Шымкентте денсаулық, білім беру саласында бәсеке жоғары екен – Меруерт Есембаева

24 Сәуір 2021, 19:15
1982
Бөлісу:
Шымкентте денсаулық, білім беру саласында бәсеке жоғары екен – Меруерт Есембаева
Сұхбат

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының төртінші бағыты – еңбек ресурстарының ұтымдылығын арттыру аясында еліміздің оңтүстігінен солтүстік өңірлерге тұрғындарды көшіруді насихаттау жұмыстары жалғасып жатыр. Солтүстік өңірлердік әкімдік қызметкерлері оңтүстік өңірлерге, соның ішінде Шымкентке де келіп, жергілікті жұртшылықпен кездесіп, үгіт-насихат жүргізді. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысын баяндады. Осы орайда Павлодар облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші-қон бөлімі басшысы Меруерт Есембаевамен сұхбаттасып, солтүстік өңірлерде қай сала мамандары тапшы, көшіп барушыларға қандай жағдай жасалатынын білдік. 

– Павлодар облысында қанша бос жұмыс орны бар, қандай мамандықтарға сұраныс көп?

– Павлодар облысында 4000-ға жуық бос жұмыс орны бар. Жылда осынша бос жұмыс орындары пайда болып тұрады. Себебі өнеркәсіп саласы өте жақсы дамыған өңір болған соң жұмыс орындары ашылады. Сол орындарға мамандарды шақыру үшін жұмыс жүргізіп келеміз. Өнеркәсіп орталығында техникамен жұмыс істей алатын мамандар өте қажет. Әсіресе ауыр өнеркәсіп саласына маман тапшы. Ал Шымкент пен Түркістан облысында жеңіл өнеркәсіп саласы жақсы дамыған. Сол себепті де біз бұл жақтан ауыр өнеркәсіпке қажет мамандарды аз кездестіреміз. Дегенмен осы өңірден басым көпшілігі – білім беру саласының мамандары. Бізге математика, ағылшын тілі, физика пәнінің мұғалімдері өте қажет. Денсаулық сақтау саласының мамандарына да бос жұмыс орындары бар. Бұл сала мамандары барлық жерге де қажет шығар. Оңтүстікте денсаулық сақтау саласының мамандарын дайындайтын арнайы оқу орындары көп. Бәсеке де жоғары. Сондықтан көптеген азамат дипломына сәйкес жұмыс таба алмай жатады. Мамандығына сәйкес жұмыс істеуді армандап жүрген азаматтарды осы бағдарламаны пайдаланып қалуға шақырамын. Бұл – өте жақсы мүмкіндік.

Ауыл шаруашылығы саласының мамандары да керек. Мал дәрігерінен бастап қарапайым механизаторға дейін қажет. Ауыл шаруашылығы техниктері керек. Осы тұста айта кетейін, ең бастысы көшіп барғысы келетін адамда шынайы ниет болу керек. Сол жаққа барған соң жаңа өмір бастай алатынына сену керек. Осындай азаматтардың алған біліміне сәйкес жұмыс тауып беріп, аяқтан тұрып, сіңісіп кеткенше жан-жақты қолдау көрсетеміз. 

– Солтүстікке көшіп барып, кейін оңтүстікке қайта көшіп кеткендер бар ма?

– 2017 жылдан бастап қазірге дейін Павлодар облысына 7000-ға жуық адам көшіп келді. Квота қаражатын алып, жұмысқа орналасқандардың 2 пайызы қайтадан басқа өңірлерге көшіп кетті. Енді 2 пайыз аса үлкен көрсеткіш емес. Біз осы бағдарлама басталар алдын «бұл көрсеткіш тіпті көп болады» деп жоспарлағанбыз. «Көшіп келушілердің 50 пайызы тұрақтап қалса, соны да жетістік» деп ойлайтын едік. Дегенмен біздің өңірге барып, балдай батып, судай сіңіп жатқан азаматтар көп. Көшіп келушілердің арасында еңбекқорлығымен сол жердегі азаматтарға үлгі болып жатқандары да жетерлік. Кері қайтушылардың бәрі бірдей оңтүстікке қайта келмейді. Павлодар облысы Нұр-Сұлтан қаласына жақын болған соң бас қалаға қызығушылық танытып, сол жаққа қоныс аударғандары да бар. 

– Жоғарыда айтылған бос жұмыс орындарына дипломын алған, бірақ жұмыс тәжірибесі жоқ мамандар қабылдана ма?

