Солтүстік Қазақстан облысында жазғы мектеп жұмыс істейтін болды

18 Мамыр 2021, 20:49
2668
Бөлісу:
Солтүстік Қазақстан облысында жазғы мектеп жұмыс істейтін болды

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі күні 18 мыңға жуық ата-анадан өтініш түскен. Бұл мектептер 26 мамыр мен 19 маусым   аралығында жұмыс істейді. Оған 5,6,7,8 және 10 сынып оқушылары барады.

Сіздер білесіздер, бұл оқу жылы бәріміз үшін «аумалы-төкпелі» болды. Оқыту форматы өзгерді, сыныптар немесе тіпті мектептер қашықтан оқыту форматына қайта көшкен жағдайлар болды. Бұл білім сапасына әсер еткенін түсінеміз, кейбір тақырыптарды балалар толық меңгермеген. Сондықтан, білім олқылықтарын толтыру үшін ұйымдастырылған жазғы мектептерде сабақтар негізгі пәндер бойынша яғни, тілдер, математика, жаратылыстану ғылымдары бойынша жүргізіледі, - деді Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова.

Бұл мектептердің басты міндеті -  оқушыларға қиын тақырыптарды түсіндіру. Оған бару-бармауы оқушылардың өз еркінде.  

Сабақтар санитарлық қауіпсіздік нормаларын сақтай отырып, сынып жетекшісінің бақылауымен офлайн режимде өтеді. Киім формасы-еркін. Бүгінгі күні ата-аналардан өтініштер әлі түсіп жатыр. Мұғалімдердің демалыс ұзақтығында өзгерістер болмайды. Мұғалімдер, бұрынғыдай, жазда 56 күн демалады, мұғалімнің құқығы бұзылмайды, - деді Гүлмира Кәрімова.

Биыл Солтүстік Қазақстанда 3409 бала 11 сыныптық мектепті бітірмек. Олардың ішінде 153 бала «Алтын белгіге», 112-сі «Үздік аттестатқа» үміткер.

ҰБТ-ға қатысуға 2456 түлек өтініш берді. Бұл 72% құрап отыр. Бүгінгі күні бірінші рет өтетін сынаққа 1150 түлек қатысты. Облыс бойынша ең жоғарғы балл-128.  Келесі тестілеу 21 мамырда өтеді, оған облысымыздың 213 түлегі қатысады, соның ішінде 132-сі қалада. Облыста тестілеу 3 пунктте өткізіледі: бір пункт облыс орталығында және 2 аудан орталығында орналасқан Ғ.Мүсірепов атындағы ауданындағы Новоишимка ауылы мен Тайынша қаласында, - деді облыстық білім басқармасының басшысы.

Биыл өңір үшін сұранысқа ие мамандарды оқыту үшін 50 білім грантына облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Жалпы медицинаға 20, Ветеринраия бойынша 15 және «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы», «Агрономия», «Білім беру» мамандықтарына 5 грант.


 

 

      


Өзгелердің жаңалығы