Рахат Жақсыбай: Түркияда өтетін ДКО-ға көкпаршыларымыз өз атымен барады

16 Наурыз 2020, 12:26
4000
Бөлісу:
Рахат Жақсыбай: Түркияда өтетін ДКО-ға көкпаршыларымыз өз атымен барады
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биылғы жылы Ұлттық спорт қауымдастығының Күнтізбелік жоспарында әлемдігі бар, халықаралығы бар, республикалығы бар біраз жарыс қамтылған болатын.

Дегенмен, қазіргі әлемдік ахуалға байланысты бұл сайыстар тізбегіне біраз өзгерістер енгізілді. Осыған байланысты биылғы жылы өтетін жарыстарға ел спортшыларының қатысу-қатыспау мәселесі төңірегінде қауымдастықтың атқарушы директоры Рахат Жақсыбаймен сұхбаттасқан едік.

- Өзіңіз білесіз, өткен жылы Өзбекстан көкпардан ІІ Әлем чемпионатын өткізетін болған. Дегенмен түрлі себептерге байланысты қыркүйек айына жылжытты. Одан кейін биылғы жылдың наурызында өткізетіндіктерін жариялады. Қазіргі әлемдегі коронавирус мәселесіне қатысты өзгерістер бар ма, әлде өткізе береміз деп отыр ма?

- Өткен жылы Өзбекстанның "Улак көкпар" федерациясы көкпардан ІІ Әлем чемпионатын күзде өткіземіз деген. Алайда, өздеріндегі бір жағдайға байланысты биылғы наурыз айында өткізетінін хабарлаған болатын. Сол бойынша біз де жұмыстар жасап, чемпионатқа баратын құрамды белгілеп, дайындық жұмыстарын бастаған едік. Алайда Өзбекстан тарапы ресми хат жіберді. Онда коронавирусқа қатысты көкпардан ІІ Әлем чемпионаты өткізілмейтінін айтқан. Бұған дейін де ауызша хабарлаған болатын. Өздеріңіз білетіндей, қазір шекаралар жабылып жатыр. Оның үстіне, спортшылар аттарын да ала келулері керек болады.

- Қанша уақытқа дейін шегеретінін нақты айтқан жоқ па?

- Оларда да біздегі секілді жағдай. Халықаралық сайыстарын белгісіз уқытқа дейін шегеріп жатыр. Шекаралары жабылды. Бірақ нақты қанша уақытқа дейін шегерілгені белгісіз.

Бізде де халықаралық, әлемдік деңгейдегі сайыстарға қатысуды шегере тұру мәселесі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан ескертілді. Министрліктің барлық федерацияларға таратқан хаты бар. Онда министрлік жанынан құрылған арнайы штабтың шешімі бойынша бірінші жартыжылдықта коронавирус қаупі бойынша үш санатта көрсетілген (ҚР бас санитары Жандарбек Бекшиннің арнайы қаулысы бойынша – Е.Ж.) елдерге және өзге де шет мемлекеттерде өтетін жарыстарға спортшыларды жібермеуді сұраған министрлік. Осыған байланысты Ұлттық спорт қауымдастығының 2020 жылғы Күнтізбелік жоспарына біраз өзгеріс енгізілді.

Мысалы, 27-31 мамырда Жамбы ату бойынша Оңтүстік Африка елінде садақ атудан қазақ стилін қосып, үлкен жарыс өтеді. Алайда, коронавирус мәселесіне байланысты, біздің спортшылар ол жарысқа қатыспайды. Бұл жарыс та біздің Күнтізбелік жоспарымызға енгізілген болатын.

Аударыспақ пен теңге ілуден Алматы облысында Әлем чемпионатын өткізу жоспарланған. Әзірге бұл жоспар күшінде. Дегенмен, алдағы уақытта жағдайға байланысты өзгеріп кетуі де ықтимал. Маусым айына жоспарланған.

- Дегенмен ішкі жарыстар өте беретін шығар?

