Бас жаңалықтар
Қатерлі ісік ерте анықталса, толық айығуға болады
15 Қазан 2019, 17:10 3453

Қатерлі ісік ерте анықталса, толық айығуға болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жыл сайын әлемде 9 млн адам қатерлі ісіктен көз жұмады. Қазақстанда 180 мың науқас есепте тұр. Сарапшылардың сөзінше, қатерлі ісіктің алғашқы сатысында ауруды толық емдеуге болады, ал үшінші және төртінші сатыларында науқастардың өмірін ұзарту ғана қолдан келеді. Қазақстандықтардың 25%-ы ғана аурудың алғашқы сатысында диагностикадан өтеді. Халықтың ақпараттану деңгейі төмен болған соң ауру дендегенде ғана дәрігердің көмегіне жүгінеді.

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында басталған Дүниежүзілік онкологиялық саммитке әлемнің 80 елінен онкология саласындағы 350 көшбасшы онкологиялық ауруларға қарсы күрестің тың тәсілін іздеу мақсатында жиналды. 

Иордания ханшайымының Қазақстанға келу себебі неде?

Саммиттің құрметті қонағы – Обырды бақылау жөніндегі халықаралық одақтың президенті (UICC), Иордания ханшайымы Дина Майред ұлының ауруы осы салаға назар аудартқанын айтты. 

"2002 жылы онкологияға байланысты жағдай жақсы болмады. Сол себепті біз де Қазақстан секілді науқастарымызды басқа елдерге емделуге жібердік. Отбасымда осындай жағдай болды. 1997 жылы ұлым лейкемиямен ауырып, шетелде емделуге тура келді. Ұлымды АҚШ-қа, Англияға жіберген соң онкологиялық қызмет бойынша қор құрылды. Сол кезде командамызда бізде "Машина, құрал-жабдық, онкологтар бар, бірақ неге әліге дейін адамдардың өмірін құтқара алмаймыз?" деген сұрақ туындады. АҚШ-қа барып балалар онкологиялық емханасын көргенде елімізде барлық нәрсе барын, бірақ менеджмент, ұйымдастыру жағы кемшін екенін түсіндім. Тіпті бай ел болсаң да, онкология саласында менеджмент пен ұйымдастыру болмаса әрі қарай іс алға баспайды. Сол себепті негізгі міндет табысы аз елдерге барып дұрыс менеджмент туралы айту болды. Кез келген елдегі онкология орталығында сапа, қауіпсіздік болуы керек. Ұлым қазір 24-те, денсаулығы жақсы", - дейді Иордания ханшайымы. 

Ол кез келген саммитте үздік сарапшылардың білімімен, тәжірибесімен алмасу маңызды екенін айтты. Саммиттен соң мамандар өз елдерінде қандай да бір қадам жасап, әрекеттер жоспарын енгізсе дейді. 

UICC бас атқарушы директоры Кэри Адамс жыл сайын әлемде 18 млн адамнан қатерлі ісік анықталса, 9 млн адам осы аурудан көз жұматынын айтты. Қаза тапқандардың 70%-і дамуы төмен елдерге тиесілі. 

"Азия елдерінде онкологиялық аурулар деңгейі артып келеді. Қазақстан мен басқа елдердің үкіметі қызығушылық танытып, онкологияға көптеп инвестиция салып жатыр", - деді Адамс. 

Елімізде қатерлі ісікпен күрес қалай жүргізіліп жатыр?

ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2018 жылы онкологиялық аурулармен күрес бойынша Үкімет деңгейінде төрт жылдық кешенді жоспар әзірленіп, оны жүзеге асыруға 35,1 млрд теңге бөлінгенін айтты. Осының аясында әйелдер мен ерлерге арналған тексеру кабинеттерінің саны 539-дан 1284-ке жеткен. Сондай-ақ, мамандандырылған бес радиациялық онкология орталығы, иммуногистохимия лабораториясы ашылды. Онкологиялық орталықтар диагностикалық құрал-жабдықтармен жабдықталып, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер енгізілді.

