Шығысқазақстандық шаруалар өнім көлемін 4 есеге ұлғайтпақ

26 Ақпан 2021, 15:18
1258
Бөлісу:
Шығысқазақстандық шаруалар өнім көлемін 4 есеге ұлғайтпақ

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өңір шаруалары агроөнеркәсіп кешені өнімдерін алдағы екі жыл көлемінде 4 есеге ұлғайтпақ.

Облыс тұрғындары алдында есептік кездесу өткізген аймақ басшысы Даниал Ахметов соңғы уақытта өңір шаруаларының тиімділігі жоғары дақылдарды отырғызуға ден қойғанын атап өтті. Осылайша, өсірілетін дақыл түрлерін көбейтіп, егіс алқаптарын әртараптандыруға ұмтылған шығысқазақстандық шаруалар экспорт көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Өткен жылды қорытындыласақ, егіс маусымында облыстағы ауыл шаруашылығы бірлестіктері мен шаруалар жалпы мөлшері 774 мың тонна дәнді-дақылдар мен 616 мың тонна май дақылдарын жинап, қамбаға жеткізді. Соңғы жылдары шығысқазақстандық шаруалар өсімдік шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, тиімділігі жоғары дақылдар өсірілетін алқаптардың санын ұлғайтуды қолға алды. Осылайша, егіс алқаптарын әртараптандырған олар былтырғы егіс маусымында 1,3 мың гектар алқапқа соя, 2,2 мың гектарға жүгері дақылдарын отырғызып, жақсы түсім алды, - деді Даниал Ахметов.
Бұдан бөлек, облыста май дақылдарын өсіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Осының арқасында дақылдың аталмыш түрін өсіру көрсеткіші жоғарлай түсті. Атап айтсақ, қазіргі уақытта өсімдік майын өңдеуге бағытталған 3 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл өз кезегінде аталмыш өнім түрін өңдеуді жылына 1,1 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бермек. Облыс әкімінің айтуынша, кешенді түрде жүргізілген жұмыстар 2022 жылға қарай өз нәтижесін беріп, агроөнеркәсіптік кешеннің өңделген өнімдерінің көрсеткішін төрт есеге ұлғайтпақ көрінеді.

Марал және омарта шаруашылықтарын жақсы дамытқан Шығыс өңірі бал мен панты өндіруде республикада бірінші орында.

Даниал Ахметов агроөнеркәсіп кешенінің аймақ экономикасын дамытуда маңызының зор екенін атап өтті. Облыс экономикасын дамытуда жетекші бағыттардың бірі болып саналатын агроөнеркәсіптік кешенде сүт, күнбағыс майын, бал мен панты және ет өнімдерін өндіру жақсы жетілдірілген. Осының нәтижесінде өңір өнімдердің алғашқы төртеуін өндіруде республика аймақтарынан оза шапса, ет өндіруде екінші орынға жайғасты.

Былтыр облыстың ауыл шаруашылығы саласын қолдап, дамытуға 33,4 миллиард теңге бағытталса, оның 30,1 миллиарды субсидия түрінде берілді. Ал осы салаға құйылған инвестициялар мөлшері 37 миллиард теңгеден асып жығылды. Өткен жылы аудан, қалаларда бес сүт қабылдау пункті ашылды. 1050 бас ірі қараға арналған төрт сүт-тауарлы ферма жаңадан салынып, 150 бастық үш ферма қайтадан жаңғыртылды, - деді Даниал Ахметов.

Өңір басшысының айтуынша, соңғы бес жылда халықтан сүт жинау көрсеткіші ақшалай 18 есеге, ал заттай санақта сегіз есеге ұлғайған. Яғни, 2015 жылы халықтан 7,5 мың тонна сүт жиналса, былтыр оның мөлшері 57,2 мың тоннаға жуықтаған. Осының әсерінен сүт өңдейтін кәсіпорындардағы жұмыс жүктемесі 2015 жылдан бергі уақыт аралығында 29-дан 87 пайызға ұлғайған. 

Мал шаруашылығына қатысты өнімдер көлемінің артуы тамақ өнеркәсібінің аяқ алысын қарқындатты. Осының нәтижесінде жылына 19 мың тонна ет өңдейтін екі ет комбинатының құрылысы басталып, жеті мың бас ірі қараны бордақылауға мүмкіндік беретін үш бордақылау алаңы салынды. Бұдан бөлек, «Эмиль» фирмасы өз өндірісін жылына 45-тен 90 мың тоннаға дейін кеңейтіп, «Өскемен құс фабрикасы» кәсіпорны өз өнімдерін шығару көлемін 22-ден 55 мың тоннаға арттырды. 

Ал марал және омарта шаруашылықтарын жақсы дамытқан Шығыс өңірі бал мен панты өндіруде республикада бірінші орында.


Өзгелердің жаңалығы