Өрт кезінде адамдарды құтқарған рудныйлық полиция қызметкерлері марапатталды

19 Қыркүйек 2020, 11:50
1551
Бөлісу:
Өрт кезінде адамдарды құтқарған рудныйлық полиция қызметкерлері марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Рудный полиция қызметкерлері өрт кезінде адамдарды құтқарғаны үшін марапатталды. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады. 

Рудный қаласы полиция бөлімшесінің үш полиция қызметкері 27 тамызда өрт шалған көп қабатты үйдің тұрғындарын эвакуациялап, ерлік көрсетіп, батылдық пен ержүректік танытқаны үшін марапатталды. 

Оқиға орнына алдымен Рудный қаласының Полиция басқармасының қызметкері учаскелік инспектор Арман Ақбергенов жеткен. Ол бірден өрт сөндірушілер мен полицияны шақырған. Полицейлер Ленин көшесіндегі үйдің балконынан өрт шыққаны туралы хабарлама алады. Аталған мекенжайда кіреберіс түтінге оранып, тұрғындардың далаға шыға алмай тұрғаны белгілі болады. Бірақ бір сағаттың ішінде барлық тұрғындар эвакуацияланды. 

Жыл басынан бері қостанайлық полицейлер өрттен жеті рет адамдардың өмірін арашалады. Ішкі істер органдарының 15 қызметкері ҚР ІІМ және Полиция департаментінің марапаттарымен мадақталды. Учаскелік инспектор Арман Ақбергенов Ішкі істер министрінің бұйрығымен «ІІ дәрежелі ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ол Арқалық қаласының тумасы, – деп атап өтті Қостанай облысы ПД бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаев. 

Бос уақытында аға лейтенант еркін күреспен айналысады. Жыл басынан бері өзінің жеке тергеу барысында үш ұрлықтың бетін ашты. Солардың бірі – зейнеткердің алтын бұйымдары ұрланған кезде, жедел іздестіру барысында анықтады. Полицей күдіктінің ізін суытпай ұстап, ұрланған алтындарды иесіне қайтарды. Рудный қаласының патрульдік полициясының инспекторы Самат Райымбеков Ішкі істер министрінің атынан алғыс хатпен марапатталды. Ол қызметін 2016 жылы уақытша ұстау изоляторында сержант шенімен бастап, 2020 жылдың сәуірінде патрульдік полицияға ауысты. 

Патрульдік полиция оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жетіп, азаматтарға көмек көрсетеді, – дейді Самат Раймбеков.

Рудный қаласының учаскелік полициясы Патрульдік қызметінің инспекторы Әділ Уразалин де Ішкі істер министрінің атынан алғыс хатымен марапатталған. Ол Ұзынкөл ауданының тумасы. 2017 жылдан бастап қызмет етеді, кикбоксинг спорт түрімен айналысады. Әскерден кейін, бірден ішкі істер органдарына қызметке келді. 

Кіреберіс толықтай түтінге оранған, қарапайым масканың көмегі аз болды, бірақ оған қарамай, жоғары қабатқа көтеріліп, адамдарды пәтерлерден шығаруды жалғастырдым, – дейді полиция қызметкері.

Әділ – отбасының кенжесі және ол полиция қызметін таңдауына себеп: өзінің үлкен ағасы Асланды үлгі тұтатындығымен бөлісті. Ол патрульдік полицияда қызмет атқарды. Ал, қазіргі таңда қауіпсіздік құрылымында жұмысын жалғастыруда.

Бүгін маған Ішкі істер министрінің қолы қойылған алғыс хат алдым, бұл – мен үшін үлкен мақтаныш. Әрқайсымыз тәуекелге бел буып, көмекке келуге дайынбыз, өйткені бұл біздің – қызмет, – дейді Әділ Уразалин.

Өзгелердің жаңалығы