Қостанайлық шенеунік 1251 кәсіпкерге негізсіз салық салған

25 Қыркүйек 2020, 01:05
1437
Бөлісу:
Қостанайлық шенеунік 1251 кәсіпкерге негізсіз салық салған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанай қаласы әкімдігі сәулет бөлімінің басшысына қатысты тәртіптік іс қозғалды. Бұл туралы Қостанай облысы кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің отырысында белгілі болды, деп хабарлады «Атамекен» ҰКП баспасөз қызметі.

Нақты айтқанда, шенеунік 1251 қостанайлық бизнесменге негізсіз салық артуға шешім қабылдаған.

Мемлекеттік орган үстірт жұмыс атқарды. Кәсіпкерлермен жұмыс істелмеді, оларға шағымдануға мүмкіндік бермеді. Бұл жерде 1251 кәсіпкердің мүддесі қозғалып отыр. Олардың барлығы қиын жағдайға тап болды. Кейбіреулері тіпті шоттарын ашу үшін қарыздарын төледі. «Жарнама туралы» Заңның талаптары анық бұзылды. Бұған түбегейлі баға беру керек. Біз кінәлі лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі туралы мәселе қоюға тиіспіз, - деді Қостанай облысы кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Владимир Шакун.

«Атамекен» ҰКП бұл мәселе бойынша Қостанай облысының мемлекеттік қызмет істері департаментіне хат жолдады. Департамент басшысының орынбасары Ерлан Салықбаевтың айтуынша, 22 қыркүйекте Қостанай әкімдігі сәулет бөлімінің басшысына қатысты тәртіптік іс қозғалған.

Іс «Мемлекеттік қызмет туралы» заңнаманы бұзу фактісі бойынша қозғалды, шенеунік кәсіпкерлік қызметке айқын кедергі келтірді. Қазіргі уақытта қызметтік тергеу жүргізілуде. Тергеу нәтижелері 15 күн ішінде дайын болады. Сондықтан біз қазан айының бірінші онкүндігінде Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында түпкілікті шешім қабылдауды жоспарлап отырмыз, - деді Ерлан Салықбаев.

Кеңес отырысында белгілі болғандай, жақын арада Қостанайда бизнес-объектілерде тексерулер жүргізетін жұмыс тобы құрылады. Бизнес құқығын бұзуды болдырмау үшін оған Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді.

Өзгелердің жаңалығы