Бас жаңалықтар
Шпекбаев Павлодардағы кәсіпорындардың цифрландыру барысымен танысты
30 Қазан 2020, 19:00 140

Шпекбаев Павлодардағы кәсіпорындардың цифрландыру барысымен танысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев жұмыс сапарының екінші күні Павлодар облысының бірқатар мемлекеттік мекемелеріне барды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы қорғаныс және мемлекеттік кірістер істері жөніндегі өңірлік органдарға барып, есепке алу-шақыру жұмысымен, сондай-ақ салық, кеден және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер түсімдерінің толықтығы мен уақтылылығын қамтамасыз ету жөніндегі қызметпен танысты.

Алик Шпекбаев армия – парасаттылықтың, тәртіп пен тазалықтың үлгісі болуы тиіс екенін атап өтті.


Әскери бөлімдерде алдын алу шараларын күшейту қажет. Бұл тұрғыда тұрмыстық жемқорлықтың алдын алу мақсатында мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аудару қажет, - деді ол.

Бұдан әрі Агенттік төрағасы Covid-19 емдеуге арналған 200 төсектік модульдік жұқпалы аурулар госпиталінің тұсаукесеріне қатысты.

Сонымен қатар, Антикор басшысы 2018 жылы оның бастамасымен ашылған Павлодар қаласы әкімдігінің «Open Pavlodar» сервис орталығында заманауи стандарттар бойынша мемлекеттік қызмет көрсету жұмысымен танысты.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы Павлодар облысына сапары барысында Алик Шпекбаев әкімдіктер негізінде ашық сервистік орталықтар құруды ұсынған болатын.

Биыл жыл басынан бері «Open Pavlodar» фронт-кеңсесіне 90 мыңнан астам адам жүгінді, оның ішінде 54 741-і мемлекеттік қызмет алып, 35 432 адам кеңес, қаржы институттары мен мемлекеттік емес мекемелердің қызметтерін алды.

Азаматтардың қажеттіліктеріне бағдарлану – сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың маңызды элементтерінің бірі. Бұл тұрғыда мемлекеттік аппаратты парасаттылық, ашықтық және есептілік қағиадалары арқылы трансформациялау маңызды рөл атқарады, - деп атап өтті Агенттік төрағасы.

Сондай-ақ, Алик Шпекбаев С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «IT HUB» жобасы аясындағы инновациялық IT өнімдер мен стартаптар әзірлемелерімен танысты.

Орталықтың негізгі міндеттері – түрлі көздерден ақпарат жинау, жинақталған ақпаратты статистикалық және талдамалық өңдеу, сондай-ақ университет бизнес-үдерістерінің нәтижелеріне мониторинг жүргізу.

Сонымен қатар, Агенттік басшысы «Павлодар қаласының №2 оқу-өндірістік комбинаты» ММ және №39 мектептің қызметімен танысты.

Аталған мектептегі кездесу барысында бастамашыл топ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүйесінің атқарған игі қызметі үшін, оның ішінде шағын ауданның көкейкесті мәселесін шешуге, атап айтқанда, жеке тұлғаға тұрғын үй салуға заңсыз берілген стадион телімін мемлекеттік меншікке қайтаруға көмек көрсеткені үшін өңір тұрғындары атынан Агенттік төрағасына зор алғысын білдірді.

Ал «Инвесторлар үйінде» өңір қонақтарына «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және цифрландыру аясындағы жобалар таныстырылды.

Таныстырылым барысында облыс әкімінің орынбасары
С. Шаяхметов өткен 9 айда өңірдің негізгі капиталға салған инвестиция көлемі 328 млрд теңгені құрағанын айтты. 489,5 млрд. теңгеге 32 индустриялық жоба іске асырылуда. Осы жобаларды іске асыру қорытындысы бойынша шамамен 2900 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылады.

Бизнесті қорғау – бұл жұмыс орындары, салықтар және халықтың әл-ауқаты. Ең бастысы, кедергі келтірмеу, - деді Шпекбаев.

Айта кету керек, «Protecting Business and Investments» (PBI) бизнес пен инвестицияларды қорғау бойынша Антикор жобасы аясында Павлодар облысында бизнес-жобаларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу бойынша 38 келісім жасалды. Мұндай келісімдер санының өсуі өткен жылмен салыстырғанда 133%-ды құрады. Заңды тұлғалардың 39 өтініші тіркелді, олардың 95% оң шешімге ие болды.

Алик Шпекбаев бизнесті қорғаудың маңыздылығын атап өтіп, облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовқа кәсіпкерлердің мәселелерін жедел шешкені үшін алғыс айтты.



Фото: дереккөз
Загрузка...