СІМ Қазақстанның өлім жазасынан бас тартуына байланысты түсініктеме берді

24 Қыркүйек 2020, 20:25
1157
Бөлісу:
СІМ Қазақстанның өлім жазасынан бас тартуына байланысты түсініктеме берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі Қазақстанның өлім жазасын жоюға бағытталған халықаралық пактіге қосылуына қатысты түсініктеме берді.

23 қыркүйекте БАҚ-та Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Қайрат Омаровтың БҰҰ штаб-пәтерінде өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына қол қоюына қатысты түрлі түсініспеушіліктердің пайда болуына байланысты СІМ баспасөз қызметі келесі түсініктеме беру қажет деп санайды:

«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1) және 2) тармақтарына сәйкес өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Факультативтік екінші хаттаманы ҚР Парламенті міндетті түрде ратификациялауы тиіс, өйткені ол адамның және азаматтың құқықтары және бостандықтарымен байланысты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгеннен өзге ережелерді белгілейді.

Осылайша, аталған халықаралық шарт ҚР Парламентімен ратификациядан өткеннен кейін ғана күшіне енеді.

Ратификациялау кезінде екінші Факультативтік хаттаманың 2-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекет әскери сипаттағы неғұрлым ауыр қылмыстар жасаудағы кінәсін мойындағаннан кейін соғыс уақытында өлім жазасын қолдануды көздейтін жалғыз ескертпе жасай алады.

ҚР Конституциясының 15-бабының 2-тармағына сәйкес «өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді». Тиісінше Хаттаманың күшіне енуі үшін елдің негізгі Заңына тиісті түзетулер, сондай-ақ ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізу қажет.

Өзгелердің жаңалығы