- Әрине. Елішілік жарыстар өте беретін болады. 27 наурыз бен 4 сәуір аралығында Шымкентте Қазақстан чемпионаты өтеді. Ол жерде көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату бойынша ел чемпионы анықталады.

Осы чемпионаттан кейін бірден әйгілі көкпаршымыз Әбілхан Дауылбаев атындағы турнир өтеді. Бұл турнир де ашық турнир түрінде өтеді. Шетелдік спортшыларды да шақырамыз деген жоспар болған. Алайда, жағдайды көріп отырсыздар. Енді Республикалық ашық турнир ретінде өтетін болады.

- Жақында Түркияға барып қайтқандарыңыздан хабардармыз. Онда өткен жылы Алматыда өткен форумның жалғасы, яғни үшінші форум өтті. Қандай шешімдер, қандай өзгерістер болды?

- Өткен айдың 22-23-і күндері Түркияның Анталия қаласында Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының ұйымдастыруымен ІІІ форум өтті. Естеріңізде болса, 2018 жылдан бері Қазақстан бұл ұйымға мүше. Биыл тұңғыш рет Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясына мүше мемлекеттердің жеке жиыны өтті. Ол ұйымға 13 елден 16 ұйым мүше болған. Яғни 2018 жылы біз ұйымға алғашқы болып тіркелсек, бізден кейін 15 ұйым қатарға қосылды деген сөз. Бұл – бірінші.

Екіншіден, осы жиын барысында 6-7 елдің осы салаға жауапты министрлерінің этноспортты дамытуға байланысты қол қою рәсімдері өтті.

Үшіншіден, айрықша атап өтуге болатын тағы бір жиын ол – көкпармен байланысты, атап айтқанда, биыл Түркияда өтеді деп жоспарланған Дүниежүзі көшпенділер ойындарындағы көкпар ойынының ережесі талқыланды. Жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Моңғолия, Ауғанстан, Венгрия және жиын тізгінін ұстаған ел – Түркия қатысты. Жиында бір ғана мәселе – Көшпенділер ойындарындағы көкпар ережесі қаралды.

Жиынның өтуіне Түркия тарапы мұрындық болды. Себебі ойынды өткізетін ел ретінде соңғы шешімд солар қабылдау керек қой. Көкпар ережесіне қатысты тағы да дауыс беру өтті. Өздеріңіз білесіздер 2019 жылы ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында да осы мәселеге қатысты жиын өтіп, арнайы шешім қабылданған болатын. Онда да осы 9 ел қатысып дауыс берген. Ол кезде де ортақ шешімге келген болатынбыз. Біз сол жиын қорытындысын негізге алдық.

- Осы жолғы жиынға Қырғызстан тарапынан кімдер қатысты?

- Түркиядағы жиынға Қырғызстан Республикасының Көкбөрү федерациясының басшысы және Қырғызстан Жогорку кенешінің депутаты Қанатбек Исаев мырза келді. Басқа да Көкбөрү федерациясына қатысты лауазымды азаматтар талқылауға да, дауыс беруге де, т.б. ресми шаралардың бәріне қатысты. Жиынға модераторлық жасаған Түркия ұлттық спорт федерациясының басшысы, Бүкіләлемдік этноспорт конференциясының вице-президенті Хакан Қазанжы жиын қорытындысын жариялады.

- Нәтиже қандай болды?

- Бүкіләлемдік "Көкпар" қауымдастығының 2019 жылғы ақпанда шығарған ортақ ережесін қабылдаймыз ба, жоқ па деген мәселе ғой, негізі. Нәтиже өткен жылғыдай – Қырғызстан тарапынан басқа елдің барлығы ақпан шешімін қабылдады. Нәтижеде, Көшпенділер ойындарында көкпар шеңберге ойналады. Түркия елі сол жиын барысында "Қыркүйек айында Бурса қаласында өтетін Дүниежүзі көшпенділер ойындары Бүкіләлемдік "Көкпар" қауымдастығы ұсынған ережемен ойнайтын боламыз" деп арнайы мәлімдеді.

