Шығыста шекаралық аудандарды дамыту бағдарламасы әзірленді

19 Ақпан 2020, 12:34
2414
Бөлісу:
Шығыста шекаралық аудандарды дамыту бағдарламасы әзірленді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыс тұрғындары алдында есеп берген ШҚО әкімі Даниал Ахметов ауыл-аймақтағы өмір сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

Бүгінде өңір тұрғындарының 40 пайызы ауылды жерлерде тұрып жатыр. Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Глубокое, Көкпекті, Күршім, Үржар сияқты төрт тірек ауылда құны 3,5 млрд. теңгелік 8 жоба іске асырылды. Аталған елді мекендерде көшелерді орташа жөндеуден өткізу бойынша жұмыстар жүргізіліп, Көкпекті, Күршім, Үржар елді мекендерінде үш дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары мен Глубокое ауданының орталығында Мәдениет үйінің құрылысы басталды, - деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы биылғы жылы облыстағы 20 ауылда 7,2 млрд теңгелік 54 жобаны жүзеге асыру жоспарланғанын тілге тиек етті. Арнайы жобаға облыстағы 116 тірек ауыл кіріп, олар мемлекет тарапынан қолдауға ие болған.

Сонымен қатар шекаралық Күршім, Катонқарағай, Зайсан, Тарбағатай және Үржар сияқты аудандарды дамытудың 2020-2024 жылдарға арналған бағдарламалары әзірленді. Кешенді жоспарлардың аясында 5 жыл ішінде барлық көздерден 207 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінеді, - деп қосты Даниал Кенжетайұлы.
Өзгелердің жаңалығы