Бас жаңалықтар
Ресейге кетіп жатқан қаражат елімізде қалады. Депутат жаңа заң ерекшелігін айтты
26 Қараша 2020, 11:12 1592

Ресейге кетіп жатқан қаражат елімізде қалады. Депутат жаңа заң ерекшелігін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутаттар электр энергетикасының тиімділігін арттыруға арналған заң жобасын қабылдады.

«ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталатын заң жобасына Парламентінің бір топ депутаттары бастамашылық еткен.

Сенат отырысында осы заң бойынша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісов негізгі аспектілеріне тоқталып өтті.

Қазіргі кезде елімізде электр қуатының профициті бар. Ол 2019 жылдың қорытындысымен шамамен 3000 МВт құрайды. Сонымен қатар қазіргі уақытта маневрлік қуаттар тапшылығы байқалады. Тәуліктің кешкі уақытында жоғарылауына және түнгі уақыттарда төмендеуіне байланысты электр энергиясын біркелкі тұтынбау электр станцияларының жедел ауыспалы жұмысын талап етеді. Осыған байланысты заң жобасында генерацияның маневрлік режимі бар қуаттарды салу үшін тартымды жағдайлар жасау ұсынылады. Бұл өз мүмкіндіктерінің есебінен өндіріс-тұтыну теңгерімсіздіктерін реттеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жобаларды іріктеудің аукциондық тетігі қолданылатын болады, - дейді депутат.

Заң жобасының мақсатының бірі - әлеуетті инвесторларды ынталандыру. Осы бағытта нормалар қарастырылған.

Біріншіден, аукциондық сауда-саттық жеңімпазы бірыңғай сатып алушымен (қаржы-есеп айырысу орталығы) 15 жылдық келісімшарт жасасады. Екіншіден, бұл инвестордан аталған қызмет кепілді түрде сатып алынатынын білдіреді. Үшіншіден, электр станциясының қуатын реттеу қызметі үшін қосымша табыс алынады. Төртіншіден, аукциондық сауда-саттық іріктеу тетігінің ашықтығын қамтамасыз ететін болады, бұл инвестор үшін де өте тартымды. Бесіншіден, әкімдіктер жер телімін өздері ұсынып, станцияны жүйеге қосуды қамтамасыз етеді, - дейді Шавкат Өтемісов.

Осы іс-шаралар жүзеге асырылған жағдайда Қазақстанның электр энергетикасы жүйесінің сыртқы көздерге тәуелділігі төмендейді екен. Сонымен қатар реттеу бойынша көрсетілетін қызмет үшін бүгінгі таңда Ресейге кетіп жатқан қаражат елімізде қалады. Депутаттың айтуынша, бұл жыл сайын шамамен 10-12 млрд теңге көлемінде болмақ.


Фото: дереккөз
Загрузка...