Бас жаңалықтар
Сапарбаев: Баласыз отбасыларға көмектесу керек
16 Қыркүйек 2020, 23:07 113

Сапарбаев: Баласыз отбасыларға көмектесу керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ауруханалар, дәріханалар, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету қызметтерінің коронавирустық инфекцияның болжалды екінші толқынына әзірлік жұмыстарымен танысты. 

Ең алдымен аймақ басшысы «СК-Фармация» ЖШС қомасына ат басын тіреді. Қазіргі уақытта бірыңғай дистрибьютор дертке қарсы дәрі-дәрмектің бір айлық қорын жасақтаған. 15 қыркүйектен бастап ауруханаларда екі айлық қажеттілікті өтейтін препараттар қорын әзірлеу үшін қызу тасымалдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы құны 245 млн теңгеге татитын жоғары сұранысие дәрі-дәрмек түрлері жедел сатып алынып жатыр. Айта кетейік, қыркүйек айында 285 млн теңгенің препараттары әкелінген болатын. 

Облыс әкімі маусым-шілде айларындағы жағдайды тағы бір мәрте еске салды. Ол кездері ауруханалар мен провизорлық орталықтарда дәрі тапшылығы туындап, елге қауіп төніп еді. Одан сабақ алып, қайта қайталамау керектігіне мән берді.

Ертең екінші тоқын келе қалса, жіберген қателігімізді қайталамауымыз қажет. Дәрі тапшылығы болмасын! Егер жетпей жатса, бірден айту керек. Тұрақты түрде бақылау болуы қажет. Қанша дәрі қалды, ол қай уақытқа дейін жететіні күнделікті сараланып, шешім қабылдануы керек,- деп тапсырды аймақ басшысы.

«СК-Фармация» ЖШС бүгінде өңірдегі 78 медициналық ұйыммен 673 келісімшартты бекіткен. Оның жалпы құны 6,7 млрд теңгеге бағаланып отыр. 

Бірыңғай дистрибьютор денсаулық сақтау нысандарының стационарларына жалпы құны 5,5 млрд теңге болатын дәрілік заттар мен медицналық жабдықтарды жеткізген екен. Облыстың инфекциялық және провизорлық орталықтарына коронавирустық инфекцияны емдеуге арналған 709,6 млн теңгенің 81 түрлі дәрілік заттары жеткізілді. 

«СК-Фармация» ЖШС Жамбыл облысы бойынша өкілдігінің төрағасы Айжан Тортаеваның мәліметінше, антибактериялды препараттардың 12 түрі (жоспардың 96,5 проценті), антикоагулянттар (113,5 процент), кортикстероидтар (104,6 процент), седативті препараттар, анальгетиктер, миорелаксанттар, иммунодепресанттар мен дәрумендерді (91,5 процент) тасымалдаған.

Тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлемі мен міндетті әлеуметтік сақтандыру шеңберінде амбулаторлық деңгейде 25 медициналық ұйым атынан құны 7,1 миллиард теңгеге тегін дәрілік заттарды жеткізу бойынша алдын ала өтініш түскен. Сұраныстың 98 проценті қанағаттандырылды.

Қазіргі таңда медициналық ұйымдардың дәріханаларында 1,3 млрд.теңгенің тегін таратуға арналған дәрі-дәрмектері бар.

Бұдан соң облыс әкімі №5 қалалық емхананың Covid-19 ауруының болжалды екінші толқынына деген дайындық барысын барлады. Аталған мекеменің медициналық қызметкерлер құрамы 130 адамнан тұрады. Емханада пульсоксиметрлердің, оттегі концентраторлардың саны жеткілікті деңгейде қалыптасса, дәрілердің екі айлық қоры жасақталған. Мұнда төрт мобильді бригада құрылған десек, қажеттілік туындаған жағдайда олардың саны сегізге дейін артпақ.

Емхананың бас дәрігерінің орынбасары Рахат Аймұрзаев айтуынша, тұмауға және ЖРВИ-ға қарсы екпе егу науқаны қалыпты режимде жүргізілуде. Вакцинациядан бас тартқан тәуелкел тобындағы азаматтар тіркелмеген, олармен жан-жақты түсіндірме шаралары жүргізілуде.

