Шымкентте 3000 ерікті тіркеліп, жұмыс істеп жатыр – Жұлдызхан Балтабаева

29 Маусым 2020, 18:05
6592
Бөлісу:
Шымкентте 3000 ерікті тіркеліп, жұмыс істеп жатыр – Жұлдызхан Балтабаева
PHOTO

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Биыл – Еріктілер жылы. Алмағайып оқиғаларға тап келген еріктілер жылы Шымкентте қалай өтіп жатыр? Міне, осы сауал жауабын Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығы директоры Жұлдызхан Балтабаевадан сұрап көрдік. Сұхбатымызды бастамас бұрын, аз-кем өткенге тоқталып өтелік.

2018 жылдың 19 маусымында Шымкент қаласы – республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болды. Сол кезде қала әкімдігінде Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы құрылып, басқармаға қарасты "Жастар ресуртық орталығы" КММ ашылды. Басқарма басшылығына Жандос Қалтаев, ал орталық директоры қызметіне Нұрдәулет Тәңірберген тағайындалды. Жаңа жұмысын бастаған мекемелер Шымкент жастарының басын қосып, қала жастарына өтімді де пайдалы бірқатар жобаны сәтті жүзеге асырды. Тек ойын-сауық жобаларымен шектелмей, әлеумет, білім бағытында ірі-ірі жобалар бастады. 2019 жылдың қарашасында Жастар ресурстық орталығының директоры қызметіне Бауыржан Молдабеков тағайындалды. Ол орталықты жарты жылға жуық уақыт басқарып, маусым басында қызметінен кетті. Жастары көп қаланың жастар орталығы басшылығына Жұлдызхан Балтабаева келді. Бұған дейін Түркістан облыстық "Жастар ресурстық орталығы" басшысының міндетін атқарушы қызметтерін атқарған Жұлдызхан Балтабаева Шымкент жастар ресурстық орталығының жұмысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. 

Жұлдызхан Балтабаева (2).jpeg

Тілші: Жұлдыз, сіз Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығына басшы болып келген тұста қаланың Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы таратылды. Жастар ісі ішкі саясат және дін істері басқармасының қарамағына өтті. Бұл сіз басқаратын орталық жұмысына қалай әсер етті? 

Жұлдызхан Балтабаева: Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасына қарасты жастар бағытының ішкі саясат және дін істері басқармасы құрамына кіруі Жастар ресурстық орталығының жұмысына ешқандай әсер етпейді. Себебі, Жастар орталығының бір жылға бекітілген нақты жұмыс жоспары, бағыттары бар. Жастар орталығының Республикалық үлгілік ережесіне сәйкес жұмыс жасайды. Биыл 2025 жылға дейін Республикадан тұжырымдама қабылданып жатыр, осы тұжырымдама аясында жұмыс жасалынады. Орталық қай басқарманың қарамағында болмасын, Жастар орталығы жұмысын тоқтатпайды. Жұмысымызды жандандырып, жастарды ақпараттандыруды күшейтіп жатырмыз.

Тілші: Тағы бір жайт, Жастар ресурстық орталығына басшы болып келер алдын бұл орталыққа қатысты дау шықты. Қыздың жүріс-тұрысына сыни мазмұндағы видео осы орталық тапсырмасымен түсірілгені айтылды. Қалай ойлайсыз, сіздің орталық директорлығына келуіңіз әйел жынысты болуыңызға байланысты ма? 

Жұлдызхан Балтабаева: Резонанс болғаны рас, алайда бұл тағайындау ол мәселеге қатысы жоқ. Бұл маған артылған сенім мен үміт болды деп ойлаймын. Барынша сенімді ақтауға тырысамын. Бұл қызметке келмей тұрып та бірнеше басшылық қызметте істедім. Еңбек жолын он сегіз жасында газет тілшісі болып бастағанмын. Кейіннен үйлестіруші-координатор және Түркістан облыстық "Жастар ресурстық орталығының" бөлім басшысы, басшының міндетін атқарушы қызметінде болдым. Басшы болу қашанда жауапкершілікті талап етеді. Студент кезімнен осы жастар саласында жүрмін. Практикант та, маман да болдым. Әр лауазымның қандай жауапты екенін сезінгенмін. Сондықтан жұмыстың оңайы жоқ. Ең бастысы, оны жүрекпен, шын ниетпен, жақсы көріп жасасаң, болғаны. 

