Шымкент. Коронавирус жұқтырған екінші адамның кім екені мәлім болды

25 Наурыз 2020, 21:23
2760
Бөлісу:
Шымкент. Коронавирус жұқтырған екінші адамның кім екені мәлім болды

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласындағы Covid-19 коронавирус инфекциясын жұқтырған екінші адамның кім екені мәлім болды. Шымкент қаласының коронавирусқа қарсы күрес штабы хабарлағандай, ол кеше коронавирус жұқтырғаны анықталған ер адамның анасы болып шықты. 1970 жылы туған әйелдің коронавирус сынамасы оң нәтиже берген.

Бүгін диагнозы расталған әйел адам кеше коронавирус анықталған ер адамның туған анасы. Ол баласымен тұрмыстық тығыз қарым-қатынаста болғаны себепті 24 наурыз күні Шымкент қалалық жұқпалы ауруханалар ауруханасына жатқызылып, оқшауланған. 25 наурызда анализ қорытындысы оң нәтижесін берген. Науқастың қазіргі жағдайы қанағаттанарлық деңгейде. Коронавирус инфекциясының диагностикасы мен емі бекітілген хаттамаға сәйкес терапия жүргізіліп жатыр, - делінген штаб таратқан хабарламада.

Айта кетсек, кеше 24 наурызда Шымкентте ер адамнан коронавирус анықталды. 1996 жылы туған ер адам 20 наурызда Нұр-Сұлтан қаласынан келіпті. 

Мұның алдын ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев хабарлағандай, Шымкентке Нұр-Сұлтан қаласынан барған автобуста 51 жолаушы болған. Қазір олардың 35-і табылып, карантинге жатқызылған. Қалған 16-сын іздестіріп жатыр, табылғандары карантинге жатқызылады.


Өзгелердің жаңалығы