Бас жаңалықтар
Сарапшылар «Ер Едіге» жырының тарихи маңызы туралы айтты
PHOTO
22 Қаңтар 2021, 17:20 275

Сарапшылар «Ер Едіге» жырының тарихи маңызы туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  Ұлттық кітапханада өткен «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» атты ғылыми-практикалық конференция барысында сарапшылар музыкалық альбомның шығуына қатысты пікір білдірді.

ҚР Парламент Сенатының депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед алғаш рет кең көлемде басылған жыр жинағының жарыққа шығуымен құттықтады. 


«Ер Едіге» - қазақ халқының ғана емес, көптеген түркі халықтарының есінде ғасырлар бойы сақталып келе жатқан ең қадірлі, ең құрметті, ең көп тараған жырлардың бірі. Едіге би - тарихта болған адам. Ноғай ордасы құрылған кезде осы елдің билеушісін хан емес, би деп атаған. Биден кейінгі тұлғаның аты нұрадын болған. Нұрадыннан кейінгі лауазымның аты кейқуат болған. Кейін осылардың барлығы елдің санасында түрлі дастандар, жырлар ретінде қалып отырған. Барлық жырдың түп қазығы – Ноғай ордасының ұлыс биі Едіге және оның ұрпақтары. Алдағы уақытта ер Едіге мен оның тікелей ұрпақтарына қатысты жырды бөлек дербес жинақ ретінде шығару керек, - деді ол. 

Құл-Мұхаммед жеке батырларды қосып, Қырымның қырық батырларын дәріптеу керегін айтты. 

XXI ғасыр ұрпақтары өзігнің осындай ұлы бабаларының батырлық рухында тәрбиеленеді. Қазақстандық патриотизм осындай жобалардан бастау алады, - деді ол.

Қазақ ұлттық Өнер университетінің профессоры Алмасбек Алматовтың айтуынша,  бұл жинақ  көп уақыт зерттеліп барып қолға алынған күрделі жұмыс. 

Себебі  Ер Едіге жырының қырық батыры том-том кітап болуға тұрарлық. Аға буын жыраулар ішінде Жиенбай жыраудың немересі Бидас Рүстембековтің жасы 70-ке таяды. 550-ден астам батырлық жырды ақын-жыраулар ән-күймен халыққа рухани байлық негізінде ұсынуға дайын. Ер Едігенің Нұртуған нұсқасында әлі де қалған дастандар бөлімі бар. Болашақта Ер Едігені түбегейлі зерттеу барысында осыны басты назарға алу керек, - деп пікірімен бөлісті ол.

Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі бұл жинақ ұлтық руханиатқа жасалған қазына екенін жеткізді. 

«Ер Едіге» -  шаң басып архивтарда қалған жыр. Оның ұлтпен қауышуы тәуелсіздігіміздің нәтижесінде мүмкін болды. Бұл жұмыстың Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналуында үлкен символикалық мәні бар. Жырға былтыр 600 жыл толды. Ол - эпикалық энциклопедия, шежіре, тарихи жыр.  Егемендік алғанға дейі оның ішінде философия, ілім-білімнің барлығы жасырынып жатты, - деді Дархан Қыдырәлі.

Айта кетейік, «Ер Едіге-Ноғайлы дәуірінің жыры» атты ғылыми-практикалық конференциясы барысында «Ер Едіге жырының» музыкалық альбомы таныстырылды.

Раушан Арманқызы

Фото: Артём Чурсинов
Загрузка...