ШҚО-да ежелгі өнерден сыр шертетін ерекше көрме ашылды

29 Тамыз 2019, 17:56
5159
Бөлісу:
ШҚО-да ежелгі өнерден сыр шертетін ерекше көрме ашылды
PHOTO
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Өскеменде ежелгі өнерден сыр шертетін ерекше көрме ашылды. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ұйымдастырған «Архелология ескерткіштері. Киелі география» тақырыбындағы көрме бір ай бойы Шығыс жұртшылығы мен қонақтарын бабалар өнерінің қазынасы болып табылатын ерте сақ дәуіріне тиесілі құнды жәдігерлермен тәнті етпек.

IMG_5075.JPG

Көрме Ұлы Даланың өткенінен ақпарат беретін бабалар өнерінің түпнегізі - ежелгі өнердің паш ету мақсатында ұйымдастырылды. Мұнда көшпенділердің алтынға мол мәдениетінен сыр шертетін құнды жәдігерлер қойылды.

IMG_4984.JPG

«Көрмеге Шығыс Қазақстан облысының аумағындағы Берел, Елеке Сазы және Шілікті қорғандарынан табылған тарихи жәдігерлер қойылды. Қойылған заттар негізінен біздің дәуірімізге дейінгі VII-VIII-ғасырларға тиесілі. Жалпы біздің музейде 160 мыңнан астам жәдігерлер болса, оның 80 мыңы археологиялық жәдігерлер болып табылады. Көрме залына барлық тарихи жәдігерлерді бірден қою мүмкін емес болғандықтан бүгінгі көрмеге 1200-ге жуық экспонат қойылып отыр. Қазан айының соңына дейін жалғасатын көрме барысында біз оларды басқа экспонаттармен алмастырып, толықтырып отыратын боламыз», - деді облыстық Тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Бақыт Сабырбаева.

IMG_5011.JPG

Мұражай қызметкерінің айтуынша, көрмедегі заттар 6-шы қыркүйек күні ұйымдастырылатын Халықаралық конференциядан соң тағы да толыға түсетін көрінеді. Әзірге екі айға жоспарланған шара келімді-кетімді көрермендердің, басқа да әкімшілік шараларға байланысты одан әрі созылуы мүмкін дейді ол.

IMG_5028.JPG

«Бағалы металл - алтынның көмегімен, ежелгі шеберлер өз заманындағы ең озық технологияларды қолдана отырып теңдесі жоқ аң стиліндегі туандыларды жасап шығарған. Мұндағы экспонаттардың барлығы дерлік түпнұсқалар болып табылады. Көрме - қола дәуірінен, ерте орта ғасырларға дейінгі дәуірлердегі ежелгі және дәстүрлі өнердің жауһарларымен таныстырады. Шығыс Қазақстан аумағынан табылған ең танымал жәдігерлердің бірі - алғашқы «Алтын адам» да көрме төріне орын тепті», - деп қосты Бақыт Саятқызы.

IMG_5029.JPG

Шілікті қорғандары    

Шілікті қорымы Тарбағатай, Маңырақ, Сауыр Сайқан тауларымен қоршалған алқапта орналасқан. Мұнда 200-ден астам ірі қорғандары бар Патшалар алқабы орналасқан. Ерте сақ кезеңінің ақсүйек ескерткіштері айрықша табиғи кешеннің орталығында орналасқан. Ірі қорғандарға б.з.д 8-6 ғасырларда «алтын киімдерге» қапталған басқарушы элиталар жерленген. Алғаш мұндай қорған 1960 жылы археолог С.С. Черниковтың жетекшілігімен қазылған, онда 524 алтын заттар табылған. Дәл сол жерде алтын «ұшатын бұғы» табылған - бұл скиф-сақ өнерінің айрықша үлгісі. Бүркіт-грифтердің, балықтардың, қабанның, мысық тектес жыртқыштың, бозторғайдың, қоянның суреттері пішінінің айрықшалығымен және көрмекділігімен таң қалдырады. Бұл табылған заттар аңдар стилі деген ұғымды қалыптастырды. 2003 жылы Шілікті қорымында археолог Әбдеш Төлеубаев қазба жұмыстарын жалғастырып, 4333 дана алтын жәдігер тапты. Онда барыс, бүркіт, бұғы, арқар, қасқыр түріндегі айылбастар мен алтын моншақтар, сондай-ақ ертеде дәуірде жерленген адамның дәулеттілігін білдіретін алтын жұлдыз түріндегі айылбастар табылды. Археологтар барлық жоғарыда аталған олжалары Санкт-Петербург және Алматы қалаларындағы музей қорын толықтырды.

