Риддердегі өрт: Экология министрлігі бір күндік жалақысын аударады

11 Мамыр 2021, 18:24
2306
Бөлісу:
Риддердегі өрт: Экология министрлігі бір күндік жалақысын аударады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қызметкерлері Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында орман өрттерінен зардап шеккендерді қолдау үшін бір күндік жалақысын аударады.

Естеріңізге сала кетейік, 10 мамыр күні «Риддер орман шаруашылығы» КММ аумағында орман өрті басталған болатын. Орман көмкерген аумақтағы өрттің шамамен алынған ауданы 310,0 га құрады. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының деректері бойынша қазіргі уақытта өрт тоқтатылды, таралуы жоқ, өрттің жиегінің ішінде толық сөндіру жүргізілуде.

Оқиға орнында 231 адам және 46 бірлік орман күзеті мен ТЖД техникасы, сондай-ақ «Қазавиаорманқорғау» РМҚК тікұшағы жұмыс істеуде.

Министрлік қызметкерлері өрттен қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейді, - делінген Экология министрлігінің хабарламасында.
Еске сала кетейік, кеше Лесхоз кентінің тұрғындарынан Риддер орман шаруашылығының орталық орманшылығында шамамен 2 га алаңда құрғақ шөптің жанғаны туралы қоңырау түсті.

Сондай-ақ өрт салдарынан екі ер адамды күйік шалып, жергілікті ауруханаға жеткізілгені және бір әйелдің қайтыс болғаны туралы ақпарат таратты.

ШҚО ТЖД қауырт желі телефоны іске қосылды. Көмекке мұқтаж барлық адам 8(7232) 55-38-19 нөміріне қоңырау шала алады.

Мемлекет басшысының Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрттен зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз етуге қатыстып тапсырма берді.

Айта кетейік, өрт 11 мамырда таңертең сағат 7.00 шамасында сөндірілді. 

Сондай-ақ ТЖМ Риддердегі орман өртіне қатысты ресми мәлімдеме жасады.

Мәліметке сәйкес бүгін Риддер қаласы маңында қалалық ауқымдағы ТЖ жарияланады.

Кейіннен ШҚО-дағы өрт бойынша күдіктінің ұсталғаны хабарланды.

Өзгелердің жаңалығы