ШҚО-да 8 мыңға жуық оқушы кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады

27 Қараша 2020, 23:29
1679
Бөлісу:
ШҚО-да 8 мыңға жуық оқушы кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан облысында 8 мыңға жуық оқушы кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады, деп хабарлайды Аltaynews.kz.

Мектептерде кәсіпкерлік негіздері курсы 10-11 сынып оқушылары үшін таңдау пәні ретінде білім беру бағдарламасына енгізілді. 

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, «Білім беру мекемелеріндегі кәсіпкерлік қызмет негіздері» курсының бағдарламасы «Атамекен» ұлттық палатасында әзірленіп, ҚР Білім және ғылым министрлігінде бекітілген. 

Сабақтарда балалар қаржылық сауаттылық пен өз қаржы ресурстарын басқару қабілетін меңгереді, стартапты өз бетінше модельдеуге тырысады, сондай-ақ банк жүйесінің, қор нарығының жұмыс істеуін және халықаралық бизнес мүмкіндіктерін зерттейді. 

Өскемен және Семей қалаларында сапалы білім беру үрдісіне мектептердің 127 педагогы, колледждердің 66 мұғалімі және жоғары оқу орындарының 56 оқытушысы дайындалды. Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін жобаға бизнес саласында оң нәтижелерге қол жеткізген, жастармен табысқа жетудің құпияларымен бөлісе алатын және бизнесті ашуға ынталандыра білетін жергілікті кәсіпкерлер қатысады. 

ШҚО Кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, биылғы оқу жылында курс аясында алғашқы онлайн қонақ дәрістері ШҚО Бесқарағай және Зайсан аудандарының мектептерінде өтті. Оқушылар әңгімелесіп, бизнестің табысты өкілдерінен кеңес алды. Атап айтқанда, облыс кәсіпкерлерінің бірі Рысжан Жұматаева «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша Кәсіпкерлер палатасында оқу курстарынан өтіп, өзінің кәсіпкерлік жолын қалай бастағаны туралы айтып берді. Бесқарағай ауданының оқушылары кәсіпкерден, өз бизнесін енді бастаған кәсіпкерлерді не күтіп тұрғанын, ең алдымен қызмет түрін түпкілікті таңдау үшін нені білу керектігін сұрады. 

Рысжан Жұматаева балаларға ең алдымен халық арасында қажеттілікке ие қандай да бір қызмет түрін анықтап, содан кейін сол бағыт бойынша істің қамына кірісу керектігі туралы кеңес берді. Бизнесмен Мамырбек Бірлік Зайсандағы оқушыларға қонақ дәрісін өткізді, ол бизнесті дамытудың бастапқы кезеңінде кәсіпкерлердің қандай қиындықтарға тап болуы мүмкін екендігі және өз ісін ашу үшін нені білу керектігі туралы айтып берді. Атап айтқанда, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының шарттары мен мүмкіндіктерін, стартаптарды гранттық қаржыландырудың жолдарын түсіндірді. 

Жалпы, Шығыс Қазақстанда «Кәсіпкерлік қызмет негіздерінің курсы» оқу жылы бойы 298 мектепте жүргізіледі, кәсіпкерлік негіздеріне 7 951 оқушы оқытылады.


Өзгелердің жаңалығы