тез анықтап, оны тоқтатудың жүйесі болмады. Ал кейбір елдерде бұл жүйе бұзылғанын көрдік. Сонымен қатар ахуал қаржының жетіспеушілігінен де күрделене түсті. Жақында Харвардтың профессоры індет әлемге таралып кеткендіктен, ветеринарлық қызмет пен денсаулық сақтау саласына инвестициялар енгізу адамзат мүддесі үшін ең тиімді инвестиция болуы мүмкін деген пікір айтып еді. Бірақ бұл пікір ешбір елде еленбеді, - дейді сарапшы.

Сондай-ақ, ұзақ мерзімді әсерлер де болуы мүмкін. Кей кедей мемлекеттерде нашар тамақтану салдарынан балалардың өсуі мен оларың психикалық денсаулығын қадағалау қажет. Мемлекеттер пандемияның келесі этаптарына да дайын болуы керек. Себебі біз пандемия осы кезеңде аяқтала ма, әлде басқа фазалар мен инфекцияның басқа толқыны болатын-болмайтынын білмейтінін айтты.

Коронавирус білім жүйесіне өзгерістер де алып келді.

Сонымен қатар, індет білім жүйесіне де теріс әсер етті. Оны студенттер мен оқушылардың білім жүйесінен шығып қалғанымен бағалауға болды. 2009 жылы Румыниядағы дағдарыс білім жүйесінен шығып қалған студенттер мен оқушылардың саны 2 есеге өскенін көрсеткен. Сондай-ақ, теңсіздікке де алып келуі мүмкін. Індет салдарынан 192 елде мектептер жабылды. Бұл өзгеріс оқушылар мен студенттердің 90%-ына, яғни 1,6 млрд білім алушыға әсер етті. Көптеген мемлекет бұған тез көңіл бөліп, онлайн не теле-радио арқылы қашықтан оқуға кірісті. Бұл білім жүйесіне теріс әсер етудің алдын алуға көмектесті. Әлемде қашықтан оқытудың тәжірибесі көп емес. Сондай-ақ Орталық Азияда контент, білім беру бағдарламалары, онлайн беруге дайын оқытушылар мен осы білім нәтижелеріне негізделген бағалау жүйесінің тәжірибесі шамалы ғана, - деген пікір айтты ол.

Сарапшының айтуынша, қашықтан оқу барлығына бірдей емес. Тұрмысы төмен отбасылардың балаларында сапалы интернет пен компьютер, басқа да қашықтан оқуға қажетті құралдар болмауы мүмкін. Сондай-ақ географиялық теңсіздік те байқалады. Себебі кей жерлерде IT инфраструктура жоқ. Яғни қашықтан оқытудың тиімдігі 100% деп айтуға келмейді. Оның барлығы қашықтан беріліп жатқан білім берудің сапасына әсер етеді.


Өзгелердің жаңалығы