Жастар ресурстық орталығы.jpeg

Тілші: Talas студиясы түсірген сол видеоны (қызды киіміне қарап жеңіл жүрістіге теңейді) көрген шығарсыз. Осы ролик туралы ойыңыз қандай? 

Жұлдызхан Балтабаева:Бейне роликтің негізгі мақсат-мазмұны өте жоғары. Негізгі бұл роликтің маңыздылығы қыз намысын ар ожданына кері пікір айтылмаған. Режиссер тарапынан бұл роликтің маңыздылығы қыз намысының тапталуына жол бермеу, ар-ожданын жоғары бағалауға идея тастау болатын деп түсінемін. Роликтегі қателерге келсек, қоғамымыз әлі де киім-кешек пен түр-әлпетіне қарай қабылдайтынын және пиғылы бұрыс адамдардың да бар екені анық. Қыздарымызды кемсіту, қорқыту, мазақ ету орталық тарапынан еш қолдамас іс-әрекеттер. Зайырлы мемлекетімізде жыныс бойынша ешқандай да кемсітуге жол болмайтынына сенімдімін. 

Тілші: Енді Жастар ресурстық орталығының жұмысына келейік. Орталық басшылығына келген соң, бірінші өзгерісті неден бастадыңыз? 

Жұлдызхан Балтабаева:Бірінші жұмысты жастар саласының мамандарын, яғни орталық қызметкерлерінің біліктілігін арттырудан бастадым. Жылдық жұмыс жоспарын қайта қарау және қосымшалар мен толықтырулар енгізілді. "Жастар ресурстық орталығы" ғимараты ішінен жастарға арналған тегін "Коворкинг" орталығының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ашық кеңсе және тәуелсіз бола отырып, өздерінің іс-әрекеттері үшін ортақ кеңістікті қолданатын жастардың жұмыс істеу моделін жүзеге асыру жоспарлануда. "Shymkent HUB coworking zone" жастарға қолжетімді жұмыс кеңістігі, кездесуге арналған таптырмас open office, тегін қолжетімді Wi-fi интернет желісімен қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда, карантин режиміне байланысты, орталық толығымен онлайн ақпараттық жұмыстарына көңіл бұрып, барынша жұмысты онлайн жүйеге келтірудеміз. Қоғам белсенділері мен өз саласының кәсіби мамандары әлеуметтік желі тікелей эфирінде ауқымды тәжірбиелерін жастармен бөлісуде. 

Тілші: Орталықтың сізге дейін болған қай жобаларын әрі қарай жалғастырасыз және қай жобаларын тоқтатасыз? 

Жұлдызхан Балтабаева:Орталықтың ешқандай жобаларын тоқтатпаймыз. Қазіргі таңда пандемия ушығып тұрғандықтан ауқымды, адамдар көп шоғырланатындай жобалар жоспарланып жатқан жоқ. Тек онлайн режимде жұмыс жасап жатырмыз. 

Тілші: Қандай жаңа жобалар жасалып жатыр?

Жұлдызхан Балтабаева: Орталықтың мына жобалары қазір де жалғасып жатыр. Атап айтсақ:

1.     "PROFESSIONAL" жастарды жұмыспен қамту жобасын іске асыру - TOP – 100 үздік кәсіпорынның тізімін жасақтау. 2020 жылы – 200 жасқа                    іс-тәжірибиеден өту үшін тағылымдама ұйымдастыру. Soft-skills дамыту бойынша 10 мың жасқа тренинг өткізу (Түйіндемені сауатты құрастыру, коммуникативтік дағдылар, әңгімелесуден тиімді өту әдістері;

2.     "БОЛАШАҚ" мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар беру жобасы - Бітіруші сынып 5 мың мектеп оқушыларына қаламыздың ірі кәсіпорындарына экскурсия ұйымдастыру. 5 мың мектеп оқушыларына мамандық таңдау бойынша кеңес беру;

3.     "NEET жастарды әлеуметтендіру жобасы" Жасөспірімдер мен кәмелет жасқа толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 50 рейдтік іс-шара ұйымдастыру.

