СІМ басшысы БҰҰ алаңында жаһандық қауіпсіздік мәселесі туралы айтты

1 Қазан 2020, 21:00
1178
Бөлісу:
СІМ басшысы БҰҰ алаңында жаһандық қауіпсіздік мәселесі туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Horasis» тәуелсіз талдау орталығының жоғары деңгейдегі бейнеконференциясына қатысты, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі. 

БҰҰ 75 жылдығына арналған іс-шарада Армения Президенті Армен Саркисян және БҰҰ Бас хатшысының БҰҰ 75 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі Арнайы кеңесшісі Фабрицио Хохшильд сөз сөйледі.

Талқылаудың негізгі тақырыбы коронавирус пандемиясын және басқа да жаһандық сын-қатерлерді жеңу жолындағы халықаралық қоғамдастықтың көпжақты күш-жігерінің рөлі болды. Қатысушылар БҰҰ осы процесті үйлестіруде жетекші рөл атқаруы керек деген пікірге келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ 75-ші сессияның жалпы саяси пікірталастарында атап өткендей, ұйым пандемия салдарын еңсеру, экономикалық қалпына келтіруді жеделдету және жаһандық басқаруды жақсарту бойынша халықаралық күш-жігерді үйлестіруі тиіс.

Форум «Horasis Visions» қауымдастығының жоғары лауазымды мүшелерін біріктірді және 20-дан астам пленарлық отырыс пен панельдік пікірталастарды қамтиды. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш іс-шарада сөз сөйледі.

«Horasis» орталығы 2005 жылы ынтымақтастық пен білім алмасу үшін, әсіресе, дамыған елдер мен дамушы нарықтар арасында жаңа платформалар құру арқылы «орнықты болашақ мақсаттарын жүзеге асыру» мақсатында құрылды.

Өзгелердің жаңалығы