Сергекті алдамақ болған жүргізуші жауапқа тартылды

25 Қаңтар 2021, 21:20
1498
Бөлісу:
Сергекті алдамақ болған жүргізуші жауапқа тартылды

Алматы, BAQ.KZ. Алматыда жол талғамайтын көліктің жүргізушісі «Сергек» камераларын алдамақ болған. Бұл туралы Алматы ПД-нің баспасөз қызметі хабарлады. 

35 жастағы азамат басқарған «Ниссан Патрол» автокөлігі жол қозғалысы ережелерін бұза отырып, жазадан жалтару мақсатында көліктің алдыңғы нөмірін аударып жүрген. 

«Сергек»  автоматтандырылған жүйесіне мониторинг жүргізу кезінде алдыңғы нөміріне нөмір аударатын механикалық жабдық орнатқан жол қозғалысы ережелерін бұзушы анықталды. Бейнекамераларға жақындаған кезде жол талғамайтын көліктің жүргізушісі көлік құралын басқару пульті арқылы құрылғыға сигнал жіберіп, мемлекеттік нөмірді жасырып отырған. Ол өз көлігінің мемлекеттік нөмірін жасыру арқылы жол қозғалысы ережелерін бұзды, демек ол жол қозғалысының басқа қатысушыларына қасақана қауіп төндірді. Бұл жерде ешқандай сылтау болуы мүмкін емес. Ауыстырылатын нөмірі бар құқық бұзушы ұсталып, әкімшілік заңнамаға сәйкес жауапкершлікке тартылды. Ол бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды, сондай-ақ оған 20 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге тура келеді, – деді Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жандос Мұраталиев.
Өткен жылы осыған ұқсас құқық бұзушылықтары үшін 3 мың 192 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгіні жасыруға арналған әртүрлі қондырғылар мен жалған нөмірлерді орнату жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзу болып табылады.

Сондай-ақ, барлық жүргізушілерге қала ішінде орнатылған камералардың барлығының дұрыс жұмыс істеп тұрғанын және түрлі заң бұзушылықтарды тіркейтінін ескерткен жөн. Жол қателіктерді кешірмейтінін әрдайым есте ұстау керек, – деді Жандос Мұраталиев.

Өзгелердің жаңалығы