Коронавирус: Қызметкерлер аурухана аумағынан шығарылмайды

2 Сәуір 2020, 15:04
1819
Бөлісу:
Коронавирус: Қызметкерлер аурухана аумағынан шығарылмайды

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмолада Covid-19 инфекциясы расталған науқастардың дені Көкшетаудағы облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің инфекцияық стационарында емделуде. Аталған диспансердің бас дәрігері Қасымжан Тәшметов коронавирус жұқтырған науқастар мен қауіпке басын тіккен дәрігерлердің жағдайы туралы айтып берді. 

Тілші: Неліктен инфекциялық стационар диспансерде ғана жұмыс істеуде?

– Біріншіден, облыс орталығында арнайы инфекциялық аурухана жоқ. Екіншіден, былтыр облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері күрделі жөндеуден өтті. Әр палатада емделушілер үшін барлық санитарлық талаптар сақталған. Үшіншіден, диспансер мамандарының инфекциялық бақылау принциптерін сақтауға дайындықтары жоғары. Олар күн сайынғы қызмет барысында қатаң эпидемиологиялық режимде туберкулездің ауыр формаларымен ауыратын науқастармен жұмыс жүргізуге әбден төселген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен 45 төсек-орын бөлінді. Қажет болған жағдайда 135 төсек-орынға дейін кеңейту көзделіп отыр. Қазіргі уақытта науқастар қажетті ем алуда.

Тілші: Коронавирус инфекциясымен түскен науқастарға қандай ем жүргізілуде?

– Covid-19 белгілері пневмония, жедел респираторлы вирустық инфекцияға ұқсас болғандықтан, жеңіл формадағы науқастарға ЖРВИ профилактикасында қолданылатын препараттар пайдаланылуда. Ауыр халде түскен науқастарға басқа препараттар қолданылатын, қажет болған жағдайда реанимациялық шаралар талап етілуі мүмкін.

Тілші: Науқастардың жағдайы қалай? Ауыр науқастар бар ма? Қанша күн емделеді?

– Науқастарды емдеу мерзімі – 14 күн. Қазіргі уақытта инфекциялық стационарда 14 науқас емделуде. Ауыр белгілер анықталған жоқ, біреуінің жағдайы орташа. Барлығының ауру белгілері расталған.

Тілші: Пациенттер мен стационар қызметкерлеріне қажетті жағдай жасалған ба?

– Палаталарда 1-2 науқас жатқызылған. Әр палатада душ қабылдайтын бөлме, әжетхана бар. Жеке гигиена құралдарымен қамтылған. Пациенттер 6 мезгіл тамақтанады. Қызметкерлер де тәулік бойы осында қызмет атқаруда. Олар үшін де бар жағдай жасалған.

Тілші: Қажетті құралдар мен дәрі-дәрмек жеткілікті ме?

– Қазіргі күні медикаменттер жеткілікті. Науқастар саны артқан жағдайда өтінім берілген. Барлығы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бақылауында. Басқа медұйымдардан қосымша құралдар жеткізілуде. Бүгінгі күні стационарда 38 қызметкер жұмыс істеуде. Оның 18-і тәулік бойы жұмыс істейді. Барлығы күнделікті медициналық тексерістен өтеді.

Тілші: Жергілікті тұрғындарда медицина қызметкерлері науқастардан вирус жұқтырып инфекция тарата ма деген үрей басым. Бұған не дейсіз?

– Науқастармен тікелей байланыста жұмыс істейтін қызметкерлер күні-түні сол аумақта. Осында қонып, тамақтанады. Аурухана аумағынан шығарылмайды. Ал қалған мамандар келіп кетіп жұмыс жасайды. Бірақ күніне екі мезгіл медициналық тексерістен өтеді. Осы орайда тұрғындар болып жатқан жағдайға түсіністікпен қарап, дәрігерлерге қолдау көрсетсе екен дейміз. Ең бастысы, гигиеналық талаптарды қатаң сақтауға және үйден шықпауға кеңес береміз!

Тілші: Сұхбатыңызға рахмет!
Өзгелердің жаңалығы