§ Шалғай орналасқан мөлтек аудандарда жастарға шахмат, кіші футбол ойындарынан 50 турнир ұйымдастыру;

§ Қаладағы ірі және ұсақ сауда орындары (базарлар), көлік жуу орындары және т.б "ыстық" нүктелерде NEET санатына жататын жастарға мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру мақсатында 48 акция ұйымдастыру;

§ Оқуға түсе алмаған және әскерге шақырылмаған 2020 жылғы түлектердің мәлімет базасын қалыптастыру;

§ "ЖИТС-тің алдын-алу және онымен күрес" орталықтарымен бірлесе осал топтағы жастармен 50 семинар-тренинг, акция ұйымдастыру;

§ NEET санатындағы жастарға арналған базардағы кеңес беру орталықтарының жұмысын ұйымдастыру.

4.     "JASTAR BUSINESS IDEA" инновациялық жобалар байқауы - Жастардың 5 инновациялық жобаларына қаржылай грант беру – 2,5 млн. Теңге. Инновациялық жобалардың базасын қалыптастырып, инвестиция тартуға көмектесу.

5.     "IT CAMP" жобасын іске асыру - Silkway халықаралық университетімен бірлесіп, бағдарламашылар жұмыс жасайтын коворкинг орталығын ашу. IT жобалар байқауын ұйымдастыру (Жүлде қоры – 600 мың. теңге). 2020 жылы – "Python" бағдарламалау курсы арқылы 200 жасты оқыту.

6.     "САЛАМАТТЫ ҰРПАҚ!" жобасын іске асыру - 2020 жылы – "Шымкент жастары" футбол лигасын және баскетбол лигасы ашу. Лигаға қатысатын жастар саны – 3 мың жас. "Tour de Shymkent" веломарафонын ұйымдастыру. Жастар ұйымдары арасында спорттық спартакиада ұйымдастыру. "Shymkent" марафонын ұйымдастыру.

7.     "Жас отбасы" жобасын іске асыру - Неке құру, отбасындағы жарасым туралы отбасы құруға ниетті 10 мың жасқа семинар-тренинг ұйымдастыру.

8.     "ЖАСТАР СИНЕРГИЯСЫ" саяси лагерін ұйымдастыру - Шымкент қаласының белсенді 150 жасына оқыту курсы ұйымдастырылады.

9.     "Мектеп жастар лигасы" жобасын ұйымдастыру - Шымкент қаласының 133 мектебінен 5 лидерлерді жинақтап, лигаға қатыстыру. Спорттық, мәдени, білім және т.б салалар бойынша 50 іс-шара ұйымдастырылады. Қамтылатын мектеп оқушылары саны – 5 мың.

10. "JAIDARMAN" жобасын іске асыру - "JAIDARMAN" республикалық және 9 қалалық ойынын ұйымдастыру. Қамтылатын жас саны – 25 мың.

11. "Еріктілер орталығы" жобасын іске асыру - "Шымкент жастары" волонтерлар пулын қалыптастыру – 500 жас.

§ Студенттік әлеуметтік кредит жобасы аясында 5 мыңнан астам волонтер жұмыспен қамтылады.

§ Волонтерлік қызметті 7 бағытта дамыту.

§ Волонтер жастардың 3 күндік лагерін ұйымдастыру. Қамтылатын жастар саны – 300 ерікті.

§ Волонтер жастарға өлкетану бағытында 4 экскурсия ұйымдастыру. Қамтылатын жастар саны – 400 ерікті.

§ Коворкинг форматында "Еріктілер орталығын ашу".

12. "Ұлттық жобалар байқауы";

13. "Жастар Онлайн" жастар бағдарламасы;

14. Жастар синергиясы саяси лагері;

15. Балалар және жасөспірімдер қозғалысын дамыту;

16. Мемлекет басшысының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру және Бес әлеуметтік бастама" атты бағдарламалық мақалаларындағы құндылықтарды насихаттау т.б жобалар жүзеге асады. 

Тілші: Биыл еріктілер жылы сонымен қатарласа, коронавирус өршіп тұр, орталық еріктілері қалай жұмыс істеп жатыр? 