Айта кету керек, облыс әкімі де осы емханада тұмауға қарсы екпе салдырды. Ол күзгі кезеңде ЖРВИ мен тұмауға шалдығудың қауіптілігі жоғары екендігін тілге тиек етті.

Вакцинация - инфекциямен күресудің тиімді әдістерінің бірі. Әсіресе, бұл осы маусымда пандемияға байланысты өзекті болып отыр. Өкінішке орай, бүгінге дейін жамбылдықтардың тек жеті пайызы ғана тұмауға қарсы екпе қабылдаған. Бұл көрсеткішті қараша айының ортасына дейін, яғни вакцинациялау аяқталғанша 40 пайызға дейін арттыру керек, - деді Б.Сапарбаев.

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында облыс әкімі аурухана балансындағы медициналық құрал-жабдықтармен танысты. Аймақ басшысы дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдары сақталатын аурухана қоймасында боып, науқастарды қабылдауға арналған сүзгі посттарын қарап шықты.

Емдеу мекемесінің бас дәрігері Азат Сәтжанов бүгінде медициналық мекемеде коронавируспен ауыратын науқастарды емдеуге арналған екі айлық дәрі-дәрмектер қоры қалыптасқанын жеткізді. «СК-Фармация» ЖШС-мен 266 млн.теңгеге дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды жеткізу бойынша 31 келісімшарт жасалған.

Сондай-ақ, аймақ басшысы «Неке және отбасы» медициналық орталығында болып, онда оған бедеулікті емдеу кезінде медициналық көмек көрсету туралы баяндалды. ЭКО-ға бөлінетін квоталар, тұрғындар үшін жоғары технологиялардың қол жетімділігі мәселелері сараланды. Медициналық орталықтың басшылығы әкімнен емдеу шараларының қол жетімділігін қамтамасыз ете түсу үшін ЭКО квотасын көбейту мүмкіндігін қарастыруды сұрады.

Облыс әкімі ЭКО зертханасының жұмысымен де танысты. Медициналық орталықтың басшысы Наталья Тарарака айтқандай, былтыр жамбылдық 100 әйелге жергілікті бюджет есебінен тиісті медициналық көмек көрсетілген. Ал, биыл 31 әйелге ЭКО жасалған десек, тағы 11-і кезекте тұр. Бұдан бөлек, ЭКО процедурасы ақылы негізде де жүзеге асырылады. Жалпы алғанда, медициналық орталық жылына 400-ге жуық ЭКО қызметін ұсынады.

Облыс әкімінің айтуынша, облыстағы әрбір төртінші ерлі-зайыптылар ажырасады десек, оған  ортада сәбидің болмауы да кері әсерін тигізуде. Бұл уақтылы шешуді қажет ететін негізгі медициналық-әлеуметтік мәселе болып отыр.

Баласыз отбасыларға көмектесу керек. Квота көлемін арттыру мәселесі медициналық мекеменің мүмкіндігі мен ЭКО процедурасының тиімділігін ескере отырып қарастырылатын болады, - деп атап өтті Б.Сапарбаев.

Бұл күні облыс әкімі қаланың бірнеше дәріханаларына арнайы бас сұқты. «Садыхан» ЖШС дәріханасында дезинфекциялық заттар мен медициналық маскалар бар болғанымен, сұранысқа ие бірнеше дәрі табылмады. «Әмір және Д» ЖШС дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде ешқандай кедергілер жоқтығын хабарлады.

Жұмыс сапарының соңында Б.Сапарбаев облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығына дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін бақылауда ұстауды, олардың үздіксіз жеткізілуін қадағалауды, сондай-ақ барлық ауруханалар мен емханалардың коронавирустың болжалды екінші толқынына дайындығын тексеруді тапсырды.

Облыс әкімінің айтуынша, денсаулық сақтау саласында ауқымды жоспарлар белгіленген. Өңірде 200 медициналық маманға қажеттілік бар, осыған байланысты дәрігерлерді даярлауға айрықша ден қойылуда. Осы орайда жақын арада Таразда С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің филиалын ашу жоспарлануда.


Фото: дереккөз
Загрузка...