Риддерде өрттің салдарынан ТЖ режимі жарияланады

11 Мамыр 2021, 12:04
1998
Бөлісу:
Риддерде өрттің салдарынан ТЖ режимі жарияланады
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли министрліктер үйі алдында ШҚО-дағы орман өрті салдарынан Риддерде төтенше жағдай режимі енгізілетінін хабарлады.

Матриалдық шығынды анықтау бойынша қалалық әкімдік зардап шеккен тұрғын үй объектілерін тексеру жөніндегі комиссия құруды ұйымдастырып жатыр. Егер ШҚО әкімдігі Төтенше жағдайлар министрлігіне келтірілген шығынды өтеу туралы ресми ұсыныс жасайтын болса, онда ТЖМ мемлекеттік резервтен арнайы қаражат қарастыруға дайын, - деді ол.
Айта кетейік, өрттен зардап шеккен тұрғындар ішінен 13 адам жатақханаға, қалған 68 адам туыстарының үйлеріне орналастырылды. 
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі Риддер қаласының ауданында қалалық ауқымдағы ТЖ жариялайды, - деп мәлімдеді Талғат Уәли.
Сонымен қатар ТЖМ ресми өкілі күдіктіге қатысты журналистердің сауалына жауап берді.
ТЖМ қазіргі таңда өртті сөндіру жұмыстарына ғана араласуда, ал тергеу жұмыстары ІІМ құзыретінде. Біздегі бар ақпарат бойынша кеше өртті тұтандыруы мүмкін деген күдікпен бір азамат ұсталған. Ол туралы ІІМ толыққанды ақпарат береді, - деп айтты ол.

Еске сала кетейік, кеше Лесхоз кентінің тұрғындарынан Риддер орман шаруашылығының орталық орманшылығында шамамен 2 га алаңда құрғақ шөптің жанғаны туралы қоңырау түсті.

Сондай-ақ өрт салдарынан екі ер адамды күйік шалып, жергілікті ауруханаға жеткізілгені және бір әйелдің қайтыс болғаны туралы ақпарат таратты.

ШҚО ТЖД қауырт желі телефоны іске қосылды. Көмекке мұқтаж барлық адамдар 8(7232) 55-38-19 нөміріне қоңырау шала алады.

Мемлекет басшысының Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрттен зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз етуге қатыстып тапсырма берді.

Айта кетейік, өрт 11 мамырда таңертең сағат 7.00 шамасында сөндірілді. 

Сондай-ақ ТЖМ Риддердегі орман өртіне қатысты ресми мәлімдеме жасады.

Мәліметке сәйкес бүгін Риддер қаласы маңында қалалық ауқымдағы ТЖ жарияланады.


Өзгелердің жаңалығы