Сақтық шаралары: Бас санитардан кеңес

24 Мамыр 2020, 10:25
2385
Бөлісу:
Сақтық шаралары: Бас санитардан кеңес
Фото: дереккөз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова карантин кезінде бірнеше рет тікелей эфирге шығып, онлайн брифинг өткізді. Сол брифингтердің барлығында сақтық шараларына аса көңіл бөлген бас санитар карантин шараларының сақталуы вирус жұқтыру жағдайымен тікелей байланысты екенін еске салып отырды.

- Карантин кезінде кез келген адамды мазалап жүрген негізгі сұрақ: "Далада серуендегенде маска тағу міндетті ме?" деген сауал болып отыр.

- Таза ауада серуендеу, спортпен айналысуға біртіндеп рұқсат беріп жатырмыз. Алайда бұл шаралардың барлығы мүмкіндігінше сырт адамды тартпай, жеке дара жасалғаны дұрыс. Маска тағуға қатысты сұрақ көп. Біз халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, шешім шығарамыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы берген мәлімет бойынша, далада масканы адам тыныс алу жолдарын қолымен ұстамас үшін тағуы керек. Себебі бұл – вирус жұқтырудың бірден бір жолы. Біз далада маска тағу керек дегенде осыны басшылыққа аламыз.

- Елімізде жұмысына қайта кіріскен кейбір мекемелерге қойылар медициналық талап қандай?

- Жұмысын қайта бастаған барлық мекеме санитариялық-дезинфекциялық режимді қатаң сақтауы керек. Әр өңірде бұл талаптарды бақылаумен айналысатын жедел штаб бар. Штаб құрамындағы мониторингтік топ барлық мекемедегі санитариялық талаптардың сақталуын бақылауда ұстайды. Егер сақтық шаралары тиісті деңгейде орындалмаған жағдайда, мекеменің жұмысын тоқтатуға қатысты әкімшілік шара қолданылады. Себебі мекемелердің ашылуы кезінде санитариялық-дезинфекциялық режимнің, арақашықтықтың сақталуы, жеке қорғаныш заттарының болуы әлі де маңызды болып қала бермек, - деп түсіндірді спикер.

- Карантин кезінде әр өңірде арнайы құрылған жедел штаб немесе жергілікті атқарушы органдардағы мобильді топ қалай жұмыс істейді?

- Бұл топтардың құрамында әкімдік қызметкерлері, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің қызметкерлері бар. Олар бүгінде біртіндеп ашылып жатқан мекемелерде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталу жағдайына қатысты мониторинг жүргізіп, бақылап отырады. Карантин шараларының сақталу тиімділігі вирус жұқтыру жағдайымен тікелей байланысты. Сондықтан осы соңғы апталарда жағдайдың тұрақталғаны, біздің бүгінге дейін орындап келе жатқан шараларымыздың дұрыстығын білдіреді.

- Қонаққа баруға не шақыруға рұқсат бар ма?

- Иә, қазіргі кезде тамақтану орындарына 30 адамға дейін кіргізуге рұқсат берілді. Алайда тиісті талаптар сақталуы қажет. Атап айтқанда, дезинфекциялық шаралар жүргізілуі шарт. Ал ең бастысы, адамдар арасындағы қашықтық сақталуы керек. Бірақ нақты бір талаптардың орындалуы керек. Ең маңыздысы - әлеуметтік қашықтық. Дегенмен үйге 30-50 қонақ шақыруға болмайды. Осының алдында туған күнге қатысқан 8 адамның коронавирус жұқтырғанын айтқаным бар.

- Негізі вирустан сақтану жолында қалай тамақтану керек?

- Әр адамның күнделікті рационында ақуыздар, көмірсулар мен дәрумендер болуы шарт. Суды көбірек ішіп, көкөніс пен жемістерді жиі жеу керек. Егде жастағы және соматикалық ауруларға шалдыққан адамдар коронавирустың ауыр формасына тап болуы мүмкін. Ағзада ақуыздар, майлар мен дәрумендер аз болса, адамның иммунитеті әлсірейді. Ал иммунитет төмендесе, инфекция тез жұғады және ауру асқынып кетуі мүмкін.


Өзгелердің жаңалығы