Бас жаңалықтар
Семейде азық-түлік бағасын тұрақтандыратын меморандумдар бекітілген
29 Наурыз 2020, 20:02 227

Семейде азық-түлік бағасын тұрақтандыратын меморандумдар бекітілген

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Семей қаласының билігі әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын қымбаттатпауға бағытталған шаралар қабылдап жатыр.

Аталған мақсатта Семей қаласының әкімдігі мен шаһардағы сауда нысандары арасында меморандумдар бекітілді. Бұл құжаттарға сәйкес, тізім бойынша белгіленген әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарларының бағасы межелі деңгейде қалуы тиіс. Бүгінгі таңда екі арада 208 меморандум бекітілген. Бұдан бөлек, тұрақтандыру қорынан көкөніс тауарларын да жеткізуге байланысты меморандумдар жасалған.

Қазіргі уақытта қаладағы қоймалар мен сауда нысандарындағы азық-түлік тауарлары жеткілікті мөлшерде. Тұрақтандыру қоры да жұмыс істеп тұр. Аталған қордан сауда нүктелеріне көкөніс тауарларын жеткізіп тұру бойынша 43 меморандум бекітілген. Ол жерлерде аталған тауарлар 77 теңгеден аспайтын бағада саудаланып жатыр, - деді Семей қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары Анжела Маслова.

Еске сала кетсек, кеше Семейде коронавирус дерті Мысыр елінен ұшып келген қаланың екі тұрғынынан анықталған болатын. Қазіргі уақытта қалада барлық карантиндік шаралар жүргізіліп, зарарсыздандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...