Бас жаңалықтар
Шымкенттен шыққан 5 дүркін Олимпиада чемпионы. Оның құрметіне Канаданың атақты әншісінің есімі қойылған
PHOTO
30 Қазан 2020, 12:53 4298

Шымкенттен шыққан 5 дүркін Олимпиада чемпионы. Оның құрметіне Канаданың атақты әншісінің есімі қойылған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Олимпиада ойындарында жүлдені сыпырып алатын сайыстың бірі –  спорттық гимнастика. Өткен ғасырдың 70-жылдары осы спорт түрінің жұлдыздарының қатарында Нелли Ким де болды.

Шымкенттегі жылдар

Нелли Тәжікстанның солтүстіктігіндегі Шураб қаласында дүниеге келген. Әкесі Владимир Ким – Сахалинде туған кәріс ұлтының өкілі, анасы татар қызы. Кимнің отбасы Нелли туғаннан кейін Шымкентке қоныс аударады. Ата-анасы әлі күнге осында тұрады.

Бала Нелли 10 жасынан Шымкент қаласындағы БЖСМ мектебінде гимнастикамен айналысқан. Онда отбасылық жұп Владимир Байдин мен Галина Барковадан тәлім алады. 


Владимир Байдин – есімі бас әріптермен жазылатын ұстаз. Әрі –педагог, психолог. Өзі бұрын ауыр атлетикамен айналысқан. Гимнастиканың техникасын түсінбей-ақ түйсүгіне сүйеніп, таланттарды қалай ашу керектігін білетін. Талантты адамға кедергі келтірмеу керек. Ол спортқа да, басқасына да жол табады. Байдин маған көп көмектесті. Ол менің екінші әкемдей болып кеткен адам. Жұбайы Галина Баркова екеуі менің өмірімнен орын алған. Біз бірге жұмыс істедік, марапатты да бірге алдық. Оның ішінде қаржылай сый-сияпат та бар. Жарыстардан тапқан қаржылай сыйақының бір бөлігі Байдинге берілетінін білетінмін. Бұл өте дұрыс. Одан кейін мені Минскіде Николай Милигуло жаттықтырды. Онымен бірге 1979 жылы әлем чемпионатында көпсайыста жеңіске жеттім.Сол жолы алтын медальды Милигулоға бергенмін, – дейді спортшы.

Монреальдағы тарихи жетістік

1969 жылы Шымкентте өткен Спартакиаданы жеңіп, кейіннен Одақ көлемінде аты шыға бастайды. Неллидің есімі 70 жылдары Ольга Корбут, Людмила Турищева және Надя Команечилермен бірге Одақта дүрілдеп тұрды. Оның жұлдызы шағы 1975 жылы еркін жаттығуда Еуропа чемпионатын ұтқаннан кейін жанды. Келесі жылы 
 Монреальдағы Олимпиада ойындарының екі алтынын еншіледі. Ең бастысы, төрешілерден 10 ұпай еншілеген алғашқы гимнаст атанды.


Монреальдағы Олимпиада ойындары драмаға толы болды. Біз сол кезде «цукахара» (жапониялық гимнаст Мицуо Цукахараның орындаған жаттығу) деп аталатын қиын жаттығуды орындадық. Біз жаттығуымызға винт қостық. Ол кезде ешкім орындамаған.  Румын қызы Надя Комэнечи Олимпиада ойындарында Неллидің алдында секірді. Ол да «цукахара» сальтосын секірді. Тек винт болмады.  Бәрін сауатты орындап, екі аяғымен тұра қалды. Кезек Неллиге келді. Қандай шиеленіс болғанын елестетіп көріңіз!  Өйткені онык винтпен секіруі әлдеқайда күрделі және бітіргеннен кейін аяқта тұру өте қиын болатын. Комэнечи өз жаттығуы үшін жоғары 9,95 ұпай жинаған. Сондықтан менің шәкіртім оны озады деген үмітім болмап еді. Бірақ Нелли жаттығуды керемет орындап, құламай аяғына нық тұрады. Залға жиналған көрермен тік тұрып құрмет көрсетеді. Ал төрешілер абдырап қалды. Сосын 10 ұпай берді. Бұл ең жоғарғы ұпай. Алтын медаль Неллиге бұйырды, – деп еске алды бапкері Галина Баркова.

