Бас жаңалықтар
Қазақстанда қоқыс өңдеу қаншалықты тиімді?
09 Наурыз 2020, 17:31 1121

Қазақстанда қоқыс өңдеу қаншалықты тиімді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұрын елімізде Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері енгізілмей тұрғанда қайта өңдеу деңгейі 2,7% болса, ӨКМ енгізілгеннен кейін оның көлемі 14%-ға жетіп отыр.

Әлемде "жасыл экономика" трендке айналып келеді. "Тас дәуірі тастың таусылғандығынан аяқталған жоқ" деген қанатты сөз бар. Сол секілді "жасыл экономикаға" адамзат қазба байлық біткеннен көшіп жатқан жоқ. Бұл заман талабы. Әрі-беріден соң, экологияны сақтауға да пайдасы бар. Осы ретте қоқысты өңдеп, оны кәдеге жаратып жатқандар бар. Біздің елде бұл жұмыспен айналысып жүрген, кейбір бейресми ақпарат көзіне сүйенсек, артында өте ықпалды адамдар тұрған ұйымның бірі "Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) операторы". Құрылғанына көп болмаса да, бұл ұйымның "ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс" болып тұр.

Қазақстанда өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелері қағидасы енгізілгеннен бастап "ӨКМ Операторы" ЖШС басшысы қызметін Светлана Коротенко атқарды. Ал былтыр қараша айында директор қызметіне ҚР экология министрлігінің қалдықтарды басқарудағы мемлекеттік саясат департаменті басшысының міндетін атқарған Медет Құмарғалиев тағайындалды.

Алғашқы көрсеткіштер

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "жасыл экономикаға" көшу жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу көлемін кемінде 40 пайызға жеткізу керек. Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері енгізілмей тұрғанда қайта өңдеу деңгейі 2,7% болса, ӨКМ енгізілгеннен кейін оның көлемі 14% құрапты.


Ендеше, "ӨКМ Операторы" ЖШС директоры Медет Құмарғалиев ұсынған мәліметтерді назарларыңызға ұсынамыз.

Біз қалдықтарды жинайтын, өңдейтін немесе қайта өңдейтін субсидия алған компанияларды белсенді түрде қолдаймыз. Шынын айтқанда, біз болмасақ, оларға бұл тиімсіз болар еді! Қалдықтарды басқару және қайта өңдеу саласына субсидия қажет. Бұл – халықаралық тәжірибе. Әйтпесе, қиын. Биылғы жылы қалдықтарды жоюға 5,2 млрд теңге бөлдік. Өте көп ақша екені рас, алайда ол мемлекеттің ақшасы емес. Бұл қаржыны біз қайта өңдеу төлемдері арқылы жинадық. "ӨКМ Операторы" ЖШС құрылған 2016 жылдан бастап, елімізде 60 жаңа өңдеу кәсіпорны ашылған. 2 мыңға жуық жұмыс орны пайда болды. Қызмет аясын кеңейткен, қарқынын арттырған кәсіпорындар бар, - дейді Медет Құмарғалиев.

Жаңа жүйені енгізу компанияның сатып алу қызметін жоспарлы цифрландырумен, тендерлердің ашықтығын арттырумен, сондай-ақ тауарларды және қызметтерді жаңа жеткізушілерді тарту қажеттілігімен байланысты. "ӨКМ Операторы" сатып алу лоттары Mp.kz электрондық сауда алаңында ұсынылған. Бұл жүйедегі сауда-саттық мемлекеттік сатып алу порталына ұқсас. Осы қызметтерге "ӨКМ Операторы" 5,2 млрд теңге бөлді. 232 мың тоннадан астам қалдыққа тендер бөлініп отыр. Оған сондай-ақ жинау, тасымалдау, өңдеу және жою қызметтері кіреді. 35 мың тонна пайдаланылған шиналарды, 40 мың тонна пайдаланылған автомобиль майларын, 20 мың тонна пайдаланылған батареяларды, 7 мың тонна антифриз қалдықтарын жинау, 130 мың тоннадан астам қаптама қалдықтары бар.

Керексіз көлікті қалай кәдеге жаратуға болады?

Өндірушілер мен импорттау­шылардың кеңейтілген міндетте­ме­лері қағидасы енгізілгелі бері қазіргі кезде "ӨКМ операторы" автокөлік құралдары мен оның құрамдас бөліктерін жинауды, тасымалдауды, өңдеуді және утилизациялауды жүзеге асырып жатыр. Сондықтан кез келген қазақстандықтың авто­мобилі пайдаланудан қалса, опе­ратор оны кәдеге жаратуға алып кетуге міндетті.