Жұлдызхан Балтабаева: Еріктілер жылына орай "Волонтермен жұмыс жүргізу" бөлімі ашылды. Бөлімде 4 бірлік және Шымкент қаласынан 3 000 жас ерікті тіркеліп "Birgemiz" ұлттық жоба аясында жұмыс жүргізілуде. Орталық қаламызда коронавирус пандемиясының алдын алу шараларын ұйымдастыру барысында бірқатар шара атқарды. Қоғамды сабырлыққа шақыру, коронавирустан сақтану және таралуының алдын алу мақсатында 8 әлеуметтік бейне роликтер мен 20 түрлі электрондық флаер дайындалып, түрлі әлеуметтік желілерге таратылды. Қаладағы волонтерлық қызметпен айналысатын ұйымдарды (Жария, Мейірім, Добряки Шымкента, Волонтер Шымкент, ASSA, Ізгілікте жарысайық, Благо дарю, Lider.kz, Жастар қуаты) біріктіріп, "Шымкент волонтерлар қауымдастығын" құрды. Қауымдастықтың қызметін үйлестіру барысында: "Жанға жылу" қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, 12 245 әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен қарияларға тұрмысқа қажетті азық-түлік себеті үлестірілді. 333 отбасыға қажетті дәрі-дәрмекті жеткізіп берді. Волонтерлар 1 млн астам медициналық бетперделер мен антисептик таратты. "Халық банк" АҚ 104 банкоматында санитариялық нормаларды сақтауға көмектесіп, банк басшылығы тарапынан жоғары бағаға ие болды.

"Жас сақшы" жобасы аясында полиция басқармалары қызметкерлерімен бірлесе отырып, сауда орындары, ойынханалар, тамақтану орындары мен дүкендердің жұмысына бақылау жүргізуде. Мақтааралдағы су апатына байланысты 100 аса волонтер көмекке барып, құлап қалған үйлерді қалпына келтіру үшін тазалық жұмыстарын жүргізуге көмектесті. Елтай елді мекеніндегі 50 отбасына қажеті азық-түлік жеткізілді.

Сонымен қатар, "Nur Otan" партиясы Шымкент қалалық филиалына "Jas Otan" жастар қанатының белсенді мүшелерімен, "Ізгілікте жарысайық" қайырымдылық қорының волонтерларымен бірге 2200-ден астам аз қамтамасыз етілген отбасыларға, көпбалалы аналарға, қарияларға азық-түлік, медициналық бетперде мен антисептиктерді таратылды. 180 отбасыға 1 тонна тауық еті таратылды.

Birgemiz: 7 жобасы аясында төтенше жағдай байланысты 2 мыңға жуық волонтерды оқыту жоспарлануда. Қазіргі таңда Sabaktastyq , Taza Alem, Asyl Mura бағыттары аясында 500 волонтер Zoom платформасында оқыту курсынан өтіп жатыр.

7 бағыт бойынша жұмыстар атқарылады. Атап айтқанда: "Birgemiz": "Asyl mura" жобасы, "Birgemiz": "Bilim" жобасы, "Birgemiz": "Sabaqtastyq" жобасы, "Birgemiz": "Saulyq" жобасы, "Birgemiz": "Taza Qazaqstan" жобасы, "Birgemiz": "Úmit" жобасы, "Birgemiz": "Qamqor" жобасы. Жоба аясында волонтерлар тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау бойынша волонтерлерді тарту, орта мектептердің жоғары сынып оқушыларын волонтерлердің көмегімен оқыту қызметтерін көрсету, балалар үйлеріндегі балаларға және өмірде қиын жағдайға тап болған жастарға, балаларға қатысты волонтерлердің тәлімгерлік жағынан көмек көрсету, медициналық волонтерлік бағытын жандандыру, ел бойынша экологиялық бастамаларды үйлестіру және ілгерілету, төтенше жағдайдың (су басу, өрт т.б.) алдын алу, волонтерлерді қарттар үйлеріне, халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына тарту мақсатында жұмыстар атқарылады. 

Тілші: Биыл көптеген іс-шара пандемияға байланысты тоқтатылды, кейбірі онлайнға ауыстырылды. Қазір жастар орталығы бірнеше онлайн жоба жүргізіп жатыр. Оқырмар үшін солардың атауын, мазмұнын және шығу уақытын айтып берсеңіз? 