- Бұған дейін "Қырғызстан мен Түркия арасында мемлекетаралық келісім болды" дегенге саятын ақпарат тараған еді...

- Иә, ақпарат болғаны рас. Бірақ ол Көкпар ережесіне байланысты емес, керісінше Көшпенділер ойындарының қатарына тағы бірнеше ойынды қосу мәселесі қарастырылған. Бірақ ол көкпар ойынының ережесіне әсер етпейді. Түркия тарапы да қандай ойындарды қосуға болады деген сұрау тастап отыр. Себеб, жоғарыда айтқанымыздай, қандай ойындар қамтылатынын, ойынның форматын, түрін ойынды өткізуші мемлекет бекітеді.

- Біздің ел қандай да бір спорт түрін қосуға ұсыныс жасады ма?

- Қазіргі кезде Көшпенділер ойындарының қатарында "Құсбегілік" жоқ. Біз әзірге осы саятшылық өнерін қосуды ұсынбақшымыз. Сонымен қатар, тағы бірнеше ойын түрін ұсынып қалуымыз мүмкін.

- Құсбегілік демекші, биыл Құсбегіліктен Әлем чемпионатын өткізу жоспарда бар еді.

- Бұл енді қысқы мезгілге жоспарланған шара ғой. Коронавирус мәселесі оған дейін жалғаса бермейтін шығар деген үмітіміз бар.

Үкіметтің бақылау кезеңі ретінде белгілеген уақыты 1 шілдеге дейін. Бізде 3-6 шілде аралығында Нұр-Сұлтан этнофест фестивалінің асында "Алтын жебе" өтеді. Бұл сайыс бойынша шетелдік спортшыларға хабарландыру беріп қойдық. Әрине, қатысушы мемлекеттер де жағдайды түсініп, біліп отыр, қандай да бір өзгерістер болып жатса, түсіністікпен қарайтынына сеніміміз мол.

- Екі жылдан бері Моңғолиядағы қандастарымыз Баян-Өлгийде аударыспақтан Азия чемпионатын өткізуді жоспарлап келеді. Биыл да өткіземіз деген жоспарлары бар екен. Дегенмен қазіргі жағдайды көріп отырмыз. Олар бұл сайыстың уақытында өтетін-өтпейтіні туралы мәлімдеме жіберген жоқ па?

- Әзірге Баян-Өлгийдегі бауырларымыз сайыс уақытының өзгеруіне қатысты ешқандай ескерту жасаған жоқ. Әзірге біздегі халықаралық сайыстар күнтізбесінде бар. Шілде айында Баян-Өлгий аймағының 80 жылдығы аясында өтетіні айтылған.

- Жалпы осы салада жүргеніңізге бірнеше жыл болды. Шетелдерде де жиі болып тұрасыз. Өзге елдердің этноспортқа деген қызығушылығы қандай?

- Түркияда өткен форумнан да байқауға болады, Мехсика да, Бангладеш те, Индонезия, Малайзия, Корея т.б. қатарлы елдерде өздерінің дәстүрлерін танып, дәстүрлеріне оралу бар. Оның өзі, көп елде жеке азаматтардың қызығушылығымен, солардың энтузиазмымен іске асады. Бізде де сондай. Бірақ біздегі ерекшелік – мемлекеттік қолдау бар. Мемлекеттік жүйемен байланыстырылған ұлттық спорттың деңгейі жоғары. Бұл бізден басқа елдерде жоқ десек те болады.

Біздің тәжірибеге өзге елдер қызыға қарайды. 2019 жылы желтоқсан айында Испанияда өткен халықаралық 51-ші "Құсбегілер" конференциясына қатыстым. Түркияда өткен Бүкіләлемдік этноспорт канфедерациясы мүшелерінің алғашқы жиынында да болдым. Осы жиындарда ұлттық спортты мемлекеттік қолдаудағы біздің елдің тәжірибесі туралы айтылды. Мысалы, қазіргі кезде Венгрия ұлттық спортты Ауылшаруашылығы министрлігінің құрамына енгізген. Солар ұлттық спортты мемлекеттік қолдаудың тетіктерін біздің елдің тәжірибесінен алып, бізбен тәжірибе алмасып отыр.

