СҚО-да «гастролер» ұры ұсталды

16 Маусым 2021, 04:38
2225
Бөлісу:
СҚО-да «гастролер» ұры ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер ел кезіп, ұрлық жасап жүрген ер адамды ұстады. Оның көлігінен қолды қылған ақша табылды.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда полицейлер жолда, өңір-өңірді аралап, ұрлық жасап жүрген қарақшыны ұстады. 37 жастағы қазақстандық Петропавлда да арам ойын жүзеге асырып, көлігімен басқа қалаға бет алған екен. 

Күдікті өткен аптада Петропавлдағы бутиктердің бірінің иесінен 600 мың теңгеден аса ақшасы бар әмиянын ұрлап кеткен. Жәбірленуші бірден полицияға арызданып, қалалық Полиция басқармасының жедел қызметкерлері қаскөйдің ізіне түсті. Ұрыны анықтауға сауда үйіндегі бейнебақылау камералары да көмектескен. 

Бағдар барлық бекеттерге жіберіліп, патрульдік полиция батальоны мен аумақтық бөлістердің қызметкерлеріне тапсырма берілді. Күдікті СҚО аумағынан шыға алмады. Полицейлер оны кешке қарай «ізін суытпай» Новоишимское ауылынан шығар жерде ұстады. 

Ұсталған адамның машинасынан ұрланған ақша табылды. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, – дейді Петропавл қаласы Полиция басқармасы анықтау бөлімінің бастығы Махаббат Абжанова.

Өзгелердің жаңалығы