Жұлдызхан Балтабаева: Пандемия кезінде жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бойынша онлайн іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның ішінде: egov электронды үкіметі арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу және ЭЦҚ кілтін алу бойынша 300-ге жуық адамға кеңес берілді.

Жастардың карантин уақытында пайдалы кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында "Үйде бірге оқимыз" челленджі жарияланып, 3000 жас 9000 кітап оқыды. Жеңімпазға Іphone 11 PRO телефоны сыйға тартылды.

Карантин уақытында жаңа онлайн өнім жасадық:

- shymkent-jastary.kz платформасы "Әлемдік 100 бестселлер онлайн кітапхана (1500 жуық оқырман)" әзірленді;

- Joinchat платформасы арқылы психология бағытында анонимді консультация (351 жас) қызметі ашылды;

- Каникул уақытында және карантин жағдайында уақытты тиімді пайдалану үшін білім беру ресурстары ұсынылды. Ішінде:

- "Coursera" - жаппай онлайн-білім беру жобасы;

- Оқушылар үшін ресурс қолжетімді әрі тегін "Хан академиясы" коммерциялық емес білім беру ұйымы жобасы;

- спорттық челлендж (үйдегі сергіту жаттығулар);

- танымдық, мәдени шаралар. Ішінде: құқықтық, медициналық онлайн кеңестер беру, үй жағдайында бетперде тігу, антисептиктер дайындау, бет күтімі мен қолөнер шеберлігінен шеберлік сағаттары, лайфхак, "Жұлдызбен бір сағат", "Әндету кеші онлайн" ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, қазіргі таңда орталық жанынан ашылған 10 жуық үйірме онлайн режиімде жұмыс жасауда. Атап айтқанда: қазақ тілі, ағылшын тілі, кәріс тілі, шахмат, жас журналистер, колорист, тоғызқұмалақ ойын түрлерінен үйірме жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда жүзге жуық жас үйірме жұмыстарына қатысуда.

Мәдениет саласы, спорт саласы, волонтерлар қозғалысы, психологиялық және мемлекеттік бағдарламаларды жетік түсіндіру, отбасы құндылықтарын насихаттау, жастар арасында келеңсіз жағдайлар мен жат қылықтардың алдын алу мақсатында орталықтың парақшасында арнайы сала өкілдерімен онлайн-сұхбаттар, ZOOM платформасы арқылы оқыту сабақтары ұйымдастырылуда.

Әр шығарылым алдында Жастар ресурстық орталығының арнайы парақшалары арқылы афишалар шығарылып, жариялануда. Оқырмандар, қала тұрғындары алдын ала көріп танысып, өзіне керекті мәліметті алып отыра алады. 

Тілші: Жазғы демалыста студенттер, оқушылар түрлі маусымдық жұмыстар істейтін. Биыл көптеген кәсіп нысаны жабық немесе шектеулі режимде жұмыс істеуде. Бұл жағдай жазда жұмыс істейтін жастарға қалай әсер етуде? 

Жұлдызхан Балтабаева: Қазіргі таңда студент, оқушыларға өз дағдыларын дамыту, бизнес жоба жасақтауға, өз кәсібін ашуға онлайн сабақтар өткізілуде. "Кәсіпкерлерге қызмет көрсету" орталығы және "Кәсіпкерлік мектебімен", Шымкент қаласының "Атамекен" ұлттық палатасымен бірлесіп жастарды кәсіпкерлікке баулу мақсатында "Кәсіпкерлік негіздері", "Мастер кластар", "Тақырыптық тренингтерге" қатысуын ұйымдастыру. Нәтижесінде несие алып, өз ісін ашуға қолдау көрсету. Орталық жанынан "Business school" жастарға кәсіпкерлік негіздерін үйретуге бағытталған жоба, "Jastar business" инновациялық жобалар байқауы, "Professional" жастарды жұмыспен қамту жобасын іске асыру жоспарлануда (жас кәсіпкер жастарды индустриалды аймақтар, зауыт - фабрикалар, өндіріс кәсіпорындар базасында таныстыру, бизнес бастамаларын қолдау мақсатындағы "Бағытыңды тап" тақырыбындағы мастер-класс жұмыстары). Сондай -ақ, "Алтын қор" үздік жоғары оқу орындарының бітіруші курс студенттерінің резервін қалыптастыру көзделген. "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы аясында жастардың цифрлық технологияларды меңгеру сауаттылығын арттыру мақсатында IT park мектебінің оқыту сабақтарын ұйымдастыру жоспарлануда. 