2016 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов «2016-2018 жылдарға ШҚО-да археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту бағдарламасын» бекітті. Осы бағдарлама аясында археолог Әбдеш Төлеубаев 2016 жылы Шілікті қорымындағы ағаш қабірде алтыннан жасалған 2025 әшекей тапты.

IMG_5055.JPG

Берел қорғандары

Біздің заманымызға дейінгі IV-III ғасырларға тиесілі Берел қорымы туралы да дәл солай айтуға болады. Берел алқабының ежелгі тұрғындары о дүниелік болған билеушілерінің бальзамдалған денелерін ұзақ уақыт сақтау үшін қабірлерін тұрғызуда мәңгі тоң линзасының қолданды. Алғаш рет «мәңгі тоңы» бар қорғанды 1865 жылы В.В. Радлов қазған. Ағаш қалыптағы хан денесі он жеті жылқымен бірге жерленген, олардың ер-тұрмандары ағаштан жасалған айылбастар мен алтын жағылған қабықтардың көп мөлшерімен безендірілген. 1999 жылы Берел қорымында Зейнолла Самашевтың жетекшілігімен Халықаралық Қазақ-Француз экспедициясы жұмыс істеді. Археологтар хан қабірін зерттеп, оның жанында толық жабдықтарымен - ауыздықтаған және ерттелген 17 жылқыны тапты. Жылқы жабдықтары мысық тектес жыртқыштардың, тау текелер мен қойлардың, бұланның жыртқыш құстар мен аңыздағы грифондардың суреттері салынған алтын әшекейлермен безендірілген екен.

Зейнолла Самашев үшжылдық бағдарлама аясында Берел қорымында қосымша жұмыстар жүргізіп, 2016 жылы бес жылқысымен бірге көмілген ақсүйек әйелдің қорымын ашты. Келесі жылы қазылған тағы бір қорымнан алтыннан жасалған 156 бұйым мен былғары киімдер табылды. Осылайша Берел артефактілері бүкіл әлемге ерте салтаттылар дәуірінің айрықша мәдениетін көрсетуге мүмкіндік берді.

IMG_5019.JPG

Елеке Сазы қорымдары

2018 жылы Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен археологтар тобы Елеке Сазы қорымында жұмыстар жүргізді. Олар біздің заманымызға дейінгі 1-ші мыңжылдыққа жататын жүздеген қорғандардан тұрады алқапты зерттеді. Ірі қорғандардың бірінен археологтар 17-18 жастағы жасөспірімнің сүйегін тапты. Жерлеу рәсімі бойынша ғалымдар ақсүйек деп тапқан оның қабірінен мүйізді бұғының, маралдың алтын жапсырмалары мен алтын қындағы қанжар, қормасақ тапқан. Биыл археологтар Елеке сазы қорғандарынан Еуразия кеңістігінде бұрын-соңды кездеспеген мүйізі алтын сыммен өрілген бұғының бейнесі тапты. Қазіргі уақытта аталмыш алқаптағы қазба жұмыстарының көлемі 25 шақырымға созылған. Мұнда белгілі археологтар Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаевтың басшылығымен бес зерттеуші топ пен әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік академиясының экспедициясы жұмыс жүргізуде.

IMG_5058.JPG


Өзгелердің жаңалығы