Реформадан кейін қандай полицейлер жұмыссыз қалады?

25 Қыркүйек 2020, 09:58
8062
Бөлісу:
Реформадан кейін қандай полицейлер жұмыссыз қалады?
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тұңғыш Президент - Елбасының тапсырмасы бойынша ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасы әзірленген болатын. Қазір жол картасы 9 басты бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Ішкі істер органында реформа қалай жүріп жатқаны жайында ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаменті директорының міндетін атқарушы Альбина Махамбетова айтып берді.

Бірінші кезекте ұйымдастырушылық-штаттық құрылымды оңтайландыру нәтижесінде ішкі істер органдарының саны 10%-ға қысқартылды. ІІМ-нің 106 құрылымдық бөлімшесі және 1 483 басшылық лауазымы таратылды. Алдымен қайталанатын және ішкі істер саласына тән емес функцияларды орындайтын бөлімшелерді, сондай-ақ артық басшы лауазымдарды жою арқылы аттестатталған 11 мың лауазымға қысқарту жүргізілді. Нәтижесінде полиция қызметкерлерінің 100 мың халыққа шаққандағы саны 471-ден 393-ке дейін азайды. Бұл орташа еуропалық деңгейге сәйкес келеді, - деді Альбина Саидғалиқызы. 

Спикер атағандай, реформа аясында жол-патрульдік полиция патрульдік болып қайта құрылды.   

Оңтайландыру нәтижесінде үнемделген қаражат 2019 жылғы 1 шілдеден бастап патрульдік полиция қызметкерлерінің жалақысын – 65%-ға, жедел қызметкерлер мен тергеушілерді – 55%-ға, учаскелік полиция инспекторлары мен ЖОО оқытушыларды – 25%-ға, полицияның қалған қызметкерлерін – 20%-ға саралап арттыруға бағытталған.   

Сондай-ақ, тұрғын үйді жалға алу (жалдау) үшін өтемақы алатын қызметкерлердің тізбесі кеңейтілді. Бұған жедел-тергеу бөлімдерімен қатар, учаскелік, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар, патрульдік полицейлер енгізілді. Ведомстволық білім беру жүйесі оңтайландырылды, полицейлерді даярлау үшін ең үздік 5 оқу орны қалды. Полицейлерді даярлауды Алматы, Қарағанды және Қостанай академиялары, Ақтөбе заң институты және Шымкент Оқу орталығы жүзеге асырады, - деді Альбина Махамбетова. 

Ол атағандай, бұл қадам ведомстволық оқу орындары жүйесін оңтайландыруға мүмкіндік беріп, штат саны және бюджеттік шығындар қысқартқан. 

Үнемделген қаражат сомасы оқу орындарының оқу-материалдық базасын нығайтуға, оның ішінде күрделі және ағымдағы жөндеу, сонымен қатар материалдық-техникалық жабдықтау үшін бағытталды. ІІМ ЖОО-да күндізгі оқыту нысанының қысқартылуына байланысты (Қарағанды академиясынан басқа), оқу және казармалық ғимараттар босады, оқу жүктемесі төмендеді, бұл білікті оқытушыларға ІІО лауазымдарына тәлімгер-кандидаттарды сапалы дайындауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. ІІМ оқу орындарында мамандандырылу енгізілді: Алматы академиясы - криминалдық полиция, Қарағанды академиясы - тергеу және жедел-криминалистикалық бөліністері, Қостанай академиясы және Ақтөбе заң институты - әкімшілік полиция үшін мамандарды даярлайды, - дейді Альбина Махамбетова. 

Сондай-ақ, ІІМ Қарағанды академиясын қоспағанда бакалавриат бағдарламасы бойынша даярлаудан бас тартты.   

Қазір азаматтық ЖОО түлектері мамандықтарына байланысты 3-6 айлық бастапқы оқыту курстарына жіберіледі. Осыған байланысты заңгерлерді, сондай-ақ түрлі бағыттағы мамандарды даярлайтын жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы 33 меморандум жасалды.Ішкі істер органдарының ЖОО-да практикаға бағытталған оқу бағдарламалары және арнайы курстар мен пәндер енгізілді, - деді ол. 

