Бас жаңалықтар
Сенаторлар учаскелік полицейлердің баспана мәселесін шешуді ұсынды
30 Қазан 2020, 14:36 159

Сенаторлар учаскелік полицейлердің баспана мәселесін шешуді ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенаторлар жалақыны көтеруді және учаскелік полиция инспекторларының тұрғын үй проблемаларын шешуді ұсынды, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде Владимир Волковтың төрағалық етуімен учаскелік инспекторлардың мәртебесін көтеру және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жақсарту мәселелері талқыланған отырыс болды.

Мемлекет басшысының Жолдауында учаскелік инспекторға басты рөл беру және жергілікті полиция қызметіне жалпы реформа жасаудың уақыты жеткені айтылған болатын. Президент учаскелік инспектор мәртебесін заңды түрде арттыруды, оған нәтижелі жұмыс істеу үшін барлық мүмкіндіктерді беруді тапсырды.

Отырысқа комитет мүшелері, сондай-ақ Бас прокуратураның, Қаржы және Ішкі істер министрліктерінің өкілдері, оның ішінде облыстық Полиция департаменттерінің жергілікті полиция қызметінің басшылары қатысты.

Сенаторлар Мемлекет басшысының Жолдауында және ІІМ-нің кеңейтілген алқа отырысында айтылған бастамаларына ерекше назар аударды. Андрей Лукин құқық қорғау органдарының қызметкерлерін адамдармен ашық диалог жүргізуге үйрету маңызды екенін атап өтті. Бұл бағыт кадрларды даярлау және іріктеу жүйесінде басым бағыт болуға тиіс. Оның айтуынша, бүгінгі таңда учаскелік полиция инспекторларының тікелей функцияларын орындауға кедергі келтіретін маңызды проблемалар бар.

Тұрақты сақталатын бос орындар, нормативтен тыс жұмыстарды орындау есебінен учаскелік инспекторлардың жүктемесі ұлғайып келеді. Сонымен қатар, кейбір аймақтардағы жергілікті полиция қызметі бөлімшелерінің қызметі көбінесе абаттандыру ережелерін сақтауға, рұқсат етілмеген саудаға жол бермеуге, санитарлық жағдайды қамтамасыз етуге және бюджетті толықтыруға бағытталған. Бұдан басқа, жергілікті полиция қызметінің жұмысын ұйымдастыруда, басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылда және еңбек жағдайларының болмауында да проблемалар бар. Учаскелік полиция инспекторларының функционалдық міндеттерін сапалы орындауына ұйымдастырушылық проблемалардың көп болуы мүмкіндік бермейді, - деді Андрей Лукин.

Сенаторлар айтылған барлық пікір учаскелік инспектордың мәртебесін көтеру туралы заң жобасын әзірлеу кезінде ескеріліп, оған тиімді жұмыс істеу үшін қажетті өкілеттіктер берілетінін атап өтті.

Сондай-ақ, депутаттар учаскелік полиция инспекторларының жалақысын ұлғайту және олардың тұрғын үй проблемаларын шешу мәселесін қарауды, сондай-ақ, учаскелік полиция пункттерін материалдық-техникалық жабдықтауды нығайту үшін қосымша қаржы бөлуді ұсынды.



Фото: дереккөз
Загрузка...