Бас жаңалықтар
СІМ басшысы Еуропалық инвестициялық банкпен ынтымақтастық мәселелерін талқылады
06 Мамыр 2021, 21:31 397

СІМ басшысы Еуропалық инвестициялық банкпен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бейнеконференция форматында премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Еуропалық инвестициялық банктің (ЕИБ) Вице-президенті Тереза Червинскаямен келіссөздер жүргізді.

Тараптар дағдарыстан кейінгі кезеңдегі, оның ішінде Еуропалық инвестициялық банк пен Еуропалық қайта құру және даму банкі желісі бойынша Қазақстан мен Халықаралық даму институттары арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Тараптар қазақстандық шағын және орта бизнес кәсіпорындарына кредит беру мәселелеріне, ауыл шаруашылығы мен өңірлерді дамытуға, цифрлық технологияларға, көлік және «жасыл» жобаларға, сондай-ақ Қазақстанның ұлттық экономиканы декарбонизациялау және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі жоспарларына ерекше назар аударды.

Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім және ЕО-ның Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясы Қазақстан мен ЕО институттары арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық үшін мүмкіндіктерді кеңейтуде.

Мұхтар Тілеуберді серіктестерді Қазақстан экономикасының ағымдағы дамуының негізгі бағыттары, іске асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі шаралар туралы хабардар етті.

ЕИБ өкілі Қазақстанның COVID-19 індетіне қарсы іс-қимыл жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалады және Қазақстан үкіметімен және квазимемлекеттік сектормен орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бойынша сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға үміт білдірді.

Еуропалық инвестициялық банк Еуропалық одақтың несие мекемесі. Бұдан басқа, ЕИБ пен ЕО Еуропалық Қайта Құру және даму банкінің Басқарушылар кеңесіне кіреді. 2010 жылы Қазақстан мен ЕИБ ҚР аумағындағы банктің қызметін реттейтін негіздемелік келісімге қол қойды. Алғашқы қарызға қол қойылған сәттен бастап Еуропалық инвестициялық банк Орталық Азия елдеріне жалпы алғанда шамамен 1 млрд еуро, оның ішінде Қазақстан экономикасының қажеттіліктеріне шамамен 400 млн еуро салды.


Фото: дереккөз
Загрузка...