Бас жаңалықтар
Шымкентте 20 150 отбасының балалары компьютермен қамтылған
22 Қыркүйек 2020, 21:55 159

Шымкентте 20 150 отбасының балалары компьютермен қамтылған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның қатысуымен елімізде енгізілген карантинге байланысты Шымкент қаласында қашықтықтан, кезекшілік сыныптардың білім беру жағдайы бойынша брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде басқарма басшысы карантиндік режим кезінде қашықтан оқыту барысына тоқталды.

Қаладағы барлық мектептерде «Bilim Iand - Onlinemektep.org» интернет платформасында қашықтан оқыту ұйымдастырылған. Сонымен қатар, олар ҚР БҒМ тарапынан ендірілген «Күнделік.кз» электронды журналдар ақпараттық жүйесінде жұмыс жүргізуде. Ал мектепке дейінгі ұйымдарда ата-аналардың қалауы бойынша балаларды кезекші топтарға қабылдау ұйымдастырылды. Бала саны 15-тен аспайды. Жалпы, бүгінде 2711 кезекші топта 18 971 бала тәрбиеленуде, – деді Ж.Тәжиева.

Жанат Арысбекқызының сөзіне сүйенсек, қалада қашықтан білім беру жағдайында 222 050 оқушының 80 780-інде (36,3%) компьютерге тапшылық анықталған. Оның 42 907-і – әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасы балалары. Осыған орай білім ұйымдарындағы компьютерлерді уақытша беру арқылы бірінші кезекте әлеуметтік көмекті қажет ететін 20 150 отбасының 35 798 баласы компьютермен қамтылған. Алдағы уақытта сатып алынатын компьютерлік құрылғылар есебінен 44 982 оқушы қамтылады. Оның ішінде 7 109-ы – аз қамтылған отбасы балалары, ал ББҰДҚ сәйкес 37 873-і компьютерді қажет ететін отбасы балаларына үлестіріледі. 

Брифинг барысында басқарма басшысы интернет желісі нашар елдімекендердің мәселесі шешіліп жатқанын айтты. Одан бөлек, Шымкент қаласында кезекші сыныптарға шахмат сабағы енгізілгенін жеткізді. Бұл бастама жөнінде пікір білдірген Жанат Арысбекқызы басты мақсат баланың зияткерлік деңгейін өсіру, ой-өрісін дамыту екенін алға тартты.   

Айта кетейік, биыл Шымкент қаласында жаңа оқу жылы 752 білім беру мекемелердегі 330 мыңға жуық білім алушылармен басталды. 


Фото: дереккөз
Загрузка...