Өздеріңіз білесіздер, Венгрия өткен жылы біздің елдің көкпаршыларымен жолдастық кездесу өткізіп, тұңғыш рет "дипломатиялық кубок" тапсырды. 6 команда қатысты.

Сонымен қатар, Өзбекстан тарапы да біздің облыстардағы ұлттық спорт мектептері мен клубтарымыздың жұмыс жүйесіне қызығушылық танытып отыр.

Мұнан бөлек, мысалы Аргентинада пато деген ойын бар. Ат үстіндегі баскетбол деуге болады. Сол Аргентинаның Пато федарациясы өкілдерімен өткен жылы қыркүйекте және биыл ақпан айында Түркияда кездестік. Шымкент қаласында өтетін Қазақстан чемпионаты аясында (3-4 сәуір) Бүкіләлемдік "Көкпар" қауымдастығының конференциясын өткізу жоспарда бар. Бұл жиынға спортшылар емес, федерациялардың басшылары қатысады. Осы жиынға Аргентина тарапы да шақырылды. Олар осы Бүкіләлемдік "Көкпар" қауымдастығына кіруге ниет білдіріп отыр.

- Күнтізбелік жоспардағы елімізде өтетін шараларға оралайықшы. Жоспарға енген халықаралық сайыстардың бірі – күзге таман Алматыда өтеді деген Аламан бәйгеден І Азия чемпионаты болатын. Толығырақ тоқталып кетсеңіз.

- Жалпы, жоғарыда айтқанымдай, елімізде өтетін немесе өзге елдерде өтіп, біздің спортшылар қатысады деп белгіленген халықралық жарыстарға қатысты әзірге нақты шешім жоқ. Себебі қазіргі әлемдік жағдайды өздеріңіз де біліп отырсыздар. Сондықтан Аламан бәйгеден өтетін І Азия чемпионаты да әзірге толық шешімін тапқан жоқ.

Әрине, өтетін мезгілі күзге таман болғандықтан, жағдай өзгеріп жатса, өткізуіміз де мүмкін. Нақты ақпаратты жағдайға байланысты айта аламыз.

- Екі жылда бір рет өткізу туралы шешімге байланысты биыл "Алтын тұлпар" аламан бәйгесі Күнтізбеде жоқ. Дегенмен, одан басқа республикалық деңгейде үлкен бйге өтетін болар?

- Иә, биыл "Алтын тұлпар" күнтізбелік жоспарда жоқ. Дегенмен, өздеріңіз білесіздер, кейде іс-шаралар белгілі бір мерейтойға, түрлі жағдайларға байланысты өзгеріп отыруы мүмкін. Қазіргі жағдайда Абайдың 175 жылдық мерейтойына байланысты "Алтын тұлпар" мерейтой бағдарламасына енгізілуі мүмкін. Алайда, әзірге жағдай нақты емес. Абай тойы тамыз айына жоспарланғанын білесіздер, оған дейін әзірге уақыт бар.

- Көптен айтылып жүрген, бұған дейін де Күнтізбелік жоспарға бірнеше рет енгізіліп, өтпей келген бір шаралар бар еді. Ол – жұлдызды көкпар, аударыспақтан шоу түрінде сайыс ұйымдастыру болатын. Биыл да осы ойындар жоспарға кіріпті. Өткізуге мүмкіндік бар ма?

- "Жұлдызды көкпардың" жекелеген көріністерін өңірлер жасап жүр. Бір байқағанымыз, бұл шараларды әлі де толықтырып, пісіру керек екен. Дегенмен, көкпарға қатысы жоқ азаматтардың көкпар тартып, ат спортына, ұлттық спортқа ден қоя бастағанын байқап жүрміз. Соған қарағанда, бұл ойын да өз кезегі келгенде пісіп-жетіледі деп ойлаймын.

