Семей өңірі ерекше назарда ұсталмақ

19 Ақпан 2020, 15:53
2338
Бөлісу:
Семей өңірі ерекше назарда ұсталмақ

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысының тікелей назарында тұрған еліміздің рухани астанасы саналатын Семей қаласы жаңа мәртебеге ие болды.

Мемлекет басшысының Семей қаласын дамыту мәселесін, оның Қазақстанның тарихи орталығы ретіндегі жаңа мәртебесін қолдауы облыс тұрғындары үшін үлкен маңызға ие. Премьер-Министр Асқар Ұзақбайұлы Маминнің қатысуымен 2020-2025 жылдарға арналған қаланы дамытудың Кешенді жоспары таныстырылды, оның аясында жеті бағыт бойынша 56 жоба іске асырылмақ. Бұған бұрын-соңды болмаған – 260 млрд. теңге қаржы бағытталмақ, соның ішінде 76 млрд. теңге бюджеттік емес қаржы көздерінен бағытталатын болады, - деді өңір тұрғындары алдында есеп берген ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Нәтижесінде жақын бес жыл ішінде Семей қаласы бойынша өнеркәсіп көлемі – 1,6 есеге, негізгі капиталға инвестиция – 1,2 есеге, ауылшаруашылығындағы ішкі өнім – 1,2 есеге артпақ. Бұған қоса, төрт мыңнан аса жаңа жұмыс орындары құрылып, 703 мың шаршы метрді құрайтын 133 көпқабатты үй, 4 мектеп пен 4 бала бақша, мұз айдыны, балалар ауруханасы, мүгедектерге арналған оңалту орталығы қолданысқа беріледі.

Сонымен қатар, Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойын тойлау барысында биыл Абай ауданы мен Семей қаласында ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Мереке барысында 560 іс-шара, оның ішінде 24 Ұлыбритания, Ресей, Түркия, Польша, Қытай сынды елдерде халықаралық деңгейде ұйымдастырылса, 21 шара республикалық, 526 шара аймақтық деңгейде өтеді, - деп қосты аймақ басшысы.

Өзгелердің жаңалығы