Канадалық әншінің есімі Неллидің құрметіне қойылған

Сол тұста Португалиядан Канадаға қоныс аударған ерлі-зайыпты Мария және Антонио Фуртадо Неллидің Монреальдағы өнеріне қатты тамсаныпты. Сөйтіп, қызына спортшының есімін беруді жөн деп санайды. Арада екі жыл өткеннен кейін Нелли Ким Фуртадо дүниеге келді. Ол кейін әлемге танымал әншіге айналды. 


Бұл Олимпиада ойындарында Нелли Ким үш алтын жеңіп алғаннан бөлек, алғашқы жолдасы, беларусь азаматы Владимир Ачасовпен танысады. Арада бір жыл өткенде екеуі отбасы құрып, Минскіге көшіп кетті. Қош бол, Шымкент! 


Мәскеудегі мәре

1978 жылы ол командалық сында әлем чемпионы атанады. Келесі жылы әлемнің абсолютті чемпионы болды. Одан кейін Мәскеу Олимпиадасы да келді. Одақ тарихында алғаш және жалғыз рет өткен 4 жылдықтың басты додасында екі алтын жеңіп алды. Оның біреуі командалық сайыста, екіншісі еркін жаттығуда бұйырды. Мәскеу Олимпиадасынан кейін спорттық карьерасын аяқтады. Екінші рет тұрмысқа шықты. Сол жылы Олимпиада чемпионы атанған велошабондоз Валерия Мовчанмен отау құрды. Екеуінің ортақ бір қызы бар. Оның да есімі – Нелли. Бірақ бұл неке де ұзаққа бармады. 


АҚШ-қа қоныс аударуы

Осыдан соң, Ким Миннеаполисқа (АҚШ-тың Миннесота штаты) қоныс аударады. Спорттық карьерасын аяқтағаннан кейін спорттық гимнастикадан Оңтүстік Корея, Италия, Беларусь құрамаларын жаттықтырды. Халықаралық арбитр ретінде Олимпиада, әлем және Еуропа чемпионаттарында төрелік етті. 


2004 жылы халықаралық гимнастика федерациясының техникалық комитеттінің президенті болды. 2016 жылы FIG (халықаралық спорттық гимнастика федерациясы оны вице-президент қызметіне дейін көтереді. Сонымен қатар,  гимнастиканың елшілері комиссиясының президенті етіп тағайындады.  Қазір ол шеберлік-сағаттар өткізеді, әртүрлі елдерге барады. Баспасөзбен байланыс жасайды, демеушілерді тартады.


Алғашқы шетелге сапары

Ең алғаш халықаралық жарысқа 14 жасымда бардым. Болгарияның Варна қаласында өткен «Алтын құм» жарысына қатыстық. Сол жерде алғаш рет Команечидың бапкерін көргенмін. Мүмкін Надя өзі де қатысқан шығар, есімде жоқ екен. Мен үшін сәтсіз жарыс болды. Осында алғаш рет йогурт пен жемістердің дәмін таттым. Бананды да бірінші рет осында жедім. Маған ұнағаны соншалықты, екі күнде әжептәуір салмақ жинап алыппын. Бала күнімде әкем: «жақсы оқысаң Алматыға апарамын дейтін. Содан кейін Мәскеуге, реті келсе басқаларын да көресің» деп отырушы еді. Ол кезде Мәскеуді көрудің өзі арман болатын. Ал бірден Болгарияға баруым – күтпеген қуаныш болды, – дейді Ким.

Түйін

Ол Тәжікстанда дүниеге келді. Қазақстанда өсті, оқыды.Беларусь елінде тұрмысқа шықты. Ал қазір АҚШ-та тұрады. Осы мемлекеттердің арасында Қазақстан жақын екенін айтады. 

Бұл туралы ойланып көргенмін. Өзімді жер планетасының азаматы сезінемін. Өзіме осы елдердің арасында Қазақстан жақын. Шымкентте әке-шешем тұрады. Сосын жергілікті халықтың мені танып, жетістіктеріммен мақтанатынын білемін, – дейді Нелли.

Оның есімі еркін және қол тіреп жасалатын жаттығуларында 10 ұпай­ды жинауымен жер жа­­һандағы тұңғыш гимнаст ретінде спорттық шежіреге алтын әріптермен жазылған.


Фото: дереккөз
Загрузка...