COVID-19: Алғашқы ресейлік вакцина сынақтан сәтті өтті

12 Шілде 2020, 18:33
1545
Бөлісу:
COVID-19: Алғашқы ресейлік вакцина сынақтан сәтті өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Cеченовский университетінде COVID-19-ға қарсы алғашқы вакцина сынақтан сәтті өткізілді. Тәжірибеге қатысқан еріктілер 15 шілдеде медициналық мекемеден шығарылады. 

Бұл туралы РИА "Новости" Сеченовский университетінің Трансляциялық медицина мен биотехнология институтының директоры Вадим Тарасовқа сілтеме жасай отырып хабарлады. 

Маманның айтуынша, тәжірибеге қатысуға келіскен еріктілер ұзақ уақыт бойы оқшауланды. Оларға сырттағы адамдармен, туысқандарымен жақын араласуға шектеу қойылды. Бұл өз кезегінде олардың психологиялық ахуалына айтарлықтай әсер етті. Ең алдымен, еріктілердің эмоциялық күйзелісі басым болды. Осыған орай, оларға психолог мамандар көмек көрсетуде. Жақын арада тәжірибеге қатысушылар әдеттегі өміріне оралып, спортпен шұғылданып, оқуына барып, жұмысын жандандырады. Шығарғаннан кейін олардың денсаулық жағдайына тұрақты бақылау жасалып тұрады. 

Айта кетейік, аталмыш зерттеу кезінде еріктілерді екі топқа бөлді. Біріншісі вакцинаның бір дозасын алса, екінші топ мүшелеріне екі дозадан салынды. Вакцинациядан кейінгі алғашқы күндері дене қызуының көтерілуінен басқа негативті реакциялар байқалмады. Барлығының денсаулық жағдайы жақсы болды.


Өзгелердің жаңалығы