"Халық арасындағы ақпарат әлі де төмен болып отыр. Ел тұрғындарының тек 25%-і ғана онкологиялық ауруларға қарсы скринингтен өтеді, демек обыры бар пациенттердің 23%-і онкологиялық аурулардың ерте кезеңдерінде диагностикаланады. Онкологиялық ауруларды ерте кезеңде емдеу оңайырақ. Азаматтардың өз денсаулығына деген әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, денсаулықты нығайту және ауруларды ерте анықтау бойынша жұмыстарды белсенді жүргізу қажет", - деді ведомство басшысы.

Біртанов алдағы 2 жылда ПЭТ орталықтарын ашу, ядролық диагностиканы дамыту,  телепатология және телеконсультация жүйесін дамыту, оңалтуды және паллиативтік көмекті дамыту,  дербестендірілген молекулалық-генетикалық тестілеуді енгізу, онкологияда емдеудің инновациялық әдістерін енгізу, сәулелік терапия паркін жаңарту жоспарланғанын айтты. 

"Онкологиялық қызметті қоса алғанда, жаппай денсаулық сақтау қызметтерімен қамтамасыз ету шараларын кеңейту үшін 2020 жылдың қаңтарынан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізіледі. МӘМС медициналық қызметтердің қолжетімділігін, сапасын арттыруға және бейресми төлемдерді төмендетуге ықпал етеді. Еліміз бойынша медициналық-санитарлық алғашқы көмек пен қоғамдық денсаулық сақтау деңгейінде обырмен күресті қаржыландыру көлемін  арттыру міндеті тұр. Бұл қатерлі ісіктің, сондай-ақ басқа да жұқпалы емес аурулардың алдын алуды және ерте анықтауды ынталандырады", - деді ол. 

Қатерлі ісіктен қорқудың қажеті жоқ

Қазақстанның бас онкологы, Денсаулық сақтау министрлігінің "Онкология және радиология ҚазҒЗИ" АҚ басқарма төрағасы Диляра Қайдарова мұндай саммит науқастарға көрсетілетін онкологиялық көмек сапасы мен дәрігерлердің білімін арттырып, үш күнде онкологиялық аурулардың диагностикасы мен емдеудің жаңа әдістері зерделенетінін айтты. 

"Қазақстанда онкологиялық ауруханалар Еуропа стандарттарына сай келеді. Төрт жылда онкологтар алдына үлкен міндет қойылды. Бюджеттен 35 млрд теңге профилактикаға, диагностикаға, мамандарды оқытуға, науқастарды химия-терапиядан кейін оңалту шараларына бөлінді. Ерте диагностика проблема болып отыр, себебі науқастардың 25%-ы ғана аурудың алғашқы сатысында диагностикадан өтеді. Осы бастапқы кезде науқасты 100% емдеуге болады. Мысалы, елімізде өкпе қатерлі ісігімен науқастардың 70%-ы, бүйрек қатерлі ісігімен науқастардың 90%-ы ауру дендеген кезде келеді. Қазақстан қатерлі ісікке шалдығу бойынша 48-орында тұр. Ауруға әсер ете алмасақ та, оны ерте анықтауға, алдын алу шараларына, өлімді азайтуға әсер ете аламыз. Алғашқы сатыда ауру дендейді, дегенмен оны төмендетуге болды. Ол үшін ерте дәрігерге жүгіну керек", - деді Қайдарова.

Бас онкологтың сөзінше соңғы 25 жылда Қазақстанда онкологиялық аурулардан өлім 20%-ға азайған. Жыл сайын осы ауруға шалдыққан 35 мың адам анықталады. Қазір 180 мыңға жуық адам адам есепте тұр. 20 жыл бұрын бір жылда 25 адам көз жұмса, жыл басынан бері 9 айда 14 мың адам қатерлі ісіктен қаза тапқан. 

"Біреу ауру анықталғаннан кейін бір жыл ішінде, біреу 10 жылдан кейін қайтыс болады. Жазылғандардың үлесі 52%-ды құрайды, яғни олардың бәрі аман қалып, өмір сүріп жатыр. Бес не он жылдан бері есебімізде тұр. Өлім санын азайту мен  ауруды ерте кезден анықтауға күш саламыз. Тағы да қайталап айтамын, қатерлі ісіктің алғашқы сатысында қазақстандықтарды 100% емдей аламыз, ал үшінші, төртінші сатыларда адамның өмірін ұзарту ғана қолдан келеді", - дейді басқарма төрағасы. 

