Бас жаңалықтар
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау әлі күнге толық шешімін тапқан жоқ – ғалым
30 Мамыр 2020, 12:42 249

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау әлі күнге толық шешімін тапқан жоқ – ғалым

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебай Мемлекет басшысының Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуіне өз пікірін білдірді, деп хабарлады Qazaqstan tarihy  порталы. 

Мемлекет басшысы Саяси қуғын-сүргін  құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия құру туралы тапсырма берді. 1953 жылы И.В. Сталин қайтыс болған соң билікке келген Н.С. Хрущев Елдегі қоғамдық-саяси жағдайды өзгертуге тырысты. Ақтау мәселесі 1953 жылы шілдеде Г.М. Маленковтың кезінде басталды. 1953, 1955 жылдары лагерьлердегі 5 жылға дейін сотталғандар мен соғыс тұтқындарына кешірім берілді. Сталиндік саяси-қуғын сүргін құрбаны болған қайраткерлерді ақтау басталды. Н.С. Хрущев 1956 жылы 25 ақпанда Москвада өткен КОКП-ның ХХ съезінде ол "Жеке басқа табынушылық пен оның зардаптары туралы" баяндама жасап, сталиндік қуғын-сүргін тұңғыш рет айыпталды. Бұл баяндаманың толық мәтіні КСРО-да тек 1989 жылы "Известия ЦК КПСС" журналында жарияланды. Ал сол кезеңде, тек 1956 жылы 30 маусымда КОКП ОК Президиумының "Жеке басқа табынушылық пен оның зардаптарын жою туралы" жұмсартылған қаулысы жарияланды.

Осы кезден бастап "Хрущев жылымығы" деген атауға ие болған тарихи кезең басталды. Осы "жылымық жылдары" 1937–38 ж. жаппай қуғын-сүргін құрбаны болған жазықсыз жандарды ақтау шаралары одан ары жалғасып, олардың көпшілігі ақталып, отбасы мүшелері қамаудан босатылғанымен, саяси тұтқындар түрмелерде әлі де болса мыңдап отырған еді. Сонымен қатар, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған көптеген категорияларға кешірім берілгенімен, олар ақталмай қалды. Саяси қуғын-сүргін тарихын қайта қарау мәселесі қайта құру жылдарында қайта көтерілді. Көптеген тарихи құжаттар мен фактілер ғылыми айналымға тартыла бастады. Осындай жағдайда, 1990 жылы тамызда КСРО президенті М.С. Горбачевтің "20–50 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің барлық құрбандарының праволарын қалпына келтіру туралы" жарлығы жарияланды.

Жарлықта: "Зорлықпен коллективтендіру кезінде жазықсыз зардап шеккен, түрмеге қамалған, семьяларымен бірге күнкөріс қаржысынсыз, дауыс беру правосынсыз, тіпті бас бостандығынан айыру мерзімі жарияланбастан қияндағы аудандарға көшірілген совет адамдарынан әділетсіздік таңбасы осы кезге дейін алынған жоқ. Діни себептер бойынша қудаланған дін өкілдері мен азаматтар ақталуға тиіс", – деп ұзақ жылдар бойы ақталмай келген адамдардың ісін қайта қарауға жол ашқан М.С. Горбачев, Желтоқсан көтерілісі тұсында жазықсыз жазаланған қазақ жастары жөнінде бір ауыз сөз айтпады. Сонымен қатар, «Бұл Жарлық Ұлы Отан соғысы кезінде, соғыстың алдындағы және соғыстан кейінгі жылдары отанға және совет адамдарына қарсы қылмыстар жасағаны үшін негізді сотталған адамдарға қолданылмайды» деп, соғыс тұтқындарын ақталушылар қатарынан бірден сызып тастады.

Ресейде бұл мәселе ілгері жылжығанымен, біздің елімізде соғыс тұтқындары және де саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесі әлі күнге толық шешімін тапқан жоқ. Қазақстан Республикасында 1993 жылы 14 сәуірде қабылданып, 2018 жылы 2 шілдеде өзгерістер мен толықтырулар енгізілген "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" заңның осы уақытқа дейін өз деңгейінде жұмыс істемей отырғанын да айта кеткеніміз жөн. Оған, қоғам өкілдеріндегі азаматтық белсенділіктің төмендігі мен Қазақстандағы аталмыш мәселеге қатысты архивтердің жабық болуы себеп болып отыр. Осы жылы 25 ақпанда ҚР БжҒМ Ғылым комитетінің төрағасы Ж. Құрманғалиеваның "1920–1950 жылдардағы кеңестік соттан тыс қудалау органдарының заңсыз іс-әрекеттеріне қарсылық білдірудің ұлттық спецификасын, әлеуметтік себептерін зерделеп, тұжырымдама қалыптастыру бойынша жұмыс тобын құру туралы" № 28-нж бұйрығы бойынша осы бағыттағы жұмыс тобы жұмысқа кірісіп, ҚР БжҒМ арқылы нақты ұсыныстар жасалған еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі тапсырмасы осы жұмыстың ары қарай жалғасуы мен жазықсыз жапа шеккен көптеген топтардың ақталуына жол ашады деп үміттенеміз. Биыл құрылғанына 75 жыл толатын  Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты да осы жұмысқа өз үлесін қосатын болады деген ойдамыз.





Фото: дереккөз
Загрузка...