Солтүстік Қазақстанда су тасқыны басталды

3 Сәуір 2020, 17:27
3679
Бөлісу:
Солтүстік Қазақстанда су тасқыны басталды

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылжар өңірінде көктемгі су тасқыны басталды. Бір тәулікте Сергеев су қоймасының деңгейі 27 сантиметрге көтерілген.

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің мәліметінше, әсіресе Ғабит Мүсірепов, Айыртау аудандарында қауіп күшті. Соңғы тәулікте жергілікті Мұқар өзенінің деңгейі 1,5 метрге көтерілген.

Биыл көктем жайлы мінез танытып тұр. Өңірдегі ылғыл қоры булану мен топыраққа сіңудің есебінен 30 пайызға азайды. Біраз ауылдарды су басу қаупі жойылды. Дегенмен, өңір аумағының 80 пайызында әлі қар жатыр, - дейді СҚО ТЖД басқармасы бастығының орынбасары Серік Наурызбаев.

10 жолдың аумағын су шайған. Соның кесірінен қозғалыс шектеліп отыр. Мамандардың болжамынша, Сергеев қоймасынан тасыған су екі апта ішінде Петропавлға жетеді.

Биыл ақпан айынан күн жылынып, қар ерте ери бастады. Күзде қар дер кезінде түсіп, топырақтың беткі қабаты ғана қатып қалды. Осы екі фактордың оң әсерінен ылғалдың бір бөлігі буланып, тағы бір бөлігі жерге сіңіп кетті. Сондықтан бүгінгі күні көп елді мекенге төніп тұрған табиғи апат қаупі азайды. Дегенмен босаңсуға болмайды. Су деңгейін күніне бірнеше рет өлшеп, жағдайды бақылап отырмыз, - дейді "Қазгидромет" облыстық филиалының жетекшісі Қымбат Мерғалимова.

Облыс орталығында су тасқынына дайындық шаралары жүргізіліп, тұрғындарды эвакуациялауға арналған бірнеше пункт ашылды.

Өзгелердің жаңалығы