Тілші: Қазір жастарды жұмыспен қамту, жас мамандарды жұмысқа орналастыру бойынша қандай нақты ұсыныстар бар. Мәселен, жұмыс іздеген жас сіздің орталыққа келсе, оны жұмысқа орналастыру бойынша қандай кеңес беріп, қайда жібересіздер? 

Жұлдызхан Балтабаева: Біріншіден, қазір жастарды жұмыспен қамту, жас мамандарды жұмысқа орналастыру бойынша TOP – 25 үздік кәсіпорындармен меморандумға қол қойып "PROFESSIONAL" жастарды жұмыспен қамту, тағылымдамаға бағытталған жастардың кемі 50 пайызын жұмысқа тұрғызуға ықпал ету мақсатында жұмыстар іске асырылуда. Сонымен қатар, жастар арасында жұмысқа орналасуды оңтайластыру мақсатында Soft-skills дамыту бойынша жастарға онлайн-тренинг өткізу (Түйіндемені сауатты құрастыру, коммуникативтік дағдылар, әңгімелесуден тиімді өту әдістері) жүзеге асырылуда.

Екіншіден, әлеуметтік желілер мен орталық жанынан құрылған "Жастарға мобильді қызмет көрсету" топтары Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының "Бастау бизнес", "Қоғамдық жұмыс" және "Жастар практикасы" - мен жұмысқа орналасу бойынша ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді.

Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталықтары және жұмыс беруші компания, мекемелермен бірлесіп бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастырады (вакансиялар мен түйіндемелер электронды базасын жинақтау). 

Тілші: Сіз біраз уақыт психолог болып жұмыс істедіңіз. Дәл қазіргі уақытта жастарды көбіне қандай ой мазалайды?

Жұлдызхан Балтабаева: Адамдарды мотивациялаудан бастап, құндылықтар мен әлеуметтік-психологиялық ахуалы және эмоциялық аймағын зерттеу өзекті мәселелердің бірі ретінде алға шығады. Бүгінде қатаң ережелерде отырған жастарды физиологиялық-психологиялық ахуалына назар аудару қажеттілігі туындауда. Солардың кейбірін атап өтетін болсақ: өз-өзіне деге талаптардың күшеюі, көңіл күйдің бұзылуына, ағзаның әлсіреуіне, ұйқының бұзылуына, созылмалы шаршау, жалғыздық сезіміне, қобалжудың жоғарылауына,

іс-әрекетті басқару, шешім қабылдау, өзін-өзі дамыту, стреске төзімділік және ақпараттар легінің көбеюі стреске төзімділікті төмендету қаупін туындатады, агрессивтіліктің және конфликтіге түсу жағдайының артуына алып келеді. Тұлғаның психологиясына әсер етері жайттар бар екендігі сөзсіз, міне осы жайттар жастар бойындағы үрейді туғызады.

Осы орайда "Психологиялық көмек күйзелістің алдын алу бөлімінің" жүргізіліп жатқан жұмыстары: "Отбасы мүшелерінің психологиялық қарым-қатынасы" тақырыбындағы, "Жұптық қарым-қатынастағы ерекшеліктер", "Жастар мен балалар арасында интернет тәуелділіктің алдын алу", "Тайм-менеджмент уақытты тиімді пайдалану", "Жастардың психологиялық дамуына ықпал ететін факторлар", "Өз-өзіңе сенімділікті қалыптастыру", "Репродуктивті және психикалық денсаулық мәселелері", Отбасы институтын нығайтуға және отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге, Жасөспірімдер мен жастардың девиантты мінез-құлқының алдын алу бойынша сұхбаттар жүргізілуде.

 Тілші: Сұхбатыңызға рахмет!
Өзгелердің жаңалығы