Республикалық жолдарды жөндеуге жергілікті жұмысшылар көптеп тартылады

21 Қаңтар 2020, 04:41
1551
Бөлісу:
Республикалық жолдарды жөндеуге жергілікті жұмысшылар көптеп тартылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында биылғы жылы автожолдарда құрылыс және жөндеу жұмыстары аяқталады деп күтілуде, деп хабарлады аймақ басшысының баспасөз қызметі.

  
Тек республикалық жолдарда қалыпқа келтіру жұмыстарының көлемі 4 есеге жуық өседі. Сондай-ақ облыстық маңызы бар жолдарды жөндеу қарқынды жүргізілетін болады. Осы жобаларда жергілікті халықты жұмысқа барынша тарту керек, деп есептейді аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.
Биылғы жылы автомобиль жолдарын салу және жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар күтілуде. Өткен жылмен салыстырғанда қаржыландыру және жұмыс көлемі 3,5-4 есеге ұлғайтылатын болады. 2020 жыл республикалық маңызы бар жолдарды қалыпқа келтіру бойынша өте маңызды болып табылады. Республикалық жолдардың 30%-дан астамын бірінші және екінші санатқа ауыстыру жоспарлануда. Жалпы жергілікті және республикалық жолдарда 4500-ге жуық жұмысшы, 3000-нан астам техника жұмылдырылады. Өңір үшін бұл жаңа жұмыс орындары мен инвестициялар. Жол өтетін жерден жергілікті кадрларды барынша тарту бойынша мердігерлік ұйымдармен жұмыс жүргізу қажет, - деді Жеңіс Қасымбек аппараттық кеңесте. 
Жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы Әсем Жүніспекованың айтуынша, облыста жол жұмысшыларын жедел тәртіпте дайындауға арналған 17 оқу орталығы бар. Оларда 11 мамандық бойынша оқуға болады: бульдозерист, төсеуші, экскаваторшы және т. б.

Облыс әкімі сондай-ақ құрылыс материалдары қорын уақытылы дайындап алуды тапсырды. Сонымен қатар құрылыс жұмыстары мен қолданылатын жол-құрылыс материалдарының сапасын қамтамасыз ету ерекше бақылауда екенін атап өтті. 

Жолаушылар көлігі және автожол басқармасы басшысының орынбасары Саят Шаймин хабарлағандай, облыста 2020 жылы республикалық және облыстық маңызы бар 1 500 шақырымнан астам автомобиль жолдарын жөндеу жоспарланған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 77%-ға жетті. Ал биыл көрсеткішті 84%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр.
"Орталық-Оңтүстік" ауқымды жобасын қоса алғанда, облыстың жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыстар жалғастырылатын болады. Новодолинка-Шахан-Молодецкое өтпелі нысанды қайта құру жоспарланған. Сондай-ақ Қарағанды-Саран-Шахтинск автожолы учаскесінде жұмыстар жалғасады. 2020 жылы "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында 50/50 паритеттік негізде жергілікті маңызы бар ұзақтығы 415 шақырым автожолдардың 20 учаскесін орташа жөндеу қарастырылған, оның ішінде Қазақстанның туристік картасына енген Қарқаралы және Ұлытау аудандарындағы объектілер бар, - деп хабарлады баяндамашы.
Биылғы жылы Осакаров, Абай, Нұра және Бұқар Жырау аудандарында 5 жаңа жобаны бастау жоспарланып отыр. "Ауыл – Ел бесігі" арнайы жобасы бойынша облыстың бес ауданындағы жеті кенттің 35 көшесіне жөндеу жұмыстары қарастырылған.

Автожолдардың ұзындығы бойынша Қарағанды облысы республикада бесінші орында. Өңір бойымен 12 441 шақырым жол өтеді, оның ішінде 2 785 шақырымы - республикалық маңызы бар, 3 462 шақырым - облыстық және 6 194 шақырым аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көшелері.


Өзгелердің жаңалығы