Шарын шатқалы бұзылып жатыр

12 Тамыз 2020, 15:48
3568
Бөлісу:
Шарын шатқалы бұзылып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Табиғаттың бірегей ескерткішіне айналған Шарын шатқалы біртіндеп сөгіліп жатыр, деп хабарлады "Хабар 24". Экобелсенділердің айтуынша, шатқалда тікұшақтардың үнемі ұшуы салдарынан күшті дыбыстық қысым жасайтын зиян келуде. 

Экоамбассадор Тимур Елеусізовтің айтуынша, шатқалдардың бойымен ұшып өтетін тікұшақтың дыбысы құмтастың бұзылуына әсер ететін қысым түсіретін көрінеді.
Бұл перфоратормен қабырғаны тескендей әсер береді. Біз әлеуметтік желілерді, жалпы интернет-кеңістікті зерттей бастадық. Әуе сапары, квадроцикл, джиптермен серуендеу бойынша ұсыныс көп екенін байқадық. Тіпті, үй-жайларда бейнебаян түсіруден жалыққан жас қазақстандық орындаушылардың бейнебаян түсіріп жатқанын көрдік. Олар бұрын-соңды ешкім жасап көрмеген дүние жасауды қолға алып, шатқалда тікұшақпен ұшып өту арқылы видео түсіру жөнінде шешім қабылдаған. Адамдар бір сәттік қызық үшін табиғатты жойып жіберуден тайынбайды. Бір сұрақ: біз сонда кейінгі ұрпаққа не қалдырамыз, - деп қынжылады ол.
Шарын шатқалының сұлулығы отандық туристерді ғана емес, шетелдіктерді де таң қалдырып келеді. Демалушылар арқасында ақша тапқысы келетін туроператорлар оларға осындай зиянды қызметтерді ұсынады. Алайда, Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының өкілдері бұл нысан көздің қарашығындай сақталады деп сендірді. Тікұшақтардан да ешқандай зиян жоқ екенін айтады. 
Мұнда тікұшақ қонатын арнайы алаң бар. Олар тек сол жерге қонады. Туристер шатқалға жаяу түседі. Кейін алаңға қайта көтеріледі. Шатқал ішінде ұшуға тыйым салынған. Шатқалдың жойылу фактісі анықталған жоқ, - дейді Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары Бақыт Абдуллаев.

Өзгелердің жаңалығы