Ол халықтың арасында "жаман ауру" түсінігі барын айтып, қатерлі ісіктен қорықпауға шақырды.  

"Аман қалған науқастар риза, алайда бәрі бірдей проблемалары туралы айтқысы келмейді. Науқастардың бәрі бірдей "Қатерлі ісіктен аман қалдым" деп айта алмайды. Бізде оны "жаман ауру" дейді. Онкологиялық ауруға шалдыққан 180 мың адамның 52%-ы қатерлі ісікті жеңгендер. Олар аурулары туралы тіпті отбасында да көп айта бермейді. Сол себепті біздің жағдайымызда көп адам қатерлі ісік өлімге әкелетін ауру емес екенін біле бермейді. Бұл – созылмалы ауру. Адамдар статистикадан қорқады, "рак" сөзінен одан да қатты қорқады. Ерте диагностика адам өмірін құтқарады. Халық қорқуды қою керек. Қазақстанда қатерлі ісікті емдеуге барлық мүмкіндік бар. Ол үшін жыл сайын тексерілу жеткілікті. Қатерлі ісік ауырмайды, белгілері тек 3-ші, 4-сатыларда ғана байқалады. Сол себепті біз скрининг пен профилактикалық тексеру туралы жиі айтамыз. СҚО, ШҚО, Павлодар облыстарында өкпе қатерлі ісігімен ауыратындар көп. Өскеменде өкпе қатерлі ісігін ерте анықтау пилоттық жобасы жасалды. Тексерілген 900 адамның 25-інен осы ауру анықталды. Жобаны СҚО мен Көкшетауда жалғастырамыз", - деді Қайдарова Дүниежүзілік онкологиялық саммитте.

Оның сөзінше, бұл аурудың әлемде таралуына экологиялық фактор, мұрагерлік жолмен жалғасу, вирустар, мысалы гепатит В мен с бүйрек обырын туырады, бүгінде стресс те факторлардың бірі болып отыр. Бас онколог сөз соңында жүктілік алдында тексерістен өтуге кеңес берді, себебі кейде қатерлі ісік жүктілікпен қатар жүруі мүмкін. 

Онколог дәрігер Мұратжан Сақтағанов қатерлі ісікті емдеп жазу үшін адамдардың жауапкершілігі қажет екенін айтты. Ол үшін уақтылы дәрігерге қаралып, шағымдары болса назар аудару керек. 

"Алғашқы белгілерді айтар болсақ, отыздан асқан соң осы науқасқа шалдығу мүмкін. Профилактика есебінде созылмалы өкпе ауруларын, асқазанды тексеру керек. Әйелдер үш түрлі онкология скринингінен өтеді. Сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу, әйелдердің жатыр мойын онкологиясын анықтау және 50-ден 60-қа дейінгі адамдардың тоқ ішек пен тік ішегін тексеру жүргізіледі. Скрининг өздерінің емханаларында өтеді. 179 мың адам қатерлі ісік бойынша есеп тұр. Ауру анықталғаннан кейін бес жылдық өмір сүру деген бар. Біздің елде оның қазіргі деңгейі – 51% қана. Мақсатымыз АҚШ секілді 80%-ке жеткізу. Алғашқы сатысында анықталса науқаста толық айығу мүмкіндігі бар. Уақытында ем, операция, химия-терапияны қолдансақ болады", - дейді Сақтағанов.  

Қатерлі ісік – жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейінгі өлім-жітімі көп қауіпті дерт. Өткен жылы бұл ауру 9,6 млн адамның өмірін жалмаса, әлемде 18 млн астам адамға қатерлі ісік диагнозы қойылған. 2040 жылға қарай әлем бойынша қатерлі ісікпен ауыратын науқастар саны 30 миллионға жетеді деген болжам бар. Сондықтан Үкімет қатерлі ісіктің алдын алуға, азаматтарының денсаулығы үшін тиісті қаржы бөлуге, жаппай денсаулық сақтау қызметтерімен қамтамасыз ету үшін қазірден әрекет етуі тиіс.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...