Бас жаңалықтар
Сенатор ащы шындықты айтты. Аурудың бәрі сырттан келіп жатыр
04 Наурыз 2021, 10:59 3520

Сенатор ащы шындықты айтты. Аурудың бәрі сырттан келіп жатыр

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Аса жұқпалы қауіпті аурулар асыл тұқымды малдармен бірге сырттан келген. Бұл туралы сенатор Ақылбек Күрішбаев айтты.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданған. Талқылау барысында депутат өз ойын білдірді.

Соңғы жылдары «Етті мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында елімізге 153 мыңнан астам асыл тұқымды малдың басын жаппай әкелу жүзеге асырылды. Оны сатып алуға (мемлекеттік субсидияларды қоса алғанда) 500 млн АҚШ долларынан астам қаражат жұмсалды. Ғалымдардың пікірінше, бұрын елімізде болмаған, бізде тіркелмей жатқан Шмалленберг ауруы, инфекциялық ринотрахеит, вирустық диарея, моракселлез сияқты қауіпті экзотикалық жұқпалы аурулар сырттан әкелінді. Бұл мәселе отандық ветеринария жүйесінің қазіргі ауыр жағдайын одан сайын тығырыққа тіреді, - дейді Күрішбаев.

Оның айтуынша, қазақ қоғамы осы импортталған малдың қаншасы бейімделе алғанын, қаншасы өлгенін, жалпы жобаның алдына қойған мақсаттары қалай орындалғаны туралы нақты білмейді. 

Ал оны халық білуге құқылы, себебі аталған мал басы тек жеке инвестициялар есебінен ғана емес, салық төлеушінің ақшасына сатып алынған. Жалпы, біздің министрліктеріміз қоғамдық аудитті тарта отырып, дамыған елдердегі сияқты осындай қымбат жобаларға бөлінген мемлекеттік қаражатты пайдаланудың тиімділігі туралы халық алдында есеп беруге үйрену керек, - деді депутат.

Оның айтуынша, кеңестік кезеңде Қазақстанға Еуропадан жүздеген мың асыл тұқымды ірі қара малдың әкелінгенін және уақыт өте келе олар өздерінің асыл тұқымдық қасиеттерін жоғалтып, із-түзсіз жойылып кеткен.

Біз оларды күтіп-бағу үшін тиісті жағдайлар жасаумен ғана емес, ең бастысы, жүйелі селекциялық жұмысты қалыптастыруымыз керек. Ол үшін селекцияның заманауи әдістерін қолдану қажет. Бұл тұрғыда асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында инновациялық технологияларды, оның ішінде геномдық селекцияны енгізу мақсатында селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты үйлестіру ерекше маңызды. Себебі жануардың тек молекулалық-генетикалық талдауы оның асыл тұқымдық құндылығын алдын-ала болжауға мүмкіндік береді және селекцияның тиімділігін қамтамасыз етеді, - дейді сенатор.

Оның айтуынша, Қазақстанда кейбір компанияларды қоспағанда, селекциялық-асыл тұқымдық жұмыста геномдық сараптама жүйелі түрде пайдаланылмайды, бұл мал шаруашылығы саласының тұрақты дамуы мәселелерінде елеулі тежегіш болып отыр.

Сондықтан ауыл шаруашылығы жануарларының отандық гендік қорын қалыптастыруға қатысты бұл мәселені мемлекеттік деңгейде шешу қажет. Ол үшін өзіміздің фермерлерімізге көмек ретінде ғылыми зертханалардың базасында ұлттық генетикалық зерттеу орталықтарын ұйымдастыру керек. Бұл біздің жағдайымызға бейімделмеген асыл тұқымды малды шетелден әкелуге қарағанда, ақылға қонымды, әлдеқайда арзан және эпизотия тұрғысынан қауіпсіз жоба болар еді, - дейді Ақылбек Күрішбаев.

Ол малдың асыл тұқымдық қасиеттері мен өнімділігін арттырудың (әсіресе, сүт шаруашылығында) маңызды әдісі болып табылатын тағы бір жолы - оның жасанды ұрықтандыруы деп отыр. 

Бұл мәселе ауыл халқы үшін өте маңызды. Өйткені, олардың күн көрісі сол малдың өнімділігіне байланысты.  Мамандардың мәліметтері бойынша, қазір сүт бағытындағы ірі қара малдың қолдан ұрықтандыру үлесі Белоруссияда - 95%, Украинада - 90%, Ресейде - кем дегенде 70%, Өзбекстанда - 55% болса, Қазақстанда 15%-дан аспайды.Бұл мысалдан біздің сауда серіктестерімізден селекциялық жұмыста қаншалықты артта қалғанымыз айқын көрінеді, - дейді депутат.

Сенатор Қазақстанда заманауи фермалар, сапалы жем-шөп базасы жетіспейді. Елде сүт бағытындағы 2,7 миллионға жуық сиыр бар, ал Беларусь Республикасында 1,5 млн бас, яғни 1,8 есе аз деп отырАлайда, Беларусь Еуразиялық  экономикалық одағына кіретін елдердің көпшілігіне сүт және сүт өнімдерін экспорттайды, Қазақстан тіпті өз халқын толық қамтамасыз ете алмай отыр.


Фото: дереккөз
Загрузка...