Бас жаңалықтар
Коронавирусты емдеуге шамамыз жетеді – дәрігер
05 Ақпан 2020, 18:34 766

Коронавирусты емдеуге шамамыз жетеді – дәрігер

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирус анықталып жатса оны емдей аламыз және оған даярмыз. Оған қарсы тұратын препараттар біздің қорда бар. Бұл туралы Алматы қаласы қоғамдық денсаулық Басқарма басшысы Тілеухан Әбілдаев бүгінгі брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, жұқпалы аурулардың басқа да саласына пайдаланып жүрген вирусқа қарсы дәрі-дәрмектердің коронавирусқа тиімділігі дәлелденген. Ондай дәрілер біздің инфекциялық стационарымызда жеткілікті көрінеді. 

Сондай-ақ ол, Қытайдан келген азаматтар жекелей тексерістен өтіп, әрдайым бақылауда болатынын жеткізді. 

Қазіргі уақытта вирус тараған қауіпті аймақтан Алматыға келгендер саны 6320 адамды құрады. Олардың 6234-і қаралған, оның 99-ы шетелдік азаматтар. Қаладағы поликлиникаларда фильтр кабинеттері жасақталған. Сондай-ақ ыстығы көтерілгендер, ЖРВИ және тұмау белгісімен келгендерді қарайтын арнайы орындар құрылды,-дейді бас дәрігер.  

Сонымен қатар, ол бұл ауруға қарсы тұру үшін мемлекеттік бюджеттен тағы 30 млн теңге бөлінгенін және қосымша бетперделер сатып алынып жатқанын жеткізді. Қаладағы медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмек жеткілікті деңгейде көрінеді.  

Алматыда коронавирус жұқтырғандар анықталған жоқ. Қауіпті аймақтан келген 25 адам ЖРВИ мен тұмау белгісімен ауруханаға жатқызылған. Олардың 11-і қазір емделіп шықты. Қалған 14 адамның жағдайы қалыпты, жазылып келе жатыр, - дейді Тілеухан Әбілдаев.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...