WhatsApp Image 2020-03-09 at 17.12.35 (1).jpeg

Осыдан 3 жыл бұрын 2017 жылы Қарағанды облысында елімізде тұрмақ, Орталық Азияда теңдесі жоқ жоғары технологиялы зауыт салынды. Жаңа технологияларды қолдану арқылы істен шыққан көлік құралдарын 90 пайызға дейін кәдеге жаратуға жол ашылды. Ескі көліктерді қайта өңдеуге қабылдау бағдарламасы (құнын төлеу және жеңілдік сертификаты) бойынша 125 мыңнан астам ескі автокөлік қабылданып, соның 104 мыңнан астамы қайта өңделді. Ал олардың экологиялық залалы 207 мың тонна шығындыдан көп. Бұл дегеніміз – Нұр-Сұлтан қаласындағы 10 ЖЭС-ті жойғанмен бірдей. Егер еліміздің даласында сол 125 мың көлік тайраңдап жүргенде осыншалықты экологиялық залал келтірер еді.

2017 жылдан бастап, жеңілдік сертификаты қолға алынған. Тозығы жеткен автокөлігіңізді тапсыратын болсаңыз, қолыңызға жеңілдік сертификатын береміз. Сол сертификатпен отандық автоөңдірушілерден жаңа экологияға сай, қауіпсіз көлік сатып алуыңғызға болады. Жеңілдік сертификатының мөлшері – 350 мыңнан 750 мың теңгеге дейін. Егер көліктің бір бөлшегі кем болса, оның құны 48 мың теңгеге бағаланады. Ақшалай түрінде 150 мың теңге беріледі.

Осы күні ескі көлікті тапсырып, ақша алатындармен салыстырғанда, жеңілдік сертификатына қызығушылық көп. Мысалы, былтыр қабылдаған 36 мың көліктің 26 мыңына жеңілдік сертификатын табыстадық. Ал 10 мыңына қолма-қол ақша ұсындық.

 WhatsApp Image 2020-03-09 at 17.12.34.jpeg

Утилизациялық алымнан 400 млн доллар ақша түскені рас па?

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі болған, "Байтақ-Болашақ" экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай "ӨКМ операторына" қатысты қоғамды дүр сілкіндірген мәліметтер ұсынған болатын. Ол ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу барысында бұл саланы мемлекеттің қолына алуды ұсын­ғанын айтқан болатын.

"ӨКМ операторын" национализациялау қажет. Меніңше, экология министрлігіне қосқан дұрыс. Сол кезде ғана аталған ЖШС-ның миллиондаған алымы мәселесін шеше аламыз. "ӨКМ операторы" ЖШС көлік пен оның доңғалағын кәдеге жаратқаны үшін жылына шамамен 400 млн доллар алатыны белгілі болып отыр. Бұл қорқынышты көрсеткіш! Небәрі 18 млн адамы ғана бар елден осынша жиналған. Мысалы, көрші Ресейде 147 млн халық бар. Ал олар 2018 жылы утилизациялық алымнан небәрі 30 млн доллар жинады, - дейді Азаматхан Әміртай.

 Мұны Медет Құмарғалиев мырза жоққа шығарып отыр. Оның айтуынша, тіпті, "ӨКМ операторы" құрылған 4 жылдың ішінде мұндай ақша түспеген.

Жылына 400 млн доллар. Бұл 160 млрд теңге болды. Ондай әңгімелер бар. Істің ақ-қарасын ашайық. Біз құрылған 4 жылға жуық жылдың ішінде бар-жоғы 220 млрд 816 млн теңге түсті. Оның ішінде 75 млрд теңге отандық автоөнеркәсіпті ынталандыру үшін жұмсалды. Ескі автокөліктерді кәдеге жаратып, ұйымдастыру үшін 36,5 млрд теңге кетті. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинап, оларды қайта өңдеуге 11,475 млрд теңге қаражат бөлінді. Оның 5,275 млрд теңгесі автокомпонент қалдықтарына жұмсалса, 6,2 млрд теңге тұрмыстық қатты қалдықтарға бағытталды. Ал 20 млрд теңге салық аударымдарына төледік, – дейді ол.
Қалдықты бөліп тастауға арналған контейнерлер көбейді

Оператордың қолдауымен 81 058 мың тонна шина кәдеге жаратылыпты. Пайдаланылған аккумуляторлардың 95% қайта өңдеуге жіберілсе, 12 782 тонна пайдаланылған көлік майлары қайта өңделген. 2016 жылға дейін Қазақстанда 5 зауыт жұмыс істесе, "ӨКМ операторы" құрылғаннан бері шамамен 7 дөңгелекті қайта өңдейтін кәсіпорын ашылған. 

Қазақстанда қатты қалдықтарды бөлек жинау біртіндеп енгізілуде. "ӨКМ операторының" қолдауымен еліміздің 10 аймағында және Нұр-Сұлтан қаласында қалдықты бөліп тастауға арналған 12 196 контейнер қойылды. Қазақстанның 14 облысында 147 қабылдау пункті орнатылып, 28 арнайы автокөлік сатып алынды. Сонымен қатар, 11 аймаққа сынапты шамдар мен батареяларға арналған 2 321 контейнер қойылған. Барлығы 2017-2019 жылдары 166 427 тонна қаптама жиналып өңделді.


Фото: дереккөз
Загрузка...