Бас жаңалықтар
СҚО-да салынған жолдың сапасына қатысты дау туындады
07 Тамыз 2020, 01:25 312

СҚО-да салынған жолдың сапасына қатысты дау туындады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов ауданында былтыр ғана төселген асфальт езіліп, сол үшін бөлінген 700 миллион теңге желге ұшқан. Нақты айтқанда, сол ауданға қарасты Чистополье мен Еленовка ауылдарын қосатын жол Кеңес заманынан бері жөндеу көрмей келіпті.

Өткен жылы ескі жолдың 21 шақырымы жаңғыртылды дегенмен, бірнеше айдан кейін тақтайдай тегіс асфальттың тас-талқаны шығып отыр.

Жол өткен жылдың шілде айында ғана жөнделген. Келісім-шартқа сәйкес, асфальттың қалыңдығы 5 сантиметр болуы тиіс. Бұған 719 миллион теңге бөлінді. Бірақ, асфальт көп жерде езіліп, тесіліп қалды. Мердігер компания бұл кемшіліктерді жоюдан бас тартып отыр, - дейді облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бастығының орынбасары Мақсат Баяхмет.

Жұрт жолдың сапасыз төселіп жатқанын құрылыс барысында байқаған. Бұған жергілікті мәслихат депутаттары да араласпақ болғанмен, мердігер компанияға олардың өзінің тістері батпапты.

Жол төселе салысымен бізге халықтан шағымдар түсе бастады. Мен өткен жылдың қыркүйек айынан бастап осы уақытқа дейін үш депутаттық сауал жібердім. Бірақ, бұдан нәтиже шықпады. Мердігерлер жыртықты жамауға құлықсыз, - дейді Ғабит Мүсірепов ауданы мәслихатының хатшысы Ерлан Әділбек.

Бұл ретте мердігер кәсіпорынның басшысы "жолдың барлық талаптарға сай төселгенін" айтып ақталуда. Тіпті, ол асфальттың опырылып қалуына ауыр жүк көліктерін кінәлап отыр.

Біз тиісті талаптарды мүлтіксіз орындадық. Асфальттың сапалы төселгенін тәуелсіз экспертиза да растады. Жолды жүк көліктері езіп тастады. Онда бидай тасып жүрген қытайлық көліктердің жалпы салмағы 100 тоннадан асады. Менің бұған дәлелім бар. Бұндай салмаққа қай жол шыдайды? Осыған байланысты мен қайта жөндеуден бас тарттым. Енді тапсырыс берушімен тек сотта ғана кездесеміз, - дейді мердігер компанияның директоры Валерик Аргарян.

Сонымен, қос тарап өз мүддесін қорғауға тырысқан алғашқы сот отырысы қыркүйек айына жоспарланып отыр. Қазір бұл іске сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі де кіріскен.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...