Бас жаңалықтар
Шымкент Жастар ресурстық орталығының қызметін 80 мың адам пайдаланады
PHOTO
30 Қараша 2019, 15:33 8789

Шымкент Жастар ресурстық орталығының қызметін 80 мың адам пайдаланады

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие – Шымкент қаласында жастар көп тұрады. Бүгінде 1 млн тұрғыны бар қаланың 26%-ін жастар құрайды. 

Осы орайда Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығының "Қоғаммен байланыс және ақпараттық талдау бөлімінің" басшысы Бижан Сәдібековпен әңгімелесіп, орталықтың жұмысы, "Қазақстан 2020: болашаққа жол" Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы 2020 жыл – Жастар жылына атқарған істері туралы білдік. 

Бижан Сәдібеков.jpeg

ШЫМКЕНТТЕ 264 281 ЖАС БАР 

Қазіргі таңда Шымкентте 264 281 жас өмір сүреді. Шымкент жастарының 117 593-ін ерлер, қалған 123 840-ын әйелдер құрайды.

Бүгінгі таңда Шымкентте 11 жоғары оқу орны және 37 арнаулы оқу орны бар. Бұл оқу орындарында 124 088 студент білім алады. Бүгінгі таңда студент жастарға арналған 39 жатақхана бар. 39 жатақхананың 21-і жоғары оқу орындарына, 18-і орта арнаулы оқу орындарына тиесілі.

Сондай-ақ, Шымкент қаласы бойынша барлығы 197 420 оқушы болса, соның 58 760-ы жастар санатына жатады екен.

Жастар саясатын үйлестіру мақсатында Жастар ресурстық орталығы жан-жақты қолдау білдіріп, жастардың бастамаларын жүзеге асыру бағытында қызмет көрсетеді. Ғимаратта 18 кеңселік кабинет, 600 орындық зал қарастырылып, 2323,2 ш.м. құрайды. Биыл Аутрич, NEET жастармен жұмыс бөлімі ашылып, қаладағы 4 аудан филиалдары жұмыс істейді. Филиалдарда 5 қызметкерден 20 қызметкер жұмыс жүргізіп жатыр. 2019 жылдан бастап орталықта алғаш рет жастарға арналған 11 үйірме мен 4 диалогтық алаңша ұйымдастырылды. Орталықтың қызметін 80 мыңнан астам жастар тұтынып келеді. 

Жастардың бастамаларына қолдау көрсету мақсатында орталықта мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтар болсақ бүгінгі таңда жұмыссыз жастарға қолдау көрсету және өз кәсібін ашуға мүмкіндік беретін "Жас кәсіпкер", "Бастау бизнес", қысқамерзімді кәсіптік оқыту жобаларын айтуға болады. Сонымен қатар, ЖОО жаңадан бітірген еңбек өтілі жоқ жастар үшін қолға алынып жатқан "Жастар тәжірибесі" және қоғамдық жұмыс пен әлеуметтік жұмысты жобалары да маңызға ие. Биыл NEET жастар үлесі 7% көрсеткішті көрсетеді. Осыған байланысты Шымкент қаласында орналасқан сауда орталықтары, базарлар, кафе, тойхана, автожуу орындары және тағы басқа мекемелерде жалданбалы түрде жұмыс атқаратын жастарға талдау жасап олардың арасында еңбек құқықтары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп тұрақты жұмысқа орналасуына жағдайлар жасап жатырмыз, - дейді Бижан Сәдібеков. 
жас кәсіпкер.jpg
NEET ДЕГЕНІМІЗ НЕ? 

Жастар әрдайым прогрестің қозғаушы күші болып табылатын өмірдің барлық саласындағы жаңа өзгерістерге барынша бейім халықтың белсенді және бастамашыл бөлігі болып табылады.

ҚР статистика мәліметтері бойынша NEET (NEET - NotinEmployment, EducationorTraining) яғни, жұмыс істемейтін, оқымайтын және жас адамның жұмысын табуға тырыспайтындар үлесі 2018 жылдың қорытындысы бойынша 9,1% құраса (республика бойынша 8,8%), 2019 жылдың І-тоқсанында 7,9% (республика бойынша 8,8%) болған.

Жастардың NEET категорияларына жататын жастар көбіне қала базарларында, техникалық қызмет көрсету орталықтарында, кафелерде және т.б. шоғырланған.

