Сапарбаев Жамбыл облысындағы эпидемиологиялық ахуалмен таныстырды

21 Маусым 2021, 13:25
1931
Бөлісу:
Сапарбаев Жамбыл облысындағы эпидемиологиялық ахуалмен таныстырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Облыс халқының 150 мыңнан астамы вакцинацияланды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде есеп беру кездесуінде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтты.

Оның айтуынша, күзге дейін 582 мың адамды вакциналау жоспарланған.

Өңірімізде індетке қатысты жағдай тұрақты. Пандемия басталған кезден бастап 9 493 адам науқастанған. Оның 85-і қайтыс болып, 9 055 адам жазылып шықты. Медицина ұйымдарында 2 580 төсек қоры жасақталған, оның 250-і реанимациялық төсек орны, - деп атап өтті ол. 

Облыстық оңалту орталығында 1 400 науқас оңалтудан өтті. Ондағы төсек қоры - 4760. Облыс тұрғындарын COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы вакцинациямен қамту мақсатында 42 көшпелі егу пунктері қызмет көрсетуде.

Аймақ басшысы облыстың фармацевтика саласының дамуына да тоқталды.

Мемлекет басшысының Жолдауындағы міндеттерін іске асыру аясында фармацевтика саласы белсенді дамуда, есепті кезеңде 1,8 есе өсті. Гвардейское ауылында биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының базасында отандық иммундық препараттар шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстары биыл аяқталады, - деді ол. 

Бүгінге институт базасында өндірілген «QazVac» вакцинасының 50 мың дозасы «СҚ-Фармация» хабына жіберіліп, еліміздің барлық өңірлеріне жеткізілді.

Өзгелердің жаңалығы