– Әрине, қабылданады. Бір қызығы, бұл жақта қолында дипломы бар, бірақ еңбек өтілі жоқ азаматтар көп екен. Әрине, бәсеке бар, халық саны көп. Мысалы отбасылы адам болса, отбасының мүше саны 4 адамнан кем болмаса, біздің тараптан үйлі болуына да мүмкіндігі бар. «Еңбек» бағдарламасы аясында өңірлік квота бар. Сол өңірлік квотамен берілетін бірінші қаражат: ол – көші-қон қаражаты. Оңтүстік өңірінен көшкендердің бәріне қажет ақшаны үкімет тарапынан өтеп беру үшін жан басына 204 мың теңге беріледі. Былтыр бұл қаражат 100 мың теңге, яғни 35 АЕК болатын. Кейін Президентіміздің тапсырмасы бойынша Солтүстік өңіріне барған азаматтарға қолдау шараларын көбейту керек болды. Биылдан бастап сол қаржы әрбір адам басына 204 мың теңгеге өсті. Бір отбасында 5 адам болса, көші-қон қаражаты 1 млн теңгеге жетеді. Оңтүстікте адам саны көп отбасы бар. Сол кісілерге өте жақсы қаражат қарастылырып отыр. Тағы бір көмек қаражат – 12 айдың ішінде үй жалдап тұруға берілетін ақша. Көшіп келген отбасы 12 айдың ішінде үкімет қаражатына кез келген үйді жалдап тұруына болады. Егер үйді сатып алатын болса, осы қаражаттың бәрі бірреттік ақшалай түрде қолына беріледі. Ұнатқан үйін сатып алуға мүмкіндіктері бар. 

– Солтүстік өңіріне көшу үшін Оңтүстік өңірінде кемі қанша уақыт тұрақты тіркеуде болуы керек.

– Бағдарламаның талабы бойынша көшіп барушы адам міндетті түрде Оңтүстік өңірінің тұрғыны болу керек. Кем дегенде бір жыл осы өңірде тұрған болуы шарт. Содан кейін бағдарламаға қатысуына болады. 

– Көшіп баратын адамдардан қандай құжат талап етіледі? Диплом болуы міндетті ме?

– Басты міндетті құжат – адамның жеке басын куәландыратын құжат. Егер отбасылы болса, балаларының туу туралы куәлігі қажет. Еңбек жасындағы азаматтардың білім алғаны жайлы құжаттары керек. Ол диплом немесе куәлік болу мүмкін. Енді дипломы жоқ адамдардың, тым болмаса, көлік жүргізетін куәлігі болуы міндетті. Қандай да бір білімін куәландыратын құжаты болғаны дұрыс. Егер дипломы жоқ, бірақ көлік жүргізетін куәлігі болса, біз ол адамды көлік жүргізуші ретінде жұмысқа орналастырамыз. Содан кейін ұнап жатса, ары қарай жұмысын істей береді. Енді ұнамаса, уақытымен басқа жұмысқа алмасуына болады. Бізге тұрғындар «тарапынан солтүстікке барып, біраз уақыт тұрып, содан кейін қайтып кетуге бола ма» деген сауалдар да көп түсіп жатады. Болмайды. Әлеуметтік көмекті алу үшін толықтай көшіп бару керек. Жұмыспен қамту орталықтарымен әлеуметтік келісімшарт жасалады. Өңірлік квотаға кіргеннен кейін кемі 5 жыл Павлодар өңірінің аумағында тұруға міндетті. 

– Ипотекасы немесе несиесі бар адамдардың Солтүстікке көшуіне мүмкіндік бар ма?

– Ипотекасы бар адамдардың көшуіне әрине болады. Бастысы ай сайынғы ақшасын қай жерде жүрсе де төлеп тұрса болғаны. Дегенмен біздің тәжірибемізде мынадай жағдай кездесті. Айта кетейін. Егер несиеңіз төленбей қалып, оттарыңыздың бәрі жабық болса, онда қиындық туындайды. «Әлеуметтік көмек көрсетейік» десек, аударған ақшаны несиесіне ұстап қалу қаупі болған соң көмекті аударуға ешқандай мүмкіндік болмайды. Содан кейін біз коллекторлық компаниялармен келісіп, рұқсаттарын алып, адамдарға көмектесуге тырысамыз. Сондықтан келіңіздер, мемлекеттің жасап жатқан мүмкіндігін пайдалансаңыздар екен. 

– Сұхбатыңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы