Бас жаңалықтар
ШҚО-ның демалыс базалары «сары» аймақта жұмыс істей алады
22 Сәуiр 2021, 18:33 569

ШҚО-ның демалыс базалары «сары» аймақта жұмыс істей алады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл өңірдегі қонақүйлер мен демалыс базалары, сондай-ақ, санаториялық-курорттық ұйымдар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып «сары» аймақта жұмыс істей алады.

Бұл туралы Шығыс Қазақстан аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслихаты барысында облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Сләмғазина хабарлады. 

Еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, «сары» және «жасыл» аймақтардағы қонақүйлер мен демалыс базаларына, санаториялық-курорттық ұйымдарға демалушыларға қызмет көрсетулеріне рұқсат етілген. Осыған орай облыс аумағында туристік аймақтардағы індеттің алдын алуға бағытталған шараларды айқындайтын арнайы қаулы шығарылмақ.

Бұл құжат негізінде туристік және рекреациялық аймақтардағы демалыс орындарының иелері жұмысқа әзірлік актілерін алып барып қана іске кірісулері керек. Оны мониторингтік топ жүргізген тексеру нәтижелеріне сәйкес аумақтық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы береді. Сондай-ақ демалыс үйлерінің иелері «www.infokazakhstan.kz» сайты арқылы электронды форматтағы санитарлық нормаларға сәйкестік туралы актіні алулары қажет, – дейді Сәуле Сләмғазина.

Сонымен қатар коронавирустық инфекция өршіп тұрған аумақтардан келген туристерде ПТР сынамасының теріс нәтижесі болуы керек.

Олардың ертіп келген бес жасқа дейінгі балаларынан мұндай сынама талап етілмейді. Сондай-ақ демалуға келген бір отбасыға бір ПТР сынамасы жеткілікті.   

Бұдан бөлек демалыс орындарындағы демалушылар саны 80 пайыздан аспауы тиіс. Және де келушілердің бір уақытта тек жартысы ғана тамақтануға кіре алады. Үстелдер арасындағы әлеуметтік арақашықтық бір жарым метрден кем емес болуы қажет. 

Бұған қоса суға түсу орындарынан бөлек, басқа жерлерде маска режимі мен адамдар арасындағы әлеуметтік арақашықтықтың сақталуы талап етіледі.

Қаулының жобасы облыс әкімінің аппараты мен Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне келісуге жіберілді. Егер облыс «қызыл» аймаққа өтсе, карантиндік шаралар одан әрі күшейетін болады, – деп қосты Сәуле Сләмғазина.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...