Жастар ресурстық орталығында "Аутрич, NEET жастармен жұмыс" бөлімі ашылып, 4 ауданда арнайы жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2019 жылы қаладағы 20 базардан "Жастарға қызмет көрсету орталығы" ашылды. Орталықта кеңес беру, ақпараттық қолдау көрсету, спорт түрлерінен тұрақты шаралар ұйымдастырылып келеді. "Жаңа өмір" жобасы жүзеге асырылып, 4 кешенді шаралар (психолог, заңгер, социолог) қатысуымен жеке кездесулер ұйымдастырылып, мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңес беріліп, жұмыспен қамтылады. Қаладағы бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан жастарды қоғамға бейімдеу және оңалту бойынша арнайы футбол лигасы құрылды. Лиганың бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, 5 кездесу өткізіліп, белсене қатысушылар марапатталды. Қаладағы маргиналды жастарды "Өзін-өзі дамыту психологиясы" (өмірде өзін қалай табу керек) және "Жаңа жұмысқа бір қадам" тақырыптарында жас жұмыс іздеуші азаматтарға арналған әлеуметтік кәсіби бағдарлау бойынша семинар-тренингтер өткізілді. "Еңбек" бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлікке баулу шаралары ұйымдастырылуда, - дейді Бижан Сәдібеков.

 үйірмелер.jpg

ОРТАЛЫҚТЫҢ ЕҢ ӨЗЕКТІ ДЕ ҚАЖЕТТІ ЖОБАЛАРЫ

 

Қазір Шымкенттегі жастар ісіне қатысты бірқатар мәселенің шешімін табуы барысында өзекті де қажетті жобалар іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, "Мен кәсіпкер боламын", IT CAMP және Professional жобалары іске қосылған. 

Еріктілер клубы.jpg

Елбасының стартаптарды қолдау қорын құру тапсырмасына сәйкес, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп "Мен кәсіпкер боламын" жобасы аясында жастарды кәсіпкерлікке баулу мақсатында бір айлық оқыту курстары жүргізілуде. IT CAMP жобалары ұйымдастырылады. Жоба арқылы жастар білімінің жаңа деңгейге шығады, жаңа дағдылары қалыптасады, яғни, бәсекеге қабілеттілігі артады. Жоба арқылы 200 жасты IOS, Android, Java, C++ жобалары арқылы жастарға базалық білім беріліп үздіктерді анықтайтын боламыз. Ең бастысы олар алған практикалық дағдылары мен білімдерін пайдалана отырып кәсіби деңгейде жұмыс істей алатын болады. Professional жобасын іске қосылды. Жобаның мақсаты – жоғары оқу орындарымен бірлесіп, бітіруші курс студенттеріне, қаламыздың ТОП-100 компаниясында тағылымдама ұйымдастыру. Қаламызда орналасқан жұмыс орындарында менторлық институтты қалыптастыру (Жас маманға Бір тәжірибелі маманды бекіту). Жоба аясында 1 мыңға жуық жас тағылымдамадан өтіп, кәсіби біліктілігін арттырады. Жұмысқа орналасуына жағдай жасайды. Мектеп жастарына мамандық таңдау бағытында консультациялар мен өндіріс орындарына экскурсиялар ұйымдастырылуда, - дейді Бижан Сәдібеков. 
bookcrossing.jpg

Сонымен қатар, Шымкент Жастар ресурстық орталығының бастамасымен кітапсүйер қауымға арналған жақсы бір жоба басталды. #bookcrossing жобасы аясында кітап алмасуға болады. Кітап алмасатын нүктелер Шымкенттің 5 жерінде, атап айтқанда М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да, Silkway университетінде, Орталық Қазпоштада, "Береке" ОСО және Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығында орналасқан. Мұнда өз кітабыңызды әкеліп, осындағы кітаптың бірін алып, орнына өзіңіз әкелген кітапты қойып кетесіз. 

bookcrossing 2.jpg

Бұдан бөлек, Жастар жылы аясында сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайларға өтініш қабылдау мерзімі ұзартылыпты. 

Бижан Сәдібековтың айтуынша, Шымкент қаласының әкімдігі науқаның маңыздылығын ескеріп тиісті комиссия жұмысын сенбі, жексенбі күндері де жалғасады екен.

Алдын 25-29 қараша күндері құжат қабылданса, енді баспаналы болуға ниетті жастар қажетті құжаттарды 30 қараша және 1 желтоқсан күндері сағат 09:00 мен 19:00 аралығында Шымкент қаласы, Республика даңғылы, 12а мекенжайында орналасқан ғимараттың 1 қабатына келіп өткізе алады.

Толық ақпаратты shymkent.gov.kz сайты немесе 24-74-85 телефоны арқылы білуге болады.


Фото: автордан
Загрузка...