Шығыс Қазақстандағы сауда нысандары жабылмайды

18 Наурыз 2020, 16:51
2019
Бөлісу:
Шығыс Қазақстандағы сауда нысандары жабылмайды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде корновирусқа байланысты төтенше жағдай жариялануына орай Шығыс Қазақстандағы сауда нысандары жабылмағанымен, жұмыс уақыттарына бірқатар шектеулер енгізілді.

Елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты Шығыс Қазақстан облысының билігі өңір тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытындағы барлық шараларды қабылдап жатыр. Бұл туралы бүгін аймақтық коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде баспасөз мәслихатын өткізген облыстық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Ержан Шұрманов хабарлады.

Төтенше жағдай кезінде облыс тұрғындары барлығымызға бірдей төнген қауіпке жұдырықша жұмыла отырып бір адамдай төтеп беруіміз қажет. Өңірдегі сауда нысандарының жабылмайтынын айта кеткім келеді. Осындай кезде біздің басты мақсатымыз - облыс тұрғындарын қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету болып табылады. Сол себепті, сауда орталықтары, супермаркеттер, гипермаркеттер, базарлар, кіші-гірім дүкендер өз жұмыстарын әрі қарай жалғастыра бермек. Дегенмен, оларға бірқатар сақтық шараларын жүргізу туралы ескертілді. Оларға бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, дезинфекциялық шаралар жүргізу міндеттелді. Осы мақсатта жалпы көлемі 1,1 млн шаршы метрді құрайтын 5 мыңнан астам сауда нысандарына, оның ішінде 72 базарға ревизия жүргізілді. Сауда нысандарымен дезинфекциялық құралдар сатып алуға және сауда, қойма орындарында зарарсыздандыру туралы келісім-шарт жасалды, - деді Ержан Әйткенұлы өз баяндамасында.
Аталмыш жұмыстар аясында өңірдегі кәсіпкерлер өздеріне тиесілі сауда орындарында күніне үш мәрте зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізе бастады. Сондай-ақ адамдардың көп жиналатын кезегін болдырмауға бағытталған шаралар да қолға алынған.

Кезек болған жағдайда, адамдар арасындағы арақашықтық бір метрден кем болмауы туралы ескертілуде.

Ірі сауда орындарының иелеріне нысанға адамдарды медициналық маскалармен кіргізу, коронавирустың алдын алу туралы ескертпе қағаздарды тарату, келімді-кетімді адамдардың жағдайын бақылап отыру үшін кіреберістерге тепловизор құрылғыларын орнату сияқты талаптар қойылды. Сонымен қатар, ірі сауда орталықтары мен базарлардың жұмыс режимдеріне де бірқатар шектеулер енгізілді. Атап айтсақ, олар барлық санитарлық сақтық шараларын жүргізе отырып таңғы сағат 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Ал азық-түлік  сататын дүкендер, сауда үйлері, базарлар санитарлық сақтық шараларын ұйымдастыра отырып, кәдімгі режимде жұмыстарын жалғастыра беретін болады. Нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер қапталған күйінде ғана сатылады. Тауар сататын базарлар санитарлық және дезинфекциялық шараларын күшейте отырып, күндізгі сағат 11.00-ден кешкі 17.00-ге дейінгі аралықта жұмыс істейді, - деп қосты басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, ел президентінің Жарлығына сәйкес, ірі сауда нысандарындағы ойын-сауық орындары да жабылды. Атап айтсақ, осындай нысандардағы адамдар көп шоғырланатын кинотеатрлар, фитнес залдары, жаттығу залдары, балалардың ойын залдары жұмыстарын уақытша тоқтатты. 

Сондай-ақ, қоғамдық тамақтану орындарының жұмысына да біраз өзгерістер енгізілді. Мысалы, сауда орындарынан бөлек орналасқан осындай нысандардың жұмыс уақыты кешкі сағат 22.00-ге дейін, ал бір уақытта келіп-кететін адамдардың саны 50 адамға дейін шектелмек. Басқарма басшысы сауда-саттық және қызмет көрсетумен айналысатын кәсіпкерлерге қосымша қызмет көрсету терезелерін ашып, осылайша аймақ тұрғындарының қажетті тауарлар мен қызметті қашықтықтан
алуына мүмкіндік беру қажеттігін атап өтті.


Өзгелердің жаңалығы