Ал аударыспаққа келер болсақ, жоспар бойынша 25-26 сәуірде тұңғыш рет Нұр-Сұлтан қаласындағы цирк алаңында "Қазақстан қабыланы" атты жобаны іске асырамыз ба деген ойымыз бар. Бұл республикалық жарыс, халықаралық емес, кедергілер бола қояды деп ойламаймыз. Бұл сайыста әр өңірден екі спортшыдан 32-33 қатысушы болады деген болжам бар. Абсалюттік салмақ 80 келіден жоғары болады.

- Бұрыннан аударыспақпен айналысып жүрген спортшылар қатыса ма?

- Қатыса алады. Ешкімге шектеу жоқ.

- Онда жаңағы айтып отырған абсалюттік чемпиондықты Біржан Қосалиев пен Сырым Ізбасаров, болмаса Арман Сағынбаев пен Ермек Жәпішевтің бірі алып кетеді ғой?

- Әрине, аталған жігіттердің аударыспақтың алыптары екенін білеміз. Абсалюттік салмақта қазақ күресінің мықты палуандары келіп қатысуы мүмкін, өзін дайындап, арнайы келсе. Сайыстың нақты өтетіні туралы толығырақ бір ай бұрын хабарлайтын боламыз.

- Дүниежүзі Көшпенділер ойындарына баратын көкпаршыларымыз өз аттарымен бара ма, әлде ойын өткізуші тарап ат дайындап бере ме?

- Біздің команда өз аттарымен барады. Аттарды тасымалдау мәселесі өте ұзақ уақытты қажет етеді екен. Аттардың құжаттары болуын айтпаған күннің өзінде олардың карантинге қойылуы, Ресей арқылы өтуі, т.б. деген секілді мәселелері бар. Соған қарамастан көкпаршыларымыз өз аттарымен барады. Қазіргі уақытта осы бағытта Спортты дамыту дирекциясы, Ұлттық спорт қауымдастығы, спортшылар – барлығымыз нақты жұмыстарды маусым айынан бастап қолға аламыз деп жоспарлап отырмыз. Біз өз атымызды алып баруға мүдделіміз.

Аттарды алып бару, оны алып қайту, жарыс басталғанша сол жерге жетіп, аттарды сол өңірдің табиғатына аз да болса бейімдеу барлығы оңай шаруа емес.

- Команда құрамы бекітілді ме?

- 27 наурыз бен 4 сәуір аралығында Шымкентте өтетін Қазақстан чемпионатынан кейін анықталады.

- Қазақстан чемпионаты демекші, биылғы ойында қандай бір өзгешелік бар ма?

- Биылғы жылы чемпионат жеңімпаздарынан Көшпенділер ойындарына баратын құрама жасақталатындықтан біраз өзгеріс енгіздік. Атап айтар болсам, көкпар ойыны биыл лигалық түрде өтеді. Бұл шешім өткен жылы 5 желтоқсанда өткен алқа мәжілісінде талқыланып, бекітілген болатын. Яғни 6 команда – жоғарғы-лига, қалған командалар – бірінші лига болады. Футболдың, басқа да ойындардың форматы секілді.

- Қауымдастықтың қаржы мәселесі жайлы не айтасыз?

- Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамында 6 спорттың түрі бар. Қауымдастыққа бөлінген қаржы қанша қомақты болып көрінгенімен 6 салаға бөлінген кезде шағын қаржыға айналады.

Біз қазір тікелей жұмыс істеп отырған қаржы мекемесі – министрлік жанындағы Спортты дамыту қоры. Әлі биылғы жылдың қаржысы бекітілген жоқ. Жоспарланған сайыстарымызды өткізуге қанша қаржы беретінін білмейміз. Бір сөзбен айтқанда, қаржы туралы нақты ақпарат жоқ.

- Көкпаршыларға ойын маусымы бсталған кезде жалақы төлеу мәселесі қарастырыла ма сіздерде?

