Бас жаңалықтар
Шымкенттіктер қоғамдық көлікте жолақыны "Tolem" арқылы төлейді
29 Қыркүйек 2020, 07:39 164

Шымкенттіктер қоғамдық көлікте жолақыны "Tolem" арқылы төлейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкентте қазан айының 15-нен бастап барлық қоғамдық көліктер электрондық төлемақымен жұмыс істейтін болады.

24.kz сайтының мәліметіне қарағанда, қазір автобустарға арнайы валидаторлар орнатылуда. Қазанның 1-нен бастап дүкендерде жолаушыларға арналған карталар 500 теңгеден сатылымға шығады.  

Ал 14 мыңнан астам көлікте жүру картасы соғысы ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, батыр аналарға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тегін таратылатын болады. Сондай-ақ мектеп оқушылары мен студенттерге де жеңілдіктер қарастырылған. 

Қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлеу үшін карталардың 4 түрі қолданылады. Стандартты картаны барлық адам пайдалана алады. Ал мектеп оқушылары мен студенттерге жеңілдетілген электронды билет ұсынылады. Әлеуметтік статусы бар батыр аналар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлі мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға автобуста жүру тегін. 

Жолаушылар көлік картасымен қатар жол ақыны смартфонды қолдана отырып SMS, QR-код арқылы да төлей алады. Ал қолма-қол ақшамен төлеу кезінде тариф қымбаттайды. 

1 қарашаға дейін біздің жолаушылар картамен және қолма-қол ақшамен де төлеуге мүмкіндігі болады. Ал 1 қарашадан бастап біздің қаламызда әртараптандырылған тариф енгізіледі. Ол кезде 1 қарашадан бастап картамен төлесеңіз, баяғыша құны 70 теңге, қолма-қол төлесеңіз 100 теңге төлейсіз - дейді қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов.

«Тolem» атты электрондық жүйені шаһарға «QazSmartTrans» серіктестігі енгізуде. Бұл жобаға инвестор 1,2 млрд теңге көлемінде қаражат жұмсапты. Бүгінгі таңда жүйені енгізу үшін көлік компанияларымен келісім шарт жасалыпты. Қазір автобустарға валидаторларды орнату жұмыстары жүргізілуде. 15 қазаннан бастап автобустардың барлығы электронды билет арқылы қатынайтын болады. 

«Тolem» системасын «Open Shymkent» деген мобильдік қосымшасы арқылы банк картасын тіркейсіздер де, төлеуге болады. QR-кодпен де төлеу мүмкіншілігі болады. Барлығы оңай. QR-кодтың астында автобустың реттік саны болады. Реттік санын сол нөмірге «Белайн», «Кселл», «Актив» нөмірлеріне 2222 санын жіберсеңіздер, солай да төлем өтеді - дейді «Qazsmarttrans» ЖШС директоры Сержан Ақылбаев.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатындағы бұл жобаның мүмкіндіктері көп дейді сала мамандары. Әуелі халық үшін қоғамдық көліктің қызметі жақсарады. Қаланың қай жерінде жолаушылар ағынының көп екендігін білуге болады. Соған сай маршруттық желіні оңтайлауға септігі мол.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...