Ол атап өткендей, 2019 жылдың 20 мамырынан бастап ЖОО-дағы оқыту жаңа форматта жүргізіле бастады.   

Тағы бір айта кетер жайт, ішкі істер органдарын реформалау барысында жаңа полицей стандарты әзірленді. Жас, перспективті қызметкерлерді қызметте жоғарлатуға, оның ішінде басқа мемлекеттік органдардан және мемлекеттік емес сектордан алуға ықпал ететін жаңа біліктілік талаптары бекітілді. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, полиция қызметінің тиімділігін бағалау құқықтық статистикаға негізделген аса маңызды сан және әлеуметтік зерттеулерге негізделген сапа өлшемшарттары бойынша жүргізілетін болады. Бұл құқық қорғау органдарын қойылған міндеттерді тиімді орындауға бағыттайтын және статистикалық көрсеткіштерге ғана қол жеткізуге байланысты тәуекелдерді азайтатын бағалаудың неғұрлым теңдестірілген жүйесі, - деді Махамбетова.  

Реформаны іске асыру барысында мамандандырылған ХҚКО-да ішкі істер органдарының қызмет көрсетуі тоқтатылғанын атап өткен жөн. 

Сондай-ақ, тіркеу-емтихан бөлімдері де жойылды. Қазіргі уақытта жүргізуші куәлігін алу үшін емтихандарды қабылдауды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүзеге асырады.   

Халықпен «кері байланыс» орнату, ІІМ қызметінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету бойынша дәйекті жұмыс жүргізілуде. ХҚКО принципі бойынша қалалық және аудандық полиция бөлімдерінде 252 «Азаматтарға арналған қабылдаулар» құрылды, азаматтар осы қабылдау бөлмесінде полиция ғимаратына бармай-ақ мәселелерін шешеді. Алдағы уақытта осындай жағдайлар барлық полиция бөліністерінде кезең-кезеңмен жасалатын болады. Практикаға «Жолдағы қабылдау» атты ай сайынғы кең ауқымды акциялар өткізу енгізілді. Акция нәтижесінде тұрғындар бейресми жағдайда өз проблемаларын жедел шешуге, полиция жұмысын жақсарту бойынша ұсыныстар енгізуге мүмкіндік алды, - деді ол. 

Махамбетова ІІМ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен және азаматтық қоғам институттарымен бірлесіп, 4 біркелкі топқа бөлінген 28 іс-шараны іске асыруды көздейтін үшжақты жоспарға қол қойылғанын айтты.  

Аталған жоспар аясында жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ішкі істер органдарындағы сыбайлас жемқорлық фактілері жылдан жылға азайып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жаңдана түседі. Ішкі істер органдарында жүргізіліп жатқан цифрландыру аясында мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру 83,3%-ға жеткізілді. Жыл соңына дейін ішкі істер органдары көрсететін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру көрсеткіші 91 пайызды қамтитын болады.Қазіргі уақытта қылмыстық істерді тергеудің өзі кезең-кезеңімен электронды форматқа ауыстырылуда. Патрульдік полиция электронды планшеттер, бейнетіркеуіш, терминалдармен қамамасыз етілді. Бұл өз кезегінде хаттама толтыру уақытын қысқартып, сол жерде айыппұл төлеуге мүмкіндік береді. Бұған қоса «Жол қозғалысы туралы» Заңға түзетулер әзірленді. Бұл өзгерістерге сәйкес көлік жүргізушілеріне жүргізуші куәлігі, техникалық паспорт, сақтандыру полисі және басқа бірнеше құжатты өзімен бірге алып жүрудің қажеттігі болмайды. Бұл құжаттардың бар-жоғын тексеру ведомствалық ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылатын болады, - деді ол. 

Сондай-ақ, жергілікті әкімдіктердің қолдауымен бейнебақылау, соның ішінде жол қозғалысын интеллектуалды жүйе арқылы қадағалау дамып келеді. 