- Облыстардағы көкпаршылар мектептерде спортшы-инструктор ретінде, спортшы-жаттықтырушы ретінде тіркелген. Кей облыстарда спорт клубы ретінде қаржыландырылады. Оның сыртында еліміз бойынша ұлттық спортқа негізделген 13 мамандандырылған мектеп бар. Сол мектептердің өз штаты, өз оқу бағдарламасы, облыстан бөлінетін бюджеті бар. Бұл бізге бағынышты емес. Әрқайсысы жеке-жеке. Спорттың түріне, оқушысының санына, оқытушылық құрамына байланысты жұмыс істейді. Ал жаппай көкпарда жүрген көкпаршының табысына келер болсақ, тойларда, бата көкпарларда салған салымы олардың табыс көзі. Бұл – ашық нәрсе. Командалық көкпарда көкпаршы жалақысы мектептер арқылы немесе көкпар сайыстары арқылы шешіледі.

- Өткен жылдың қорытынды жиынында ұлттық спортты мектеп бағдарламасына енгізу мәселесі қарастырылған болатын. Сол кезде бұл ұсыныс осы сала мамандары тарапынан қызу қолдау тапқан еді. Сол ұсыныс бойынша қандай жұмыстар істеліп жатыр?

- Бірден айтайын, жеке пән ретінде оқыту өте қиын болады. Қазіргі кезде Қазақ күресі федерациясы бұл мәселені пилоттық жоба ретінде жүргізіп жатыр. Солардың нәтижесін күту керек. Адамдардың қабылдауы қандай болады, мектептің мүмкіндігі қандай дегендей.

Ал жеке пән ретінде оқыту қиын болады деп отырғанымның себебі, бізге қатысты спорттардың көбі атпен байланысты болғандықтан, барлық өңірде жасау қиын. Негізі мектеп бағдарламасындағы денешынықтыру пәнінің оқулықтарында ұлттық ойындар арнайы қарастырылған. Әрине, ол теория жүзінде ғана.

Тағы да қайталап өтейін, қазақ күресінің нәтижесін қарау керек. Ол біраз жеңілдеу. Киімін алып, спорт залына кіріп, күресе беруге болады. Сонымен қатар, ол мектеп бағдарламасына да біраз ыңғайланған. Кез келген жерде ұйымдастыра беруге болады. Ал ұлттық спортқа келгенде дәстүрлі садақ атуды мектеп бағдарламасына бейімдеуге болатын секілді.

- 2021 жылы елімізде Бүкіләлемдік этноспорт фестивалі өтетіні белгілі. Осы бойынша қандай жұмыс істеліп жатыр?

- Қазіргі уақытта қандай спорт түрлерінен сайыстар өтеді деген мәселе қарастырылып, Үкіметтің қарауына жіберілді. Жақында шешімі шығып қалады деген ойдамыз.

- Жақында Qazsport телеарнасы Қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Осы отырыста ұлттық спортқа қатысты біршама мәселе көтерілгенін білеміз. Қандай шешім шығарылды?

- Qazsport бұған дейін көкпарды "Көкпар" деген бағдарлама ретінде беріп келген болатын. Биылдан бастап көкпар додасын трансляция ретінде беретін болады. Яғни, бүгін өткен көкпарды бүгіннен қалтырмай береді. Сонымен қатар финалдық ойындарды тікелей эфирден беру мәселесін қарастырып жатыр. Бұл ұлттық спортты насихаттауда да, ақпараттық жылдамдық тұрғысынан да үлкен жетістік болар еді деп ойлаймын.

- Әңгімеңізге рахмет!

 Редакциядан:

Сұқбат алынғаннан кейін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі елдегі жағдайға байланысты жақын арада өтетін спорттық шараларға белгісіз мерзімге шектеу қойді. Осыған байланысты 15 наурызда Алматы облысында өтеді деп жоспарланған Дәстүрлі садақ атудан республикалық ашық турнир және 27 наурыз бен 4 сәуір аралығында өтуі тиіс Қазақстан чемпионаты өтпейтін болды.

Айта кетейік, елімізде коронавирус жұқтырған 9 адам тіркеліп, мемлекет басшысы Қазақстанда бір ай мерзімге төтенше жағдай жариялады.

Өзгелердің жаңалығы