Бүгінде республика бойынша 230 мың бейнекамера жұмыс істейді. Осы бейнабақылау жүйесінің көмегімен жыл сайын 5 мыңнан астам қылмыс ашылады, 400 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіледі. Бір ғана елорданың өзінде жол ережесіне қатысты құқық бұзушылықтардың 65 пайызы бейнетіркеу құралдары арқылы анықталады. Сонымен бірге, цифрландыру аясында қылмыстық-атқару жүйесіне сотталғандардың өздерінің туған-туыстарымен бейнебайланыс арқылы сөйлесулері тәжірибеге енгізілуде. Сондай-ақ, сотталғандар электронды шағым жасау сервисі (арыз-шағымдар, өтініштер және т.б.) арқылы прокуратураға тікелей жүгіне алады. Түзеу мекемелерінде электронды дүкендер жұмыс істейді. Осы дүкен арқылы сотталғандар азық-түлік, киім-кешек, кітаптарға тапсырыс береді. Ішкі істер органдарындағы цифрландыру алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасатын болады, - дейді Махамбетова. 

Альбина Махамбетованың айтуынша, елімізде пандемияға байланысты карантин енгізілгенде де ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасын іске асыру тоқталған жоқ. 

Карантин шараларының қолданылуына байланысты халық алдындағы есептік кездесулердің саны қысқартылып, ішінара онлайн форматқа ауыстырылды. Халық алдында 6555 есептік кездесу өткізілді, бұған әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, 340 мыңнан астам азамат қатысты.Карантин шаралардын сақтай отырып, «Жолда қабылдау» бойынша 6 акциясы өткізілді, оның барысында еліміздің барлық облыстық және аудандық орталықтарында полиция, әкімшілік полиция, жергілікті және көші-қон қызметтері департаменттерінің басшылары «Азаматтарға арналған қабылдауларда», сондай-ақ «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдау алаңдарында жеке қабылдаулар өткізді. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы аясында біз жергілікті полиция қызметін реформалауға кірістік, онда құрылым да, функционалы да қайта қаралатын болады, - деді ол. 

Сондай-ақ, қазір учаскелік инспекторлардың мәртебесін заңнамалық арттыру тұжырымдамасы пысықталуда. 

Аға учаскелік инспекторлары институтын жандандырып, лауазымдық жалақыларын және лауазымы бойынша шекті арнаулы атақтарын көтеру көзделіп отыр. Учаскелік өкілеттіктерді кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады. Азаматтармен өзара диалогты арттыру мақсатында учаскелік полиция бекеттері жанынан Қоғамдық кеңестер ұйымдастыруы жоспарланып отыр. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің «сервистік» моделіне көшу үшін Қарағанды облысында өткен жылдан бастап «пилоттық» жоба басталды.Оның мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінде жергілікті қоғамдастықпен әріптестік қатынастар орнату. Алдағы уақытта осындай жобаны жүзеге асыру елордада басталады, - деді ол. 

Сондай-ақ, ол атағандай, халықпен коммуникация мәселелерінде учаскелік әрекеттердің қадамдық алгоритмдері практикаға енгізілуде. Халықпен жұмыс істеудің учаскелік дағдыларын оқыту әдістемесі әзірленуде. 

«Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Президент қаражатты қалған қызметкерлердің жалақысын арттыруға бағыттай отырып, мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері санының 25%-ын алдағы уақытта қысқартылатынын айтты. Осыған орай, ішкі істер органдарында 2020-2021 жылдары мемлекеттік әкімшілік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары қызметшілерін 10% және 15% қысқарту жоспарлануда. Әлеуметтік шиеленісті болдырмау үшін кадрлардың табиғи ауысуы кезінде бос және босаған бірліктерді қысқарта отырып, оңтайландыру кезінде «жұмсақ тетіктерді» қолдану көзделеді. Қаражат факторлық-балдық шкала негізінде әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің жалақысын арттыруға бағытталатын болады, - деп түйіндеді ол